Қазақстан СІМ-де Ауғанстандағы тұрақтылық пен орнықты дамуға жәрдемдесу мәселелері талқыланды

Қазақстан СІМ-де Ауғанстандағы тұрақтылық пен орнықты дамуға жәрдемдесу мәселелері талқыланды

Астана, 2025 жылғы 27 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі – БҰҰ Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының (БҰҰ АЖМ) басшысы Роза Отунбаевамен кездесу өткізді.

Кездесуге БҰҰ-ның Ауғанстан, Орталық Азия, Иран және Пәкістан бойынша Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) өңірлік өкілі Оливер Штолпе де қатысты.

Сұхбат барысында тараптар Ауғанстандағы денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым және жұмыспен қамту саласындағы тұрақтылық пен орнықты дамуға жәрдемдесу ісінде Қазақстанның БҰҰ АЖМ мен БҰҰ ЕҚБ-мен өзара іс-қимылының кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ Алматыда ашылатын Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығы контекстінде әлеуетті бірлескен жобаларды талқылады.

Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, бірінші қажеттіліктегі заттар, дәрі-дәрмек жеткізуді, сондай-ақ білім беру бастамаларын қолдауды қоса алғанда, гуманитарлық көмек көрсетуді жүйелі түрде жалғастырып келе жатқаны аталып өтті.