Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға сапармен және Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген Нигерияның ең беделді дәстүрлі көшбасшыларының бірі және йоруба халқының рухани жетекшісі – Ифе Королі Адейейе Энитан Огунвусимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сұбаттастар Қазақстан мен Нигерия арасындағы саяси диалогты нығайтудың маңыздылығына өзара қызығушылық білдірді. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нигерия Президенті Бола Ахмед Тинубудың 2025 жылғы қаңтарда Абу-Дабиде өткен «Орнықты даму апталығы» саммиті аясындағы кездесуі аталып өтті.
«Қазақстан мен Нигерияның саяси, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы үшін елеулі әлеуеті бар. Бүгінгі кездесу жақсы дәстүрдің бастамасы және Қазақстан мен африкалық халықтар мен мемлекеттер, соның ішінде ерекше орын алатын Нигерия арасындағы қатынастардың жаңа кезеңінің символы», – деп мәлімдеді ҚР СІМ басшысы.
Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, цифрлық технологиялар мен энергетика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Осы мақсатта Қазақстан-Нигерия іскерлік кеңесі, құрметті консулдар институты, халықтар мен екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы байланыстар сияқты өзара іс-қимыл механизмдерін пайдалану қажеттігі аталып өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша серіктестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығын ескеріп, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындық расталды.
Қазіргі Нигерия аумағында орналасқан Ифе Корольдігі өзінің бай тарихы мен мәдени мұрасымен танымал. Африкадағы ең көне корольдіктердің бірі ретінде Ифе йоруба халқының ата-бабаларынан келе жатқан мекені және африкалық өркениеттің маңызды орталықтарының бірі.
Король Адейейе Огунвуси Астана халықаралық форумы аясында алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстан – Африка: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашу» атты арнайы сессияға спикер ретінде қатысты.