Қазақстан мен Швеция телекоммуникация, тау-кен өндірісі және жасыл технологиялар салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Швеция телекоммуникация, тау-кен өндірісі және жасыл технологиялар салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады

Астана, 2025 жылғы 4 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев Швеция Сыртқы істер министрлігінің сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камилла Мелландермен және Швецияның жетекші компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесудің мақсаты – экономикалық байланыстарды нығайту және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту. Қазақ тарапы Швецияны Еуропадағы маңызды серіктес ретінде атап өтіп, басым салаларда бірлескен жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Қазақстанға қызығушылық танытқан компаниялардың қатарында – телекоммуникациялық жабдықтар саласындағы жаһандық көшбасшы «Ericsson», тау-кен өнеркәсібіне арналған техника өндіруші «Epiroc», пайдалы қазбаларды бұрғылау және өңдеу технологиялары бойынша маманданған «Sandvik Mining», дәнекерлеу шешімдеріне маманданған «ESAB AB», сондай-ақ өнеркәсіптік және технологиялық әлеуеті жоғары «Olofsfors», «IBG Aero» және басқа да компаниялар бар.

Қазақ тарапы швед инвесторларына орнықты макроэкономикалық жағдайды, мемлекеттік қолдау шараларын және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде институционалдық сүйемелдеуді ұсына алатынын атап өтті. Әсіресе, цифрландыру, жасыл индустрия, телекоммуникациялар, инфрақұрылым, тау-кен өндірісі, қайта өңдеу және орнықты шешімдер салаларындағы серіктестіктер ерекше қызығушылық тудырады.

Кездесу барысында Ә.Қуантыров Солтүстік Еуропа елдерімен ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығын атап өтіп, бірқатар маңызды салаларда бірлесіп жұмыс істеудің зор әлеуеті бар екенін айтты: «Қазақстан Еуропа елдерімен, соның ішінде Скандинавия мемлекеттерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге үлкен мән береді. Біз тәжірибе алмасуға, цифрландыру, орнықты даму, машина жасау және жаңа технологияларды енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Қазақстан мен Швеция арасындағы серіктестік прагматикалық ынтымақтастықтың үлгісіне айналады деп сенемін».

Талқылау барысында сондай-ақ технологиялық алмасу, кадрларды кәсіби даярлау және бірлескен ғылыми бастамалар мәселелері қозғалды. Бұл бағыттар жаңа буындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық үшін берік негіз бола алады.

Кездесу қорытындысында тараптар жұмыс деңгейінде диалогты жалғастыруға және нақты бағыттар бойынша ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтауға ниет білдірді.