Астана, 2025 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы мен Грек Республикасы сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың екінші раунды өтті. Қазақ делегациясын СІМ Еуропа департаментінің директоры Данияр Сейдәлиев, грек делегациясын СІМ А5 департаментінің директоры Димитриос Михалопулос басқарды.
Тараптар Астана мен Афина арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға өзара қызығушылықтарын растады.
Парламентаралық ынтымақтастық пен екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелері жеке аталды. Екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытудағы диаспоралардың оң рөлі аталып өтті.
Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Энергетика, көлік, логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы, ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруі сияқты перспективалы салалардағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Дипломаттар Еуропа одағы, БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша көзқарасымен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грекия арасындағы сындарлы серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған бірлескен күш-жігерді жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сапар барысында грек делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да жылы қарсы алып, қазақ тарапының екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша белсенді диалог жүргізуге дайындығын растады.