Қазақстан мен Германия дуалды білім беру мен су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Германия дуалды білім беру мен су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Астана, 2025 жылғы 20 мамыр – Берлин Еуразиялық клубының 43-ші отырысында Қазақстан мен Германия арасындағы дуалды оқыту жүйесін дамыту және су саласына инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко көтерілген тақырыптардың өзектілігін атап өтіп, олар елдің орнықты дамуына тікелей әсер ететінін айтты.

«Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылы: дуалды білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастық» атты алғашқы панельдік пікірталаста Германияның тәжірибесін қолдану арқылы бұл модельді жетілдіру мүмкіндіктері қарастырылды.

Р.Василенконің айтуынша, бірлескен жұмыстың нақты нәтижелері қазірдің өзінде көрініс табуда. Мысалы, Қостанайдағы «Allur» автозауытында Эрфурт білім беру орталығымен бірге Халықаралық дуалды оқыту орталығы құрылуда.

«Осындай нақты нәтижелер – шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың басты көрсеткіші», – деді Министрдің орынбасары.

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан өз сөзінде қазіргі таңда Қазақстандағы 552 колледжде дуалды оқыту жүйесі енгізілгенін, оған 18 мыңнан астам кәсіпорын қатысып, 108 мыңнан астам адамды қамтып отырғанын атап өтті.

Германия Федералды білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілі Александр Хохрадель Министрліктің Қазақстанда дуалды білім беруді дамытуға қолдау көрсетуге және колледждерді кәсіпорындарға жақындатуға дайын екенін жеткізді.

Екінші панельдік сессия «Су ресурстарын тиімді басқару: Германия мен Қазақстанның тәжірибесі мен болашағы» тақырыбына арналды.

Климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында бұл мәселе бүкіл Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігі мен орнықты дамуы үшін айрықша маңызға ие.

Неміс компаниялары мен мамандарының бұл салада жоғары технологиялар мен мол тәжірибесі бар. Олар Қазақстандағы су инфрақұрылымын жаңғырту және инженерлік жобаларды іске асыруға елеулі үлес қоса алады.

Атап айтқанда, 300-ден астам кәсіпорынды біріктіретін «German Water Partnership» қауымдастығымен өзара іс-қимыл жанданып келеді.

Жиынға екі елдің мемлекеттік органдарының, салалық бірлестіктердің, колледж басшыларының, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының 100-ден астам өкілі қатысты.

Берлин Еуразиялық клубының отырыстары 2012 жылдан бері жыл сайын үш рет өткізіледі: мамырда – Астанада, қазанда – Брюссельде, желтоқсанда – Берлинде. Клубтың мақсаты – саясаткерлер, сарапшылар, бизнес және ғылыми қауым өкілдері арасында жүйелі диалог орнатып, пікір алмасу мен нақты ұсыныстар әзірлеуге ықпал ету. Бүгінге дейін Қазақстан, Германия және Еуропалық одақтың мемлекет және үкімет басшылары, жетекші тұлғалары қатысқан 43 отырыс ұйымдастырылды.