Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 2 маусым

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 2 маусым

Мазмұны:

  1. Астана халықаралық форумының қорытындылары туралы;
  2. Қазақстанның Франция мен Италиямен экономикалық ынтымақтастығын нығайту туралы;
  3. «Сиань – Алматы» бағыты бойынша туристік пойызы туралы;
  4. Қазақстанның агроөнеркәсіптік саласына инвестициялар тарту туралы;
  5. Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар туралы;
  6. «Орталық Азия – Қытай» сараптамалық форумының бесінші отырысы туралы;
  7. Қазақстан мен Италияның заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі бірлескен шаралары туралы;
  8. Буркина-Фасо Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапары туралы;
  9. Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастықты дамыту туралы;
  10. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы туралы;
  11. «Орталық Азия – Үндістан» диалогының сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуі туралы;
  12. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Иранға ресми сапары туралы.

 

  1. Астана халықаралық форумының қорытындылары туралы

2025 жылғы 29-30 мамырда Мемлекет басшысының бастамасымен 2023 жылы құрылған диалог алаңы – «Астана халықаралық форумы» өтті. Оның басты мақсаты – жаһандық сын-қатерлерге жауап беру жолдарын бірлесіп іздеу және жаңа серіктестік бағыттарын айқындау.

Форумға 160-тан астам халықаралық спикер мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген 7 мыңнан аса қатысушы қатысты. Олардың қатарында шетелдік үкімет өкілдері, бизнес көшбасшылар мен ғылыми-зияткерлік орта өкілдері болды.

Пленарлық сессияда Руанда Президенті Поль Кагаме, Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Бас директоры Цюй Дунъюй және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйледі. Форумның екінші күніндегі алғашқы сессияға Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумдағы баяндамасында Қазақстан қазіргі геосаяси турбуленттілікті конструктивті ынтымақтастық тұрғысынан қарастыратынын атап өтті. Сыртқы саясатымызда біз бөлінуден гөрі диалогқа, егемен құқықтарды құрметтеуге басымдық береміз. Қазақстан жаһандық өзгерістерге серіктес идеялар ұсынатын ел, консенсус шешімдерін ұсынушы және сенімді серіктес ретінде үлес қоса алады.

Форумға 39 елден келген 60 шетелдік БАҚ-тың 110 өкілі ақпараттық сүйемелдеу жүргізді. Олардың қатарында «CNN», «Euronews», «Al Jazeera», «Financial Times», «Nikkei Asia», «Bloomberg» және басқалары бар. CNN арнасында «What We Know with Max Foster» және «Tonight with Isa Soares» атты екі танымал бағдарлама тікелей эфирде көрсетілді.

Форум бағдарламасы үш негізгі тақырыпты қамтыды: сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, энергетика және климаттың өзгеруі, сондай-ақ экономика және қаржы.

Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша шетелдік делегаттардың қатысуы арқасында форумның ел экономикасына мультипликативтік әсері 2,6 млрд теңгеден асады.

Астана халықаралық форумы орта державалардың рөлін арттыру, көпжақтылық қағидаттарын нығайту және әлемдік сарапшылар, ғалымдар, инвесторлар мен саясаткерлерді біріктіретін маңызды алаң ретіндегі миссиясын тағы да дәлелдеді.

 

  1. Қазақстанның Франция мен Италиямен экономикалық ынтымақтастығын нығайту туралы

2025 жылғы 28 мамырда Астанада Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалығымен Қазақстан мен Франция, сондай-ақ Қазақстан мен Италия арасындағы бизнес-форумдар өтті. Бұл іс-шаралар екіжақты экономикалық серіктестікті тереңдетуге, бірлескен жобаларды ілгерілетуге және инвестициялар тартуға бағытталған маңызды платформа болды.

Қазақстан-Франция бизнес-форумына Францияның Сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары мәселелері жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен қатысты. Энергетика, агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы және тұрақты қалалық даму салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Форумға «Vinci», «Sanofi», «Schneider Electric», «EDF», «Veolia», «Limagrain», «Orano», «Danone», «Air Liquide», «Bonduelle» және басқа да ірі компаниялардың өкілдері бар 300-ге жуық делегат қатысты.

Форум аясында пленарлық және салалық төрт панельдік сессия өтті, коммерциялық келісімдерге қол қойылып, B2B және B2G кездесулер ұйымдастырылды.

Қазақстан-Италия бизнес-форумы да екі елдің үкімет, ұлттық компаниялар мен іскерлік топтар өкілдерін жинады. Италиядан «MAIRE», «ENI», «Tenaris», «Leonardo», «Danieli», «Bonifiche Ferraresi», «Confindustria» сынды ірі компаниялар мен бірлестіктер басшылары қатысты. Негізгі тақырыптар: өндірістік кооперация, логистиканы цифрландыру және экспорттық әлеуетті арттыру. Әсіресе жеткізу тізбектері мен табысты бизнес-тәжірибелерге арналған панельдік сессиялар ерекше қызығушылық тудырды.

