Астана, 2025 жылғы 31 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстан Республикасының Елшісі Бахтиёр Ибрагимовты қабылдады.
Сұхбаттастар ү.ж. 29 наурызда Алматыда өткен мемлекет басшылардың бейресми кездесуінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады.
ҚР Сыртқы істер министрі саяси, сауда-экономикалық, транзит-көліктік және энергетикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Өзбекстан Елшісі Ташкенттің Астанамен одақтастық қатынастарды жоспарлы дамытуға зор мүдделілігін растады және Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің жан-жақты өзара іс-қимылды нығайту бойынша қойған мақсаттарын іске асыру үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді.
Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған екіжақты және көпжақты форматтарда халықаралық іс-шаралар кестесі қаралды.
Астана, 2025 жылғы 31 наурыз – Словения Президенті Наташа Пирц-Мусардың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Словения Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы және еуропалық істер министрі Таня Файонмен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Словения арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері мен келешегін талқыланды. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және екі елдің іскерлік орталары үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
Министрлер Словения президентінің сапары аясында өтетін бизнес-форумның байланыстарды кеңейтуде маңызды қадам болатынына сенім білдірді. Осы тұста көлік және логистика, фармацевтика, жасыл энергетика, су ресурстары мен телекоммуникация салалары басым бағыттар ретінде аталып өтті.
«Астана Орталық Еуропа мен Еуропалық одақтағы маңызды серіктес ретінде Люблянамен байланысты жоғары бағалайды. Көптеген мәселелер бойынша ортақ мүдделеріміз бар, атап айтқанда транзит-көліктік әлеуетімізді өзара тиімді пайдалана аламыз», – деп атап өтті М.Нұртілеу.
Сыртқы саяси ведомстволар басшылары сондай-ақ көпжақты форматтағы конструктивті өзара іс-қимылды атап өтіп, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағат теңестірді». Бұл бағытта Астана мен Люблянаның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығы бойынша ұстанымдарының жақындығы айтылды.
М.Нұртілеу Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құруда, сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одақтың визалық режимін жеңілдету бойынша келіссөздерді бастауға Еурокомиссияның мандатын алуда білдірген қолдауы үшін словен тарапына алғыс білдірді.
Өз кезегінде Т.Файон Словенияның Қазақстанмен өзара қызығушылық тудыратын барлық салаларда көпқырлы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ниетін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі күш-жігер туралы уағдаласты.
Дар-эс-Салам, 2025 жылғы 28 наурыз – Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі, Мозамбик Республикасындағы және Біріккен Танзания Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарушысы Еркін Ахинжанов Танзания Президенті Самия Сұлуху Хасанға сенім грамоталарын табыс етті.
Іс-шараның салтанатты рәсімі аясында өткен сұхбат барысында тараптар екі ел арасындағы достық қарым-қатынасына тоқталды. Саяси диалогты, сауда-экономикалық ынтымақтастықты және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жан-жақты нығайтуға бағытталған дәйекті саясатты жалғастырудың маңыздылығы аталып өтті.
Танзания Президенті Қазақстанның осы елдегі тұңғыш Елшісі Е. Ахинжановқа дипломатиялық миссиясында табыс тілеп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту өзара өркендеу мен дамуға ықпал ететініне сенімін білдірді.
Астана, 2025 жылғы 28 наурыз – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының сыртқы істер министрліктері арасында кезекті саяси консультациялар өтті.
Делегацияларды ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев және РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин басқарды.
Консультациялар барысында тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, биік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы және алдағы бірлескен іс-шаралардың кестесі егжей-тегжейлі қарастырылды.
Алматы, 2025 жылғы 28 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар қазақ-еуропалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін егжей-тегжейлі талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сұхбаттастар Самарқандта өтетін «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің маңызын атап өтіп, өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын құптады.
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ көлік және логистика, маңызды шикізат, жасыл энергетика, цифрландыру, климаттың өзгеруі және тағы басқа салалардағы бірлескен жобаларды одан әрі тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту тұрғысынан М.Нұртілеу Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін практикалық шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
ҚР СІМ басшысы ЕО Жоғары өкілінің назарын Қазақстан азаматтары үшін Еуроодақ визалық режимді жеңілдету туралы келісімге қатысты Астана мен Брюссель арасындағы келіссөздерді жылдам бастаудың екі тарап үшін маңызды екеніне аударды.
