Астана, 2026 жылғы 9 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Исетов Қазақстан Республикасындағы Ирландияның жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Джулиан Клэрден сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
А.Исетов ирландиялық дипломатты тағайындалуымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі және Қазақстан мен Ирландия арасындағы қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі күш-жігерді жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты жандандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ білім беру, мәдениет және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Дж. Клэр министрдің орынбасарына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Ирландия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар тұрақты байланыстарды қолдауға және екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді бірлесіе пысықтауға өзара мүдделілік танытты.
Астана, 2026 жылғы 8 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Түркі академиясының Президенті Ш.Мұстафаевты қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Түркі академиясы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
А.Исағалиев Түркі академиясының түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және академиялық байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, Қазақстанның Академия қызметін қолдауға мүдделі екенін білдірді.
Тараптар түркі әлемінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, ғылыми жобаларды іске асыру және ғылыми қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.
2026 жылғы 8 қазанда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Грек Республикасының Қазақстандағы Елшісі Антониа Кацурумен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелерін талқылады.
«Қазақстан мен Грекия арасындағы әріптестіктің нәтижесін тек мұнай жеткізу көлемімен емес, ашылған жаңа өндірістермен, енгізілген технологиялармен және құрылған жұмыс орындарымен де өлшегіміз келеді. Грек бизнесінің Қазақстанға деген қызығушылығы барған сайын практикалық сипат алып келеді. Енді жалпы уағдаластықтардан нақты экономикалық нәтижелерге көшетін уақыт келді. Біз әр инвесторға алғашқы келіссөздерден бастап кәсіпорынды іске қосуға дейін жүйелі қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті А.Зебешев.
Бұл қызығушылық нақты жобалармен расталып отыр. Қазақстанда грек капиталының қатысуымен 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан–Грекия ынтымақтастығының инвестициялық жобалар портфелінде жалпы құны 133,5 млн АҚШ долларын құрайтын 8 жоба бар.
Олардың бірі SABO компаниясы Өскемен, Семей және Ақтөбе қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін үш зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Жалпы құны 122 млн АҚШ долларын құрайтын тағы бес жоба пысықталу кезеңінде. Олардың қатарында Doppler компаниясының Астанада лифт жабдықтарын өндіру жобасы, Desserta Hellas компаниясының Ақмола облысында сүт өнімдерін өндіру зауытын салу жобасы, сондай-ақ өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен күн энергетикасы салаларындағы жобалар бар.
METLEN Energy & Metals компаниясы металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу және олардан мыс, мырыш, никель, кобальт пен басқа да аса маңызды металдарды алу мүмкіндіктерін зерделеп жатыр.
Экономикалық әріптестіктің негізін энергетика саласы құрайды. Қазақстан Грекияға шикі мұнай жеткізушілер арасында екінші орында тұр және Грекияның мұнай импортының шамамен 24%-ын қамтамасыз етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2,4 млрд АҚШ долларын құраса, 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында бұл көрсеткіш 1,5 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті.
2026 ж. 8 қазан, Астана – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Махмуд Сафари Фархудтың сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
А.Исағалиев оның дипломатиялық миссиясы Қазақстан мен Иран арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Тараптар саяси диалогты одан әрі дамытудың, сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтудің және мәдени-гуманитарлық іс-қимылды нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.
Өзара сауда көлемін арттыру, көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында дипломаттар екіжақты және көпжақты форматтарда да белсенді әрі сындарлы іс-қимылды қолдауға дайын екендіктерін растады.
Түрікменбашы, 2026 жылғы 7 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан Республикасының сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар Консультативтік кездесулер форматы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Қазақстан СІМ басшысы М. Тілеуберді 2018 жылы алғашқы саммит өткізілгеннен бері Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сенім ахуалын нығайту және өзара жақындасу жолында ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.
«Мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында бауырлас мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастар сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Консультативтік кездесулер сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік, логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты жан-жақты тереңдетуге елеулі серпін берді», – деді М. Тілеуберді.
Кеңес қорытындысы бойынша министрлер 2026 жылғы 8 қазанда Түрікменбашы қаласында өтетін сегізінші Консультативтік кездесу барысында қол қою жоспарланған қорытынды құжаттардың жобаларын және күн тәртібінің жобасын келісті.
Түрікменбашы, 2026 жылғы 7 қазанҚазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мұхтар Тілеуберді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері және ТМД форматындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.
МТілеуберді осы халықаралық ұйым аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстанның көзқарастары туралы отырысқа қатысушыларды хабардар етті және Достастық әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.
Сыртқы істер министрлері кеңесі жұмысының негізгі бағыты
9 қазанда Түркіменстанда Достастық елдері көшбасшыларының қатысуымен өтетін ТМД-ның алдағы Саммитін дайындауға бағытталды. Атап айтқанда, Министрлер ТМД-ның құрылғанына 35 жыл толуына орай және тарихи жадыны сақтау мәселелері бойынша мемлекет басшыларының саяси мәлімдемелерін мақұлдады.
