Қазақстан СІМ басшысы «Орталық Азия – Үндістан» диалогының министрлік кездесуіне қатысты

Қазақстан СІМ басшысы «Орталық Азия – Үндістан» диалогының министрлік кездесуіне қатысты

Нью-Дели, 2025 жылғы 6 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Үндістан» диалогының 4-ші министрлік кездесуіне қатысты.

Кездесу барысында Орталық Азия елдері мен Үндістан Республикасы арасындағы көлік және логистика, өңірлік ынтымақтастық, терроризмге қарсы күрес, сондай-ақ озық технологияларды дамыту сияқты салаларды қамтитын серіктестіктің басты бағыттары қаралды.

Өз сөзінде М.Нұртілеу «ОА-Үндістан» көпжақты форматын нығайтудың маңыздылығын атап, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін негізгі салаларда өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің қажеттілігіне назар аударды.

ҚР СІМ басшысы орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында көлік байланысының маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Азиядан Еуропаға жүк тасымалын қауіпсіз және тиімді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып жатыр. Министр үнді компанияларын осы бағыттың өткізу қабілетін кеңейту үшін ірі жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.

«Орталық Азия Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыра алатын маңызды логистикалық хабқа айналуда», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы бірлесіп әрекет етудің маңыздылығын атады. Өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу жолдары, трансұлттық қауіптердің алдын алу, сондай-ақ мәдени алмасуды нығайту мәселелері талқыланды.

Орталық Азия өңіріндегі бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды және «ОА-Үндістан» диалогының басым бағыттары айқындалды.

Қазақ тарапы осы форматтың институционалдық механизмдерін жетілдіруге, өңіраралық сауданы әртараптандыруға, транзиттік бағыттарды және жасыл энергетиканы дамытуға, сондай-ақ қаржылық технологиялар, цифрландыру және IT индустриясы сияқты перспективалы салаларда бірлескен жұмысты жандандыруға шақырды.

Форум қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» форматы аясындағы көпжақты өзара іс-қимылды тереңдетуге ортақ бейілділікті білдіретін сыртқы істер министрлерінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.