Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Министрлік туралы
Комитеттер
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Консулдық туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
08 июля 2025
Қазақстан БРИКС Саммиті аясында экологиялық және гуманитарлық басымдықтарын белгіледі

Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 7 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БРИКС мүше мен серіктес елдері басшыларының 17-ші саммиті жұмысына қатысуды жалғастырып, «Қоршаған орта, СОР30, жаһандық денсаулық» сессиясында сөз сөйледі.

Сессия барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының Тараптар конференциясына (СОР30) дайындық, сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау жүйелерін нығайту мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы экожүйелерді сақтау, ормандарды қорғау, Арал теңізін қалпына келтіру және мұздықтардың еру үдерістерін тежеу бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығына назар аударды.

Климаттық қатерлердің алдын алуға басымдық беру қажеттігін атап өткен М.Нұртілеу ерте ескерту жүйелерін дамыту, төтенше жағдайларға дайындықты арттыру және көпжақты үйлестіруді күшейтуге шақырды. Осыған байланысты ол Қазақстанның климаттық мониторинг пен төтенше жағдайларды болжауға арналған ұлттық спутниктік технологияларын пайдалану жөніндегі бастамасын таныстырды.

Министрдің баяндамасында денсаулық сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақ тарапы мемлекеттерді Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту жөніндегі жаһандық коалицияға қосылуға шақырды. Оның негізі денсаулық сақтау саласындағы маңызды халықаралық құжат – 1978 жылғы Алматы декларациясынан бастау алады.

Қорытындылай келе, М.Нұртілеу: «Елдеріміз табиғи ресурстарға, білімге және әлеуетке бай. Бірақ ең бастысы – бізді ортақ мүдделер біріктіреді. Қазақстан адамзат пен планета игілігі үшін БРИКС-пен серіктестікті нығайтуға дайын. Бірлесе және алдын ала әрекет етейік. Осы орайда Сіздерді 2026 жылы Қазақстан БҰҰ-мен серіктестікте өткізетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамын», – деп атап өтті.

Министр сондай-ақ жылы қабылдау, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру және Жаһандық Оңтүстік елдері арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал еткен ашық диалог атмосферасы үшін Бразилия тарапына ризашылығын білдірді.

Саммитқа қатысу аясында Қазақстан СІМ басшысы Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен жеке кездесу өткізіп, тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелерді талқылады.

07 июля 2025
Қазақстан Сыртқы істер министрі БРИКС Саммитіне қатысуда

Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 6 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БРИКС 17-ші Саммитіне алғашқы рет серіктес ел ретіндегі Қазақстан атынан қатысты.

Саммиттің бірінші күніне бірлестікке мүше және серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары, жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар көпжақты ынтымақтастықты нығайту, әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты дамуды қамтамасыз ету қажеттілігіне баса көңіл аударды. Негізгі назар жаһандық басқару жүйесінде Ғаламдық Оңтүстік елдерінің өкілеттігін арттыруға бағытталды. Қарулы қақтығыстардың күшеюі, халықаралық саудадағы протекционизмнің өсуі және геосаяси қайшылықтардың ушығуы қатысушылардың алаңдаушылығын тудырды.

Өз сөзінде ҚР СІМ басшысы Қазақстанның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына негізделген әділетті, инклюзивті және орнықты тәртіпті нығайтуға бейілді екенін атап өтті. «Астана тепе-тең және көпвекторлы сыртқы саясат жүргізе отырып, дуал емес, көпір салады және барлық елдермен серіктестікті дамытады», – деді М.Нұртілеу.

Қазақстан делегациясының басшысы Азия, Африка мен Латын Америкасындағы Орта державаларының жаһандық шешім қабылдау процесіндегі рөлін арттыруды қолдайтынын жеткізді. Осы тұрғыда нақты қадамдар ретінде Саммит қатысушыларының назарына еліміздің бірқатар халықаралық бастамалары, оның ішінде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізілуі ұсынылды.

Сонымен қатар Министр Қазақстанның БРИКС елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, цифрлық технологияларды дамытуға мүдделі екенін айтты. Бұл салада Қазақстанның жетістіктері ерекше аталып өтті. «Қазақстан адамға бағытталған, инклюзивті және орнықты тәсілді ілгерілету жолында ынтымақтасуға дайын. Бұл – адамзат үшін әділетті цифрлық болашақты қамтамасыз ету жолы», – деді ол.

Саммит аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньмен, сондай-ақ Беларусь Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесулер өткізіп, көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) 2006 жылы құрылған, әлем аумағының 35%-ын, халық санының 50%-ын және жаһандық ЖІӨ-нің 40%-ын қамтиды.

БРИКС-ке 11 мүше ел (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, Эфиопия, Индонезия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Мысыр және Иран), сондай-ақ 10 серіктес ел (Қазақстан, Беларусь, Боливия, Вьетнам, Куба, Малайзия, Нигерия, Таиланд, Уганда және Өзбекстан) кіреді. Сонымен қатар Саммитке Чили, Колумбия, Түркия, Уругвай, Палестина, Кения, Мексика, Африка кеңесі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Латын Америкасы мен Кариб бассейні даму банкі, Жаңа даму банкі, БҰҰ, ДСҰ және ДДСҰ өкілдері шақырылды.

07 июля 2025
Қазақстан Сыртқы істер министрі Бразилия бизнес өкілдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 6 шілде – Бразилияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo» және «Amazul» танымал компанияларды қоса алғанда елдің жетекші өнеркәсіптік бірлестіктері мен ірі корпорацияларының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының президенті Рикардо Албан мен осы ұйымның вице-президенті, сондай-ақ «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің тең төрағасы Жилберто Петримен кездесу барысында Қазақстанмен экономикалық байланыстарды дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірілді және өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Министр бразилиялық инвесторларды Қазақстан нарығына тартудың маңыздылығын атап өтіп, ағымдағы жылы елімізде өтетін Іскерлік кеңестің төртінші отырысына қатысуға шақырды.

«Tramontina» компаниясының өңірлік директоры Гинтер Леандро Бринкманн жақын арада Алматыда ресми өкілдік ашу жоспарымен бөлісті. Бұл қадам – Қазақстан нарығына деген жоғары қызығушылықтың дәлелі.

«Embraer» авиақұрылыс корпорациясының президенті Франциско Гомес Нетомен кездесуде компанияның өңірдегі қатысуын кеңейту бағыттары, оның ішінде елімізде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін орталық ашу мүмкіндігі қарастырылды.

«Vale» тау-кен компаниясының атқарушы вице-президенті Сами Араппен сұхбат барысында шикізат саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау үшін Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар компания өкілдері отандық нарыққа шығуға қызығушылық білдірді.

«Marcopolo» вице-президенті Мауро Гилберто Беллинимен автобус өндірісін локализациялау, оның ішінде Қазақстанда жолаушылар көлігін жинау жобасы аясындағы ықтимал серіктестік жолдары қарастырылды.

«Amazul» мемлекеттік қорғаныс-өнеркәсіптік компания президенті Ньютон де Алмейда Кошта Нетомен кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен тікелей байланыс орнату мәселесіне баса назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша бейбіт атом саласындағы өзара іс-қимыл механизмдерін пысықтау бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Кездесулер барысында сыртқы саяси ведомствоның басшысы шетелдік капитал үшін Қазақстанның құқықтық алаңының тартымдылығын атап өтіп, ел үкіметінің шетелдік компанияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Географиялық орналасудың тиімділігі, халықаралық көлік дәліздеріне қатысуы және ашық сауда саясаты отандық нарық арқылы экспорттық тізбектерді кеңейтуге мүмкіндік беретін негізгі факторлар ретінде аталды.

Сонымен қатар М.Нұртілеу Латын Америкасының кәсіпкерлерін «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға және оның алаңын өзара экономикалық байланыстарды тереңдету мен бірлескен жобаларды іске асыру үшін пайдалануға шақырды.

Сапар аясында Бразилияның жетекші салалық бірлестіктері мен компанияларының қатысуымен «Бразилия-Қазақстан: ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары талқыланып, қазақстандық нарықтың мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ бірқатар екіжақты меморандумдарға қол қойылды.

06 июля 2025
Қазақстан мен Бразилия СІМ басшылары Рио-де-Жанейрода кездесу өткізді

Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 5 шілде – БРИКС мүше және серіктес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу мақсатында Рио-де-Жанейро қаласына келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен кездесу өткізді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықтың келешегі жөнінде пікір алмасты.

М.Нұртілеу Қазақстанның Латын Америкасындағы сенімді серіктесі әрі маңызды досы ретінде Бразилияға айрықша мән беретінін атап өтті. «Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толып отыр. Бұл байланыстар тұрақты саяси диалогпен, экономикалық қарым-қатынастың кеңеюімен және халықаралық аренадағы тығыз іс-қимылмен ерекшеленеді», – деді ол.

Сұхбаттастар екіжақты қатынастарды нығайтудың тиімді тетігі ретінде тұрақты диалогты сақтаудың және сапарларды жоғары деңгейде жандандырудың маңыздылығын растады. Осы ретте Қазақстан СІМ басшысы бразилиялық әріптесін Астанаға сапармен келуге шақырды.

Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету негізгі назарда болды. Географиялық алшақтыққа қарамастан, Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы басты серіктесі ретінде саналады. 2024 жылы өзара тауар айналымы 257 млн АҚШ долларынан асты, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 88%-ға өсіп, 104,2 млн АҚШ долларына дейін жетті.

Министрлер негізгі салалардағы бірлескен бастамаларды кеңейтуге ниеттерін растады. «Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік және логистика бағыттары бойынша өзара ықпалдастықты тереңдетуге мүдделіміз. Ортақ іс үшін нақты мүмкіндіктерді анықтау аса маңызды», – деді М.Виейра.

Қазақ тарапы өз кезегінде тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы, авиация, тыңайтқыштар өндірісі сынды бағыттарда бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.

Сонымен қатар министрлер жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар және инновациялық шешімдер салаларында тәжірибе мен технология алмасуға қызығушылық танытты.

Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Астана мен Бразилиа ұстанымдарының жақындығы және БҰҰ мен өзге де көпжақты құрылымдар аясындағы тұрақты өзара қолдау аталып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволарының басшылары өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға және БРИКС пен басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін растады.

04 июля 2025
Қазақстанда стратегиялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері АҚШ-та талқыланды

Нью-Йорк, 2025 жылғы 3 шілде – Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында халықаралық қаржы ұйымдары мен жеке сектор өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Дүниежүзілік банкте «Business Ready» бағдарламасының Ғаламдық көрсеткіштер тобының директоры Норма Лоайзамен кездесу өтті. Инвестициялық климатты бағалау әдіснамасын жетілдіру, өңірлік ерекшеліктерді көрсету және тарифтік емес тосқауылдардың іскерлік белсенділікке әсері мәселелері талқыланды. 2024 жылы «Doing Business»-тің орнына іске қосылған «Business Ready» бағдарламасы Қазақстанды 2025 жылдан бастап шолуға енгізеді. Қазақстан тарапынан ұлттық ерекшеліктерді дәл ескеру үшін жергілікті деректерді ұсынуға және консультацияларға қатысуға дайындығы расталды.

«IG Global» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Стефани Эштонмен Қазақстандағы тау-кен секторында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

«Bay Area Economic Institute» және «San-Francisco Chamber of Commerce» ұйымдарымен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы және Кремний алқабы бизнесімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Тұрақты энергетика, шикізатты қайта өңдеу, биотехнология және технологиялық ынтымақтастық салаларында жобаларды дамытуға бағытталған бірқатар компаниялармен кездесулер өтті.

«Windfall Bio» компаниясымен метанды ұстауға арналған микробиологиялық технологияларды қолдану және оларды Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.

«Boardwurks» компаниясымен қарасорадан жасалған композиттік құрылыс материалдарын бірлесіп өндіру перспективалары қозғалды.

«Astranis Space Technologies Corp.» компаниясы Қазақстанның шалғай аумақтарын байланыспен қамтамасыз етуге арналған спутниктік байланыс шешімдерін ұсынды.

«Silkroad Innovation Hub» инновациялық орталығында тараптар қазақстандық стартаптарды қолдау, халықаралық акселерациялық бағдарламаларды дамыту және АҚШ-тағы «Digital Nomads» үшін жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Бұл кездесулер технологиялық және орнықты даму салаларындағы негізгі бағыттар бойынша Қазақстан мүдделерін ілгерілету мен экономикалық дипломатияны жандандырудағы маңызды кезең болды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша Ә.Қуантыров АҚШ-тың Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі болып қалатынын атап өтті – жалпы инвестициялар көлемі 62 млрд АҚШ долларынан асады. Осыған байланысты жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өзара сенімді нығайтуға бағытталған американдық серіктестермен диалогты тереңдету ерекше маңызға ие.

03 июля 2025
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде Латвия Елшісін қошеметпен шығарып салды

Астана, 2025 жылғы 3 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Латвияның Елшісі Ирина Мангулені Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.