Қауіпсіздік, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ көлік, ғылым, ғарыш және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған құжаттардың жобалары дамақұлданды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Достастық шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделігін, қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруды және көпжақты ынтымақтастық тетіктерінің тиімділігін арттыруды растады
Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындауы жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасын қарау шеңберінде қазақстандық делегация БҰҰ-ның Әйелдерге қатыстыкемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитетке соңғы жылдары әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында жүзеге асырылған заңнамалық және институционалдық өзгерістердің нәтижелерін таныстырды.
Делегация құрамына Мәдениет және ақпарат, Әділет, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің, Сот әкімшілігінің, Бас прокуратураның, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жоғары лауазымды өкілдері кірді.
Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ-ның шарттық органдарымен мазмұнды өзара іс-қимыл Қазақстанның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі дәйекті жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Қазақстанның әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, экономикалық теңсіздікті азайту, зорлық-зомбылықтың барлық нысандарының алдын алу және заңмен бекітілген құқықтардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз ететін жағдайлар жасау бағытын жалғастыратындығына назар аударылды.
Диалог барысында заңнамалық кепілдіктерден әйелдерді зорлық-зомбылықтан іс жүзінде қорғауға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. 2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтті.
2024 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданып, қылмыстық жауаптылық күшейтілді және Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп құрбандарды анықтау стандарты енгізілді. Қазақстан сондай-ақ гендерлік бюджеттеу, отбасын қолдау, кемсітушіліктің алдын алу және «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру мәселелері бойынша БҰҰ құрылымдарымен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты жалғастыруда.
Халықаралық деңгейде Қазақстан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Елдің бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін халықаралық адам құқықтары күн тәртібінде бекіткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою» атты 57/18 қарарын қабылдады.
Қазақстан Әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейтуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілді. 2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша әйелдер Құрылтайдағы 145 депутаттық мандаттың 49-ын, яғни 33,8%-ын иеленді. Екі әйел Құрылтай Төрағасының орынбасарлары болып сайланды, тағы үшеуі тұрақты комитеттерді басқарды. Мемлекеттік қызметте де әйелдердің өкілдігі жоғары деңгейде сақталып отыр: олар барлық мемлекеттік қызметшілердің 55%-ын құрайды және басшылық лауазымдардың 39%-ын атқарады.
Әйелдердің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуде де елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2%-ын, яғни шамамен 1,1 млн кәсіпорынды әйелдер басқарады. Бұл кәсіпорындарда 1,5 млн-нан астам жұмыс орны құрылған. Қазақстан экономикасында шамамен 4,5 млн әйел еңбек етеді. Сонымен қатар әйелдердің ғылымға, цифрлық экономикаға және жоғары технологиялық салаларға қатысуы кеңейіп келеді. Арнайы бағдарламалар аясында 10 мыңнан астам әйел цифрлық дағдылар бойынша оқудан өтті.
Әйелдердің денсаулығын сақтау және оларды әлеуметтік қолдау саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы бес жылда ана өлім-жітімі 75%-ға азайды, ал ауылдық жерлердегі әйелдерді профилактикалық тексерулермен қамту деңгейі 62%-дан 81%-ға өсті. Сонымен қатар мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың мамандандырылған медициналық көмекке, жұмыспен қамтылуға және кедергісіз инфрақұрылымға қолжетімділігі кеңейіп келеді.
Астана, 2026 жылғы 6 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Елшісі Сайлас Тангалмен кездесу өткізді.
Тараптар екіжақты қатынастардың тұрақты серпінін және саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылдың өсуін атап өтті.
Нью-Делиде өткен XVIII БРИКС саммиті аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің жуырдағы кездесуінің қорытындылары жоғары бағаланды. Аталған кездесу екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін бергені атап өтілді. Тараптар энергетика, цифрландыру, жоғары технологиялар және креативті индустриялар салаларында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан мен Үндістанның көпжақты алаңдардағы, оның ішінде АӨСШК аясындағы өзара іс-қимылын нығайтуға ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Үндістан стратегиялық серіктестігін нығайту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша Арнаулы өкілі Еркін Тұқымов Мәскеуде арнайы өкілдер мен жоғары лауазымды тұлғалар деңгейінде Ауғанстан бойынша консультациялардың Мәскеу форматының 8-ші отырысына қатысты.
Қатысушылар Ауғанстандағы саяси және экономикалық ахуалды, өңірлік қауіпсіздік, терроризмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ Қабылмен өзара іс-қимылдың алдағы перспективаларын талқылады.
Е.Тұқымов Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасын және сауданы, өндірістік кооперацияны және көлік байланыстылығын одан әрі кеңейтуге мүдделілігін атап өтті. Сондай-ақ Ауғанстанға гуманитарлық қолдауды жалғастырудың маңыздылығын аталып өтті. Ағымдағы жылғы маусымда Ауғанстанға шамамен 319 тонна гуманитарлық көмек, оның ішінде 161 мың бірлік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жіберілді. Есірткі трафигіне қарсы іс-қимыл саласындағы жалғасып жатқан практикалық өзара іс-қимыл, оның ішінде ауғандық кинолог мамандарды даярлау және қызметтік иттерді беру бойынша ынтымақтастыққа назар аударылды.
Ауған және Пәкістан тараптары арасындағы сақталып отырған келіспеушіліктерге байланысты қатысушылар қорытынды бірлескен мәлімдемені келісе алмады. Сонымен бірге тараптар Мәскеу форматының Ауғанстандағы бейбітшілік, қауіпсіздік және даