Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкулов португалиялық «AGROCEPHALUS, LDA» компаниясының құрылтайшылары – Кристиан Барриос Марчант пен Георгий Миладиновпен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар Ақмола облысында интеграцияланған ет өңдеу кластерін құруға бағытталған инвестициялық жобаны талқылады.
Ғ.Оспанкулов өз сөзінде жобаның елдің агроөнеркәсіптік кешені мен жалпы экономикасы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Біз шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз және бұл жоба етті мал шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз. Жобаның сәтті іске асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді ол.
Аталған жоба шикізаттық емес секторды дамытудағы басым бағыттардың бірі және экономиканы әртараптандыру мен азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық міндеттерге сәйкес келеті аталып өтті. Оның жүзеге асырылуы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін сенімді экспорттаушы ретіндегі позициясын нығайтып, еуропалық серіктестер үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.
Жоба отандық «BigFarm» ЖШС компаниясымен серіктестікте жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар жобаға жабдық өндіруші, асыл тұқымды мал жеткізуші, құрама жем мен биогаз қондырғыларын өндіруші бірқатар испандық компаниялар қатысады. Жалпы құны 132 млн еуро болатын жоба агроөнеркәсіптік кешеннің толық циклін қамтиды.