Нью-Дели, 2025 жылғы 5 маусым – Үндістан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесіне қатысты.
Өз сөзінде ол Үндістанның Оңтүстік Азиядағы негізгі стратегиялық серіктес ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты сауданың 2024 жылғы 1 млрд АҚШ долларынан алдағы уақытта 3 млрд долларға дейін өсу әлеуетінің бар екенін айтты. Сонымен қатар Үндістанның Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі 41%-ға артып, 525 млн доллардан асқанына назар аударды.
«Біз бұл көрсеткіштерді тек бастама деп санаймыз. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика және Шығыс пен Батысты байланыстыратын транзиттік торап ретінде Үндістанмен сауда, цифрлық трансформация, аса маңызды минералдар, энергетикалық қауіпсіздік және гуманитарлық байланыстар салаларында ынтымақтастықты нығайтуға дайын», – деді Министр.
Көлік және логистика саласындағы байланысты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. М.Нұртілеу «Солтүстік – Оңтүстік» және Орта дәліз бағыттары сияқты халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызын атап өтіп, үнді тарапын мультимодальды бағыттар, талшықты-оптикалық желілер және өңірлік энергетикалық желілерді қамтитын бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қазақстан сонымен қатар стратегиялық ресурстарды, соның ішінде энергетикалық ресурстарды, сирек кездесетін жер металдарын және агроөнеркәсіптік өнімдерді Үндістанның «Viksit Bharat» («Дамыған Үндістан») бастамасы аясында сенімді жеткізуші болуға дайын екенін мәлімдеді.
Тараптар цифрлық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді қарастырды: соңғы үш жылда Қазақстаннан цифрлық шешімдер экспорты 12 есеге жуық өсіп, 690 млн долларға жетті. Қазақстан СІМ басшысы IT, стартаптар, зерттеулер және білім алмасу салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.
Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласында Қазақстанның аграрлық әлеуетін Үндістанның өңдеу технологияларымен ұштастыру ұсынылды.
Болашағы зор бағыттар қатарында Үндістаннан келетін туристер ағынының артуы аталып өтті: 2024 жылы бұл көрсеткіш 150 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Мұндай өсімге 14 күндік визасыз режимнің енгізілуі және Алматы мен Нью-Дели арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы ықпал етті. Қазақстан өз тарапынан елдің негізгі қалаларында үнді асханасы бар қонақүйлер мен мейрамханалар ашуға жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.
Инвестиция тарту саласында ҚР Сыртқы істер министрі қолайлы ахуалдың бар екенін атап өтті: 2025 жылғы мамырдан бастап шетел азаматтарына 300 мың доллар көлемінде инвестиция салған жағдайда 10 жыл мерзімге берілетін инвестициялық визаның («алтын визаның») енгізілуі және Астана халықаралық қаржы орталығының Үндістандағы «GIFT City», Лондон және Дубай үлгісінде өңірлік қаржы хабы ретіндегі белсенді рөлі.
Қорытындылай келе, қазақ тарапы кеңестің келесі сессиясын Қазақстанда өткізуді ұсынып, өткен кездесулер нақты іскерлік нәтижелерге жол ашады деген сенім білдірді.
«Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесі көпжақты серіктестікті тереңдетуге және жаһандық экономикалық трансформация жағдайында жаңа өсу жолдарын құруға деген ортақ ұмтылысты растады.