Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан мен Нигерия арасындағы дөңгелек үстел өтті

Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан мен Нигерия арасындағы дөңгелек үстел өтті

Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Нигерияның йоруба халқының басшысы – Ифе Королі Адейейе Энитан Огунвуси, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Самат Нұртаза мен Максим Рожиннің қатысуымен Қазақстан-Нигерия дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

Іс-шараға қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен мен IT-компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Нигерияның қаржы және технология салаларындағы бизнес-қауымдастықтары қатысты.

Дөңгелек үстел барысында тараптар Қазақстан мен Нигерия арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ерекше назар қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде ет пен ет өнімдерін жеткізу мәселелеріне, сондай-ақ цифрландыру және ақылды қалалар саласындағы ынтымақтастыққа аударылды. Қазақ тарапы органикалық және халал өнім өндіру әлеуетін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен африкалық нарықтарға экспорттау мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар бірлескен инвестициялар, логистика және Нигерия инфрақұрылымын жаңғырту аясында қазақстандық цифрлық шешімдерді қолдану тақырыптары көтерілді.

Нигерия тарапын ерекше қызықтырған жоба – «Сергек» ақылды жүйесі болды. Бұл жүйе қауіпсіздік, жол қозғалысын бақылау және қалалық ортаға талдау жүргізу үшін пайдаланылады. Нигерия тарапы компанияны нақты пилоттық жобаларды пысықтау үшін елге шақырып, қалалардың жылдам өсуі мен заманауи басқару технологияларына деген сұраныс аясында бұл шешімнің жоғары әлеуетін атап өтті.

«Біз Нигериямен ынтымақтастықты Африкадағы ең келешегі зор бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз. Екі елдің де жеке секторы қарқынды дамып келеді, әрі экономикаларымыз бірін-бірі толықтырады. Қазақстан агроөнеркәсіп, экспорттық логистика, цифрландыру және урбанистика салаларында нақты шешімдерді ұсына алады. Бүгінгі талқылаулар нақты жобалар мен ұзақ мерзімді серіктестікке негіз болады деп сенеміз», – деп кездесуді қорытындылады Ә.Қуантыров.

Кездесу форум аясындағы Қазақстан мен Африка арасында нығайып келе жатқан диалогтың жалғасы болды. Бұл диалог технологиялық серіктестік пен орнықты дамуға негізделген нақты ынтымақтастыққа екі тараптың да мүдделі екенін дәлелдеді.