Өз тарапынан К.Каллас ЕО-ның Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты тереңдетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бейілді екеніне сендірді. Ол Ашхабадта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» министрлік кездесуінің нәтижелері еуропалық тараппен жоғары бағаланып, бұл үдерісті ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу соңында сұхбаттастар сындарлы диалогты жалғастыруға екіжақты қызығушылық танытты.
Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылғы тауар айналымы 49,7 млрд АҚШ долларын құрады (+16,9%), оның ішінде Қазақстанның ЕО-ға экспорты – 38,6 млрд доллар, импорты – 11,1 млрд доллар. 2005 жылдан 2024 жылғы 9 айға дейінгі кезеңде ЕО елдерінен Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 200,7 млрд долларды құрады. Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Ашхабад, 2025 жылғы 27 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 20-шы «Орталық Азия – Еуропалық одақ» министрлік кездесуіне қатысты.
Іс-шарада Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық Комиссия Вице-президенті Кая Каллас сөз сөйледі.
Самарқандта өтетін «Орталық Азия – ЕО» саммитіне дайындық мәселелеріне, соның ішінде бірлескен өңірлік бағдарламалар мен жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Р.Василенко Қазақстанның ауыл шаруашылығы, цифрландыру және инвестициялық ынтымақтастық салалардағы бірқатар бастамаларын жариялап, Транскаспий халықаралық көлік бағытының транзиттік әлеуетін толық пайдалану бойынша еліміздің көзқарасын жеткізді.
Министрдің орынбасары Орталық Азия өңірі үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрестің маңызына тоқталып, 2026 жылы Астанада өтетін БҰҰ аясындағы Өңірлік климаттық саммитті ерекше атап өтті.
Министрлік кездесудің қорытындысы бойынша өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалған Бірлескен коммюнике қабылданды.
Ашхабадқа сапар барысында қазақстандық дипломат Түрікменстанның бастамасымен ұйымдастырылған «Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы: Орталық Азия мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты тереңдету» атты іс-шарада да сөз сөйледі.
Сонымен қатар сапар аясында Р.Василенко жаңадан тағайындалған Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен кездесу өткізіп, оның барысында өңірлік ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде су ресурстарын басқару, ғылым және білім, сондай-ақ өңірлік өзара байланыстар салаларындағы мәселелер талқыланды.
Астана, 2025 жылғы 27 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға алғашқы ресми сапарымен келген Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен кездесті.
Тараптар қазақ-армян қатынастарының кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары, сондай-ақ ағымдағы жылға арналған биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Достық пен өзара тиімді ынтымақтастық негізінде екіжақты серіктестікті тереңдетуге өзара міндеттеме білдірілді. Тараптардың ниеттерін іс жүзінде растау ретінде Арменияның Қарағанды мен Ақтөбедегі құрметті консулдарының кеңселерін ашу болды.
ҚР Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында өткен жылы қазақ-армян қатынастары сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қабылдаған Бірлескен мәлімдеме екі елдің одан әрі жақындасуына деген өзара ұмтылысты көрсетті.
Осыған байланысты сыртқы саяси ведомстволардың басшылары биік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын егжей-тегжейлі қарастырды.
«Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы сенімді саяси және сауда-экономикалық серіктесі және қазақ-армян байланыстары еш қиындықсыз, сындарлы көзқараспен дамуда және бір-бірінің мүдделерін ескеруге дайын. Мен екі халықтың игілігі үшін барлық уағдаластықтарды іске асыру мақсатында ең тығыз өзара іс-қимылға дайын екенімді білдіремін», – деді М.Нұртілеу.
Сауда-экономикалық саладағы кооперацияны одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жетекші үйлестіруші рөлі назарға алынып, оның кезекті отырысын жуырда өткізу ұсынылды.
Екі елдің бизнес-топтарының іскерлік байланыстарды дамытуға қатысуының маңыздылығы аталып өтті. Бүгінгі таңда Арменияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын, ал Қазақстанда 430-дан астам армян компаниясы тіркелген.
Армения СІМ басшысы А.Мирзоян «өткен жыл біздің мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды кезең болды» деп мәлімдеді. Ол биік және жоғары деңгейдегі сапарларға, сондай-ақ көптеген бірлескен іс-шараларға толы болғанын атап өтті, бұл әртүрлі салалардағы өзара іс-қимылға қажетті серпін берді. «Мемлекеттеріміз егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыруға және ұлттық экономикаларды жаңғыртуға ұмтылуда біртұтас. Мұның бәрі серіктестік қарым-қатынасты кеңейту үшін берік негіз жасайды. Ереван мен Астана халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша жиі сәйкес немесе ұқсас ұстанымдарға ие», – деп толықтырды А.Мирзоян.
