Қазақстан цифрлық трансформация және ЖИ саласындағы жаһандық рөлді күшейтуде

Қазақстан цифрлық трансформация және ЖИ саласындағы жаһандық рөлді күшейтуде

Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Бас хатшысының цифрлық және перспективалық технологиялар жөніндегі арнайы өкілі Амандип Сингх Гиллмен кездесті.

Тараптар жасанды интеллектті енгізу, суперкомпьютерді құру, цифрлық инфрақұрылымның дамуын, электрондық үкімет (eGov) саласындағы табыстарды, сондай-ақ «Astana Hub» халықаралық технопаркін ашу мәселелерін және Алматыда Орнықты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасын қоса алғанда, Қазақстанның технологиялық жетістіктерін талқылады.

А.Рахметуллин Қазақстанның БҰҰ-ның цифрлық күн тәртібін, соның ішінде Жаһандық цифрлық шартты және жасанды интеллектті қауіпсіз және әдепті пайдалану жөніндегі бастамаларды қолдайтынын растады.

Өз кезегінде А.Гилл инклюзивті, жауапты және орнықты цифрлық трансформацияны ілгерілету мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді.