Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні жүзеге асыру мәселелері Қазақстан СІМ-де талқыланды

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні жүзеге асыру мәселелері Қазақстан СІМ-де талқыланды

Астана, 2025 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде «Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңесші органның (бұдан әрі – «АӨБДА» ККО) кіші тобының кезекті отырысы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті шеңберіндегі үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) балама баяндамаларын, атап айтқанда, әскери қызмет, сайлау туралы, азаптауға қарсы іс-қимыл, терроризм, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, сотталғандардың құқықтары, сот талқылауы, қозғалу еркіндігі, дискриминациясыздық, дін бостандығы, құқық қорғаушылардың қауіпсіздігі және басқа да мәселелерді талқылауға арналды.

«АӨБДА» ККО отырысында ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова мен ҚР Әділет министрлігінің Халықаралық құқық департаменті директорының орынбасары Ляззат Утешева тең төрағалық етті.

Отырыс барысында А.Надиркулова ү.ж. 24-25 маусым аралығында Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінде Қазақстан Республикасының Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті (бұдан әрі – Пакт) бойынша Ұлттық баяндамасын қорғау рәсімі өткізілетінін хабарлады.

Л.Утешева өз сөзінде Қазақстанның қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ашық диалогқа әрдайым дайын екенін және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс атқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар ол адам құқықтары саласындағы БҰҰ шарттық органдарының сұраулары мен ұсынымдарын қарастыру бойынша, Министрлік шеңберінде құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының (ВЖТ) жұмысы туралы мәлімдеді. Бүгінгі күнге дейін ВЖТ 24 отырыс өткізіп, олардың барысында 50-ден астам сұрау мен ұсыным қарастырылған. Қазақстан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі 6 комитетінің құзыретін таныды. Жалпы, ВЖТ отырыстарында азаптау, сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар, әділ сот талқылауы, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары, балалардың құқықтары, әйелдерге қатысты кемсітушілік және басқа да мәселелер бойынша жеке хабарламалар мен ұсынымдар қарастырылады.

Күн тәртібінің екінші мәселесі аясында Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының бас сарапшы-кеңесшісі Евгений Жовтис сөз сөйледі. Ол Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 7-бабына сәйкес азаптауға қарсы іс-әрекеттердің алдын алу және тергеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ұсынды. Атап айтқанда, тергеулердің тәуелсіздігін күшейту, құқықтық тұжырымдамаларды нақтылау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Ыстанбұл хаттамасы негізінде тұрақты тренингтер өткізу, сондай-ақ Ұлттық алдын алу тетігінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.

Жалпы, күн тәртібіндегі мәселелер ашық және сындарлы форматта талқыланды. Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері адам құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Ағымдағы жылдың 4 маусымында №1, 2, 3 және 7-балама баяндамаларды талқылау жоспарлануда.

«АӨБДА» ККО 2013 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылған. Бұл алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты дамытуға арналған тиімді құрал ретінде қызмет атқаруда. Мұнда адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер халықаралық ұйымдардың (БҰҰДБ, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы, ЕҚЫҰ және т.б.) байқаушылар ретінде қатысуымен талқыланады.