Тараптар инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге уағдаласты. Армян экономикасына қазақстандық капитал салымдарының жалпы көлемі 56 млн АҚШ долларынан асады.
Цифрлық саладағы өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективалық мүмкіндіктері аталып өтті. Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында оны ұлғайту үшін резервтер бар. Орталықта Армениядан цифрлық технологиялар, қаржылық қызметтер және сақтандыру саласында жұмыс істейтін 10 компания тіркелген.
Министрлер ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы жаңа мүмкіндіктерді анықтау үшін ортақ күш салуға келісті.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мазмұнды күн тәртібі аталып өтті. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен жылы Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтті. Ағымдағы жылы Қазақстанның Армениядағы мәдениет күндері мәдени алмасудың оң тәжірибесін жалғастырады.
Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық практикалық мазмұнмен толықтырылады. Бұл үшін Қазақстан мен Арменияның жоғары оқу орындары арасында қол қойылған өзара іс-қимыл жөніндегі 13 келісімдер мен меморандумдар негіз болады.
Кездесу барысында министрлер сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағат теңестірді», көпжақты және интеграциялық құрылымдар шеңберінде одан әрі тығыз байланыстарға, екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсетуге бейілділігін растады.
Ресми сапар барысында Армения Республикасының Сыртқы істер министрі А.Мирзоян Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қабылдауында да болды.
Астана, 2025 жылғы 26 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Çalık Holding» түрік холдингінің басшысы Ахмет Чалыкты қабылдады.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Жер қойнауын пайдалану, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика және логистика салаларындағы серіктестік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
А.Чалык холдингтің Қазақстандағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Атап айтқанда, түсті металдарды өндіру, Қостанай облысында дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын салу, сондай-ақ газ саласындағы жобаларға қатысу жоспарлары қарастырылды.
«Çalık Holding» – 34 елде қызмет атқаратын Түркияның ірі қаржы-өнеркәсіптік топтарының бірі. Компания Орталық Азия, Балқан және Таяу Шығыста ірі инфрақұрылымдық, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.
Астана, 2025 жылғы 26 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитеті Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар қазақ-қытай стратегиялық ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдасудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Сұхбаттастар елдер арасындағы саяси қатынастар дамуының оң динамикасын атап өтті. Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға, сондай-ақ алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесіне ерекше назар аударылды.
«Қазіргі уақытта елдеріміздің қарым-қатынасы өзінің ең жақсы кезеңін бастан өткеруде және үлгілі сипатқа ие. Ізгі көрші әрі сенімді серіктес ретінде біз шынымен көпқырлы және өзара тиімді байланыстарды қалыптастыра алдық», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.
Бұған қоса сауда-экономикалық, инвестициялық және транзиттік-көліктік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы өзара ықпалдасуды дамыту және Қазақстаннан Қытайға шикізаттық емес экспортты арттыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Министр Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі екенін атап өтті, өткен жылы екіжақты тауар айналымы рекордтық 43,8 миллиард АҚШ долларына жетті және тұрақты түрде еліміздегі бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Бүгінде қазақ-қытай инвестициялық жобаларының пулында жалпы құны шамамен 66,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын 224 жоба бар, бұл шамамен 50 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және көпжақты құрылымдар, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия-Қытай» форматы шеңберінде тығыз үйлестіру мен өзара ықпалдасуды жалғастыруға келісті.
Каир, 2025 жылғы 24 наурыз – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах әс-Сисиге сенім грамоталарын табыс етті.
Іс-шараның салтанатты рәсімі аясында А. Жеңіс Мысыр басшысымен сұхбаттаса отырып, оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар қазақ дипломаты екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейдегі дамуын атап өтті. Осы тұрғыда ол Мысырмен ынтымақтастықтың барлық салалардағы елеулі әлеуетін ескере отырып, серіктестікті одан әрі тереңдетудің оның осы лауазымдағы жұмысының ең маңызды бағыты екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Мысыр Президенті Қазақстан Елшісіне жаңа қызметінде табыс тілей отырып, Каир мен Астана арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және нығайтуға жоғары мүдделілігін растады.