Аталған форумдар Қазақстан, Франция және Италия арасындағы өзара тиімді, ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға деген ортақ мүддені көрсетті.

 

  1. «Сиань – Алматы» бағыты бойынша туристік пойызы іске қосылуы туралы

2025 жылғы 29 мамырда «Орталық Азия – ҚХР» екінші саммиті қарсаңында және Қазақстандағы Қытай туризм жылы аясында «Сиань – Алматы» бағытында алғашқы арнайы туристік пойыз сапарға аттанды. Пойыз 9 вагоннан тұрады.

Бұл пойыз Үрімші, Қорғас шекаралық өткелі және Алтынкөл станциясы арқылы өтіп, 31 мамырда Алматыға келіп жетті. Туристік топтың құрамына 246 адам кірді – бұл бизнес, ғылым, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы танымал тұлғалар.

Алматыда қонақтар үшін бес күндік мазмұнды бағдарлама дайындалды - қаланы аралау, мәдени және іскерлік іс-шараларға қатысу. Бұл жоба екі ел арасындағы туризм мен мәдени алмасуды дамытудағы маңызды қадам болды.

 

  1. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту туралы

2025 жылғы 29-30 мамыр күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде түрік «Tiryaki Agro» және португалиялық «Agrocephalus» компанияларымен кездесулер өтті.

Түрік инвесторымен құны шамамен 320 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі агроөнеркәсіп жобасын жүзеге асыру туралы келісімшартқа қол қойылды. Жоба Байқоңыр ауданында орналасып, астықты қайта өңдеудің толық циклін қамтитын Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын болады. Бұл жоба 500-ден астам жұмыс орнын ашуға және шикізаттық емес сектордың дамуына ықпал етеді.

Португалиялық компаниямен Ақмола облысында құны 142 миллион АҚШ долларын құрайтын ет өңдеу кешенін салу жобасы талқыланды. Бұл жоба да жаңа жұмыс орындарын ашып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

 

  1. Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар туралы

Бүгін Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Бакановтың қатысуымен Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтуде.

Бағдарлама аясында салтанатты жиналыс, «Байқоңыр – арман мен үміт қаласы» атты мәдени бағдарлама, сондай-ақ ашық аспан астындағы зымыран-ғарыш техникасы мұражайының ашылуы жоспарланған.

Бұл іс-шаралар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің 2024 жылғы қарашада ресейлік лидердің Қазақстанға жасаған ресми сапары нәтижесінде берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда.

 

  1. «Орталық Азия – Қытай» сараптамалық форумының бесінші отырысы туралы

2025 жылғы 3 маусымда Астана қаласында Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сараптамалық орталықтардың бесінші форумы өтеді.

Форумда Орталық Азия мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің басты бағыттары талқыланады. Атап айтқанда, өңірді экономикалық хаб ретінде дамыту, сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық экожүйелер саласындағы технологиялық өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылады.

 

  1. Қазақстан мен Италияның заңсыз көші-қонмен күрес жөніндегі бірлескен шаралары туралы

Қазіргі уақытта Қазақстан Сыртқы істер министрлігі миграция саласындағы серіктестікті, әсіресе еуропалық мемлекеттермен нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға ресми сапары аясында екі ел үкіметтері арасында реадмиссия туралы маңызды келісімге қол қойылды. Бұл құжат миграциялық заңнаманы бұзған тұлғаларды қайтару, қабылдау және беру тәртібін айқындайды.

Қазақстан тарапынан бұл келісімнің күшіне енуі миграция саласындағы тәртіпті нығайту үшін маңызды қадам деп саналады. Ол шетелдіктердің заңсыз болу мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді және заңсыз көші-қон мен трансұлттық қылмыстармен күреске үлес қосады.

 

  1. Буркина-Фасо Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапары туралы

2025 жылғы 3-5 маусым аралығында Буркина-Фасо Сыртқы істер, аймақтық ынтымақтастық және шетелдегі буркинийліктер істері жөніндегі министрі Карамоко Жан-Мари Траоренің Қазақстанға ресми сапары өтеді.

Келіссөздер барысында Африка құрлығымен байланыстарды кеңейту мақсатында екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылады.

Буркина-Фасо делегациясының Қазақстанның мүдделі министрліктері мен ведомстволарымен кездесулері жоспарланған.

 

  1. Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастықты дамыту туралы

Соңғы екі жылда біздің Африка құрлығы елдерімен ынтымақтастығымыз айтарлықтай белсенді дамып келе жатқанын көріп отырсыздар. Қоғамда осы байланыстар туралы сұрақтар туындауда, сондықтан Қазақстанның сыртқы саясатының осы бағытында атқарып жатқан жұмыс туралы қысқаша түсінік бергім келеді.

