Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Министрдің орынбасары Сербия Республикасының Ішкі және сыртқы сауда министрі Ягода Лазаревичпен келіссөздер жүргізді. Екі тарап та Қазақстан мен Сербия арасындағы серіктестіктің стратегиялық сипатын растады. Бұл серіктестік өзара қолдауға және 2024 жылғы қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Белградқа жасаған ресми сапары барысында нығайтылған берік дипломатиялық байланыстарға негізделген.
Сұхбаттастар сауда және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жолдарын, оның ішінде Үкіметаралық комиссияның төртінші отырысын ұйымдастыруды және жаңартылған Іскерлік кеңесті іске қосуды талқылады. Сондай-ақ Астана мен Белград арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі маңызды тақырыптардың бірі болды. Бұл Орталық Азия мен Батыс Балқан арасындағы тұрақты қатынасты алғаш рет орнатуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Ә.Қуантыров Қазақстан үшін көлік байланысын дамытуды экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі факторларының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол тікелей әуе қатынасын ашу бастамасын қолдап, бұл екі ел арасындағы сауда, инвестиция, іскерлік байланыстар мен мәдени алмасуды нығайтудың маңызды қадамы болатынын айтты.
Сонымен қатар форум аясында Боао азиялық форумының (БАФ) Бас хатшысы Чжан Цзюньмен мазмұнды кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар өңірлік диалогты кеңейту және Қазақстанның БАФ іс-шараларына қатысу мәселелерін талқылады. Ерекше назар Орталық Азияның жаһандық экономикалық үдерістерге орнықты интеграциясы тақырыбына аударылды.
Министрдің орынбасары БАФ-тың Азия елдерінің ортақ мүдделерін ілгерілетуге ықпал ететін халықаралық алаң ретіндегі маңызды рөлін атап өтіп, Қазақстанның болашақ форумдардың күн тәртібін қалыптастыруға белсенді түрде қатысуға дайын екенін білдірді.
«Қазақстан Боао форумымен ынтымақтастықты, әсіресе инвестициялар, сауда және орнықты өсу салаларында тереңдетуге мүдделі. Біз БАФ-ты идеялармен алмасуға ғана емес, өңірлеріміздің дамуына ықпал ететін практикалық шешімдерді әзірлеуге арналған маңызды құрал ретінде көреміз», – деді ол.