Мазмұны:
2025 жылғы 5-6 маусымда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкардың шақыруымен Нью-Делиге ресми сапармен барды және де «Орталық Азия – Үндістан» диалогы сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуіне қатысты.
Орталық Азия елдері мен Үндістан сыртқы істер министрлері өңірлік қауіпсіздік, сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялар, технологиялық серіктестік және көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Кездесудің қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» диалогына қатысушы елдердің сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Сонымен қатар Нью-Делиге сапар барысында М.Нұртілеу Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің қабылдауында болып, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкармен және үнді бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өткізді.
Кездесулерде үнді тарапы елімізбен институционалдық өзара іс-қимыл механизмдерін жетілдіруге, транзиттік маршруттарды, жасыл энергетиканы, цифрландыру мен қаржы технологияларын дамытуға мүдделілік білдірді. Негізгі жобалар арасында Алматы облысында фармацевтикалық зауыт салу (шамамен 60 млн АҚШ доллары) және Ақтау халықаралық теңіз портын жаңғырту мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ саяси диалогты кеңейтуге, экономикалық байланыстарды нығайтуға және «Орталық Азия – Үндістан» диалогы аясындағы ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударылды.
«Орталық Азия – Үндістан» диалогының сыртқы істер министрлерінің 1-ші кездесуі 2019 жылғы 13 қаңтарда Өзбекстанның Самарқанд қаласында, 2-ші кездесуі онлайн форматта 2020 жылғы 28 қазанда, ал 3-ші кездесуі 2021 жылғы 19 желтоқсанда Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен.
2025 жылғы 7 маусымда Иран тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды.
Сапар аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Иран Президенті Масуд Пезешкианнің қабылдауында болып, Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен және Жоғарғы басшының халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Велаятимен келіссөздер өткізді.
Тараптар 2024 жылы екіжақты тауар айналымының 50%-ға артып, 340 млн АҚШ долларына жеткенін, ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіштің 82%-ға өсіп, 129 млн АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Сауда көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға өзара қызығушылық танытылды. Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ Каспий теңізі мен Каспийдегі порттардың транзиттік әлеуетін пайдалану мәселелері талқыланды. Шекара маңындағы өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және өңірлік қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша халықаралық ұйымдар шеңберінде үйлестіруді арттыруға ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран сыртқы істер министрліктері арасында Ынтымақтастық бағдарламасы мен Дипломатиялық мұрағат саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар министр М.Нұртілеу ирандық «Kaveh» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасымен кездесу өткізіп, өнеркәсіп және логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады.
2025 жылғы 8-11 маусым аралығында Еуропалық одақ кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азиямен байланыс жөніндегі жұмыс тобының делегациясы Ақтау және Астана қалаларына сапармен келеді.
Сапар аясында Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен кездесу, Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне, Қазақстан-Германия тұрақты инженерлік ғылымдар институтына және «Ақтау халықаралық сауда порты» акционерлік қоғамына бару жоспарлануда.
Кейін делегация Астанаға келіп, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік органдардың өкілдері қатысатын жалпы кездесу өткізіледі.
Еуропалық серіктестермен Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланады. Негізгі назар өңірлік қауіпсіздік, орнықты даму, энергетика, көлік және транзит, қоршаған ортаны қорғау, су дипломатиясы, адам құқықтары және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелеріне аударылады.
Бүгін Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунски Астана қаласына жұмыс сапарымен келеді.
Сапар аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшылығымен кездесулер өткізу жоспарлануда.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының сыртқы саяси ведомстволары арасында 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қою көзделуде.
Сонымен қатар сапар аясында жоғары қонақ футболдан Қазақстан мен Солтүстік Македония ұлттық құрамалары арасындағы әлем чемпионатының іріктеу ойнына барады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мьянма Одағы Республикасының Президентінің міндетін атқарушы, Премьер-министр, Мемлекеттік әкімшілік кеңесінің басшысы, аға генерал Мин Аун Хлайн арасында 2025 жылғы 8 мамырда Мәскеу қаласында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес 2025 жылғы 9-13 маусым аралығында Мьянма делегациясының Астана қаласына сапары өтеді.
Делегацияны Мьянма Сауда министрлігінің бас директоры Тхин Лин және Мьянма Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының қаржы директоры Хла У бастап келеді.
Мьянма өкілдері Қазақстанның бірқатар министрліктері мен ведомстволарындағы, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы сауда палатасындағы әріптестерімен кездесулер өткізеді, сондай-ақ отандық білім беру мекемелеріне барады.
Екіжақты келіссөздер барысында сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, өнеркәсіп, геология, металлургия, білім беру және өзара мүдде тудыратын басқа да перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланады.
2025 жылғы 10 маусымда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Іс басындағы төрағасы, Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Элина Валтонен Қазақстан Республикасына ресми сапармен келеді.
Сапар аясында фин министрі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болады. Сонымен қатар Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен және Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесулер өткізу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Элина Валтонен Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесіне барып, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу өткізеді.
2025 жылғы 10 маусымда бейнеконференция форматында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы өтеді.
Комиссияның қазақ тарапының тең төрағасы – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ал армян тарапының тең төрағасы – Вице-Премьер-министр Мгер Григорян.
Отырыс барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіп, геология және жер қойнауын пайдалану, ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар, ғарыш қызметі салаларындағы өзекті мәселелер талқыланатын болады.
Сонымен қатар күн тәртібінде көлік, ауыл шаруашылығы, экология, денсаулық сақтау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар мәселелері қаралады.
2025 жылғы 10-11 маусымда Словакия Республикасының Премьер-министрі Роберт Фицо Қазақстан Республикасына ресми сапармен келеді.
Сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесулер, сондай-ақ Қазақстан-Словакия бизнес-форумына қатысу жоспарлануда.
Словакия Премьер-министріне 20-ға жуық компанияның өкілдерінен құралған іскерлік делегация ілесіп жүреді.
Келіссөздер барысында сауда, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, ақпараттық технологиялар, өндіріс және экономиканың басқа да өзара мүдделі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне баса назар аударылатын болады.
2025 жылғы 11-12 маусымда Астана қаласында «TURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбында Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) 14-ші пленарлық отырысы өтеді.
Іс-шараға ТүркПА-ға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия парламенттерінің спикерлері, сондай-ақ басқа да қатысушы елдердің делегациялары қатысады.
Пленарлық отырыс барысында өңірдегі стратегиялық серіктестікті нығайту, парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау көзделуде.
2025 жылғы 11-12 маусымда Астана қаласында Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясының (Комиссия) 20-шы отырысын өткізу жоспарлануда. Комиссияны тең төрағалар ретінде Қазақстан тарапынан Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Иран тарапынан Ауыл шаруашылығы жиһады министрі Нури Гезелдже басқарады.
Бұл үкіметаралық комиссия сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, мәдениет, туризм және спорт салаларында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға арналған негізгі диалог алаңы ретінде өз жұмысын атқарып келеді.
Отырыс шеңберінде Қазақстан мен Иранның іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум өткізіледі. Іс-шара екі елдің кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге, өзара тиімді жобаларды ілгерілетуге және экономикалық серіктестікті тереңдетуге бағытталған.
2025 жылғы 13 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялар өтеді.
Қазақстан тарапынан консультацияларға Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, ал Қырғызстан тарапынан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Асеин Исаев қатысады.
Консультациялар барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен одан әрі нығайту перспективалары қаралады, сондай-ақ биік және жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы талқыланады.
Сонымен қатар тараптар алдағы бірлескен іс-шаралар жоспарын қарастырады.