Сіздер «Астана халықаралық форумы» жұмысына Африка мемлекеттерінің өкілдерінің белсенді қатысқанын көрдіңіздер. Форумның ең маңызды қатысушылары арасында Руанда Президенті Поль Кагаме, Нигерияның Ифе патшасы, Конго Республикасы Президентінің арнайы өкілі Франсуаза Жоли, Буркина-Фасоның бұрынғы Премьер-министрі Лассина Зербо және Оңтүстік Африка, Марокко мен басқа да африкалық елдердің делегациялары бар.

Форум аясында алғаш рет «Қазақстан – Африка: Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты арнайы панельдік сессия ұйымдастырылып, Қазақстан мен Африка елдері арасындағы байланысты нығайтуға арналды.

Арнайы тоқталғым келетіні – Руанда Президенті Поль Кагаменің ресми сапары, ол форумға тұспа-тұс өтті. Сапар барысында мемлекет басшылары деңгейінде келіссөздер жүргізіліп, сауда, IT, қаржы және білім беру салаларын қамтитын бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Руандадан Қазақстанға бериллий рудасын жеткізу туралы келісімді ерекше атап өткім келеді, бұл руда атом және ғарыш өнеркәсібінде пайдаланылады.

Африка құрлығы сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып отыр. Африка елдерімен байланыстарды дамыту – Мемлекет басшысының көпвекторлы сыртқы саясат доктринасы аясында құрлық елдерімен ынтымақтастықты күшейту туралы тапсырмасын жүзеге асыру.

Соңғы екі жылда Того, Конго Республикасы және Гвинея-Бисау президенттері ресми сапармен Қазақстанға келді, сондай-ақ Сьерра-Леоне, Бенин және Руанданың сыртқы істер министрлері келіп кетті.

2025 жылдың ақпан айында ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Африка елдеріне алғашқы ресми сапарын жасап, Марокко Корольдігіне барып қайтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров жуырда Нигерияға барып, қазақ бизнес делегациясымен бірге сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде бірқатар келіссөздер жүргізді.

Жақында Буркина-Фасоның Сыртқы істер министрін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Әрбір осындай сапар экспортқа бағытталған кәсіпорындарға баруды және ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан қазақ бизнесмендерімен кездесуді қамтитын тығыз бағдарламамен өтеді.

IT және электрондық үкімет саласындағы өзара іс-қимыл әсіресе жемісті болды. Мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, смарт шешімдер және инфрақұрылымды дамыту бойынша тәжірибе алмасудамыз. Біздің жобаларымыз көптеген африкалық елдер үшін практикалық мәнге ие.

Ресми сапарлар жиі өзара бизнес байланыстардың қозғаушы күші болады, мысалы, осы жылдың басында Нигериямен болған жағдай сияқты.

Қазіргі уақытта Астанада Нигериядан король Ифе басқаратын іскерлік делегация жүр. Ол батыс Африканың ең ірі этностарының бірі — йоруба халқының дәстүрлі көшбасшысы. Өткен аптада король Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті, ал бүгін оның Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуі өтті.

Мұндай қарым-қатынастардың жандануы дипломатиялық өкілдіктеріміздің кеңеюімен тікелей байланысты екенін атап өткім келеді.

2012 жылы Африка құрлығында тек Мысырда ғана елшілігіміз болды. Қазіргі кезде олардың саны алтыға жетті: Мысыр (1993), Оңтүстік Африка Республикасы (2013), Эфиопия (2015), Марокко (2021), Алжир (2024) және Кения (2025).

Дипломатиялық миссияларды ашу нақты экономикалық нәтижелер берді: егер 2012 жылы Қазақстанның Африка елдерімен тауар айналымы шамамен 100 млн АҚШ долларын құраса, 2022 жылы ол алғаш рет 1 млрд доллардан асты, бұл қазақ-африкалық сауда тарихындағы рекорд (2024 жылы – 783 млн доллар).

Сонымен қатар, дипломатиялық миссиялары жоқ елдерде құрметті консулдар институтын белсенді дамытамыз. Бұл жергілікті бизнестің беделді өкілдері, олар қоғамдық негізде өз елдері мен Қазақстан арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтеді.

Бүгінде Қазақстан Африкаға күкірт, мұнай коксы, металл өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдері мен минералды тыңайтқыштарды экспорттайды. Мысалы, биыл мамырдың басында 15 жылдан кейін алғаш рет қазақ дәнді дақылдарының партиясы Мароккоға жіберілді, бұл экспорт бағытын әртараптандыруда маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, дәнді дақылдарды Мысыр, Нигерия, Сенегал, Кот-д’Ивуар және басқа да құрлық елдеріне жеткізуді кеңейту мәселелері қарастырылуда.

