Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Астана халықаралық форумының жұмысына қатысу үшін келген Орталық Азия үшін БҰҰ-ның Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы Каха Имнадземен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен ОАПДӨО арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, өңірлік қауіпсіздік, орнықты даму мәселелерін, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға дайындықты талқылады.
Қазақстанда ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері орынбасарларының алдағы кездесуіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, су ресурстары және климаттың өзгеруі мәселелерін қамтитын күн тәртібін қалыптастыру талқыланды.
А.Рахметуллин Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін алдағы іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі превентивті дипломатияны ілгерілету мен күш-жігерді үйлестірудегі белсенді рөлі үшін Өңірлік орталыққа алғысын білдірді.
Тараптар аталған кездесуге дайындық шеңберінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты, сондай-ақ Қазақстан мен ОАПДӨО арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың дамуына үлкен мән берді.