Кездесу барысында дипломаттар Қазақстан мен Латвия арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы қарым-қатынастардың оң динамикасын атап өтіп, бірлесіп атқарылған жұмысты қорытындылады. Мемлекетаралық диалогты нығайтуға, іскерлік және білім беру байланыстарын кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Министрдің орынбасары И.Мангулеге ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан Латвия елшісінің екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге қосқан елеулі үлесі үшін құрмет грамотасын табыстады.

Астанада бес жыл бойы жұмыс атқарған Латвия Елшісі қазақ тарапына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға үміт артты.

Р.Василенко И.Мангулеге алдағы қызметінде табыс тіледі.

02 июля 2025
Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күні аталып өтті

Астана, 2025 жылғы 2 шілде – Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күніне арналған салтанатты жиын өтті.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сыртқы саяси ведомствоның ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, дипломатия бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналып, еліміздің халықаралық күн тәртібін ілгерілету мен ұлттық мүдделерді қорғауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

«Қарқынды өзгерістер жағдайында Қазақстан жауапты мемлекет және жаһандық әрі өңірлік үдерістерге белсенді қатысушы ретінде беделін нығайтуды жалғастыруда. Бұл – дипломаттардың жанқиярлық және тынымсыз еңбегінің нәтижесі», – деді СІМ басшысы.

Министр еліміздің теңгерімді сыртқы саясаты мен дипломаттардың күш-жігерінің арқасында Қазақстан Орта держава ретінде өз ұстанымын бекемдеп, ынтымақтастық географиясын кеңейтіп, халықаралық аренадағы саяси салмағын арттырғанына назар аударды. Ол соңғы айларда Еуропа мен Азия елдері көшбасшыларының қатысуымен ауқымды саммиттер, Астана халықаралық форумы және басқа да ірі іс-шаралар өткенін, бұл Қазақстанның сенімді серіктес әрі маңызды өңірлік актор ретіндегі мәртебесін тағы да растағанын атап көрсетті.

М.Нұртілеу өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен сыртқы саяси бағытты іс жүзіне асыруға министрлік пен шет елдердегі ҚР мекемелері ұжымының қосқан үлесін атап өтті.

Дипломатиялық қызмет күніне орай министрліктің бірқатар ардагері мен қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Осы күні Алматыда СІМ Өкілдігінің қызметкерлері мен бұл қалада тұратын дипломатиялық қызмет ардагерлеріне арналған құттықтау рәсімі өтті. Салтанатты жиын барысында ведомство басшылығы атынан ел мүддесін халықаралық аренада қорғауға сүбелі үлес қосқан аға буын дипломаттарына шынайы алғыс білдірілді.

02 июля 2025
Қазақстан СІМ-де БҰҰ-мен адам құқықтары саласында өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды

Астана, 2025 жылғы 2 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілі Матильда Богнермен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстанның саяси және демократиялық реформаларын, БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттарын орындау жөніндегі елдің іс-қимылын, сондай-ақ Қазақстанның 2022-2024 жылдары БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелігінің қорытындыларын талқылады.

А. Рахметуллин еліміздегі адам құқықтары саласындағы жүйелі өзгерістер туралы, оның ішінде ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру бөлігінде ақпаратты жеткізді.

Сұхбаттастар адам құқықтарын ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында тығыз ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растады.

02 июля 2025
Қазақстан мен Түрікменстан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

Астана, 2025 жылғы 2 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен телефон арқылы сөйлесті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективаларын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге өзара бейілділік білдірілді.

Сонымен қатар министрлер ағымдағы жылға жоспарланған іс-шаралар кестесін қарастырды.

01 июля 2025
Қазақстан Сыртқы істер министрі «Harvest Group» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді

Астана, 2025 жылғы 1 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Harvest Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Альсеновпен кездесу өткізді.

Тараптар жер асты сулары мен заманауи су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, 300 мың га шалғайдағы және тыңайған жерлерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына кезең-кезеңімен ауыстыруға бағытталған ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруды талқылады. Жоба Жамбыл, Алматы, Жетісу, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды, бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 500 млн АҚШ долларын құрайды.

Министр жобаны одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен «Harvest Group» арасындағы Инвестициялар туралы келісімге қол қою мәселесі қаралды.

Сұхбаттастар сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен, әсіресе аудандық әкімдіктер деңгейінде өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін талқылады.

«Harvest Group» компаниясы суды үнемдеу және суару саласында озық технологиялар мен халықаралық тәсілдерді енгізе отырып, Қазақстанның ауыл шаруашылығын трансформациялауға белсенді қатысады.

Социальные сети
Facebook
Telegram
Twitter
YouTube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы