Астана халықаралық форумы аясында Транскаспий бағытын дамыту мәселелері талқыланды

Астана халықаралық форумы аясында Транскаспий бағытын дамыту мәселелері талқыланды

Астана, 2025 жылғы 29 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Астана халықаралық форумы аясында Боао Азия форумы ұйымдастырған «Өңірлік байланыстарды нығайту және даму әлеуетін ашу» атты панельдік сессияға қатысты. Сессия барысында Еуразиядағы көлік және логистикалық байланыстарды кеңейту және Орта дәліздің даму мүмкіндіктері талқыланды.

Іс-шараға Боао форумының төрағасы, БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының Президенті Волкан Бозкыр, Боао форумының Кеңес мүшесі, БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары Шамшад Ахтар, ЭЫДҰ Бас хатшысының орынбасары Фабриция Лапекорелла, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Пяо Янфань және Жібек жолы қорының атқарушы директоры Фэн Яньцю қатысты. Сессия модераторы – Боао форумы Бас хатшысы Чжан Цзюнь болды.

Өз сөзінде А.Қуантыров Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ, Орта дәліз) арқылы Еуразия тұрақты логистикасының негізгі дәлізіне айналдыруға бағытталған Қазақстанның стратегиялық көзқарасын таныстырды. Ол ТХКБ-ны тек транзит жолы емес, сонымен қатар өнеркәсіптік өсу, цифрлық интеграция және халықаралық өндірістік-логистикалық тізбектерді қалыптастыру алаңы ретінде сипаттады.

Министрдің орынбасары Қазақстанның Қытай шекарасынан Каспий порттарына дейінгі 3500 шақырымнан астам теміржол инфрақұрылымын қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Жуырдағы жылдары бұл бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі 10 млн тоннаға дейін ұлғаймақ. Бұл – жаһандық жеткізу тізбектеріне қатысушылар тарапынан сұраныстың артуы мен Қазақстанның өткізу қабілетін кеңейтуге бағытталған күш-жігерінің нәтижесі.

«ТХКБ – бұл тек логистикалық бағыт емес, бұл – сенім, тиімділік және өсім инфрақұрылымы. Қазақстан физикалық және цифрлық интеграцияны басты бағдар етіп отыр. Біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік: 2024 жылғы наурызда Сиань қаласынан шыққан контейнерлік пойыз небары 11 күнде Әзербайжанға жетті, оның ішінде Қазақстан аумағы бойынша бар болғаны үш күнде өтті. Бұл Достық – Мойынты учаскесінің жаңартылуы, Қорғас хабының дамуы және цифрлық кедендік шешімдер енгізілуінің арқасында мүмкін болды. Біз инфрақұрылымға 35 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салып жатырмыз: жаңа теміржолдар салынып, Ақтау мен Құрық порттары кеңейтілуде, халықаралық инвесторлармен бірлесіп контейнерлік хаб құрылуда. Басты мақсат – жай транзит емес. Қазақстан үшін ТХКБ – бұл жаһандық жеткізу тізбектеріне тұрақты түрде интеграцияланудың және өндірістік өсудің негізі», – деп мәлімдеді А.Қуантыров.

Сессия барысында спикерлер жаһандық экономикадағы фрагментация үдерісінің күшеюі жағдайында жаһандық және өңірлік жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Пан Ги Мун байланыстылық тек инфрақұрылым ғана емес, тұрақты және әділетті дамудың кілті екенін атап өтті. В.Бозкыр қазіргі жаһандық дағдарыстар жағдайында көпжақты тәсілді сақтау қажеттілігіне назар аударды. ЭЫДҰ, ШЫҰ және «Silk Road Fund» өкілдері «қатты» инфрақұрылым мен «жұмсақ» реттеу механизмдерін, цифрландыру мен қаржылық сүйемелдеуді үйлестірудің маңызын атап өтті.

Сессия қорытындысында қатысушылар өңірлік байланыстылық тек көлік саласы емес, сонымен қатар институционалдық сенім, ортақ стандарттар және үйлесімді цифрлық трансформация екенін атап өтті. Тараптар тұрақты әрі өзара тиімді еуразиялық интеграцияны ілгерілету үшін диалог пен практикалық іс-қимылдарды жалғастыруға дайындықтарын білдірді.