Африкадан Қазақстанға жемістер, кофе, какао бұршақтары, шай, сондай-ақ фармацевтикалық өнімдер, текстиль, косметика және электротехника тасымалдануда.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық – қазақ-африкалық байланыстардың маңызды бағыты.

Бүгінде бірнеше африкалық елдердің студенттері біздің жоғары оқу орындарында, негізінен медицина, инженерия, ауыл шаруашылығы және IT салаларында білім алуда.

Сонымен бірге, біздің азаматтар Африка елдерін, әсіресе Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Марокко және Кенияны туризм және саяхат үшін жиі таңдайды.

Африка елдерімен саяси ынтымақтастық та маңызды. 2013 жылдан бастап Қазақстан Африка одағының бақылаушы статусын алған және БҰҰ, ИЫҰ және басқа халықаралық ұйымдар аясында оның мүшелерімен қарым-қатынасты нығайтуда.

Африка – БҰҰ 193 мүшесінен 54 мемлекетін құрайды, яғни Бас Ассамблеяда дауыс беретін елдердің төрттен бірінен асады. Африка елдері соңғы кезде жиі бірлесе үн қосып, халықаралық ірі мәселелерге ықпал етіп келеді.

Осындай жағдайда Қазақстан Орта держава ретінде тек өңірлік өзара әрекеттестікпен шектелмей, Африканы тең құқылы серіктес ретінде қарастырады. Бізді тұрақты даму мен әділ жаһандық тәртіпке деген ортақ мүдде біріктіреді.

Бұл ынтымақтастықтың практикалық жемістерін де көріп отырмыз: соңғы жылдары африкалық серіктестер біздің бастамаларымызды қолдады, соның ішінде Астана ЭКСПО-2017 өткізу, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы, БҰҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру, БҰҰ құрылымдарына біздің кадрларды ұсыну және т.б.

Барлық осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыс үшін СІМ 2025-2030 жылдарға арналған Африка елдері мен Африка одағымен ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Онда саяси, экономикалық, гуманитарлық байланыстар, білім беру, цифрлық және экологиялық жобаларға ерекше назар аударылады.

Қорытындылай келе, Африкамен жан-жақты байланыстарды дамыту – Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне экономикалық және саяси тұрғыдан толық сәйкес келеді.

 

  1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы туралы

2025 жылғы 5 маусымда Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Бұл жиынға Қазақстан Республикасының делегациясын Премьер-министр Олжас Бектенов басқарады.

Күн тәртібінде – сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту, өнеркәсіп, көлік, денсаулық сақтау, экология, туризм, жастар саясаты, гуманитарлық және қорғаныс салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелері.

Сонымен қатар, ТМД мен оның институттарының жұмысын тиімді етуге, өңіраралық байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарды қабылдау жоспарланып отыр. Кеңес барысында ТМД органдары жүйесіндегі кадрлық мәселелер мен 2025 жылға арналған Достастық қызметінің қаржыландырылуы да қаралады.

Отырыстың нәтижелері ТМД мемлекеттері арасындағы интеграциялық үдерістерді тереңдетуге және нақты ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады деп күтілуде.

 

  1. «Орталық Азия – Үндістан» диалогының сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуі туралы

2025 жылғы 5-6 маусым күндері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкардың шақыруымен Нью-Дели қаласына жұмыс сапарымен барады. Ол «Орталық Азия – Үндістан» диалогы аясындағы сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуіне қатысады.

Кездесу барысында аймақтық қауіпсіздік, өзара сауда, инвестициялар, технологиялық ынтымақтастық және Үндістанмен көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланады.

Кездесу қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» диалогына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданады деп күтілуде.

Сапар аясында СІМ басшысы М.Нұртілеу Үндістанның сыртқы істер министрімен, сондай-ақ жергілікті іскер топтар өкілдерімен кездесулер өткізеді.

Бұл диалог аясындағы бірінші кездесу 2019 жылғы 13 қаңтарда Самарқанд қаласында (Өзбекстан), екіншісі – 2020 жылғы 28 қазанда онлайн форматта, үшіншісі – 2021 жылғы 19 желтоқсанда Нью-Делиде өткен болатын.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Иранға ресми сапары туралы

2025 жылғы 7 маусымда Иран Ислам Республикасының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тегеранға ресми сапармен барады.

Сапар аясында Иран Президенті Масуд Пезешкианмен, Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен, сондай-ақ ірі ирандық бизнес өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған.

Алдағы келіссөздер екі ел арасындағы саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ бизнес құрылымдар арасындағы байланыстарды жандандыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Көлік-логистикалық өзара байланыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және халықаралық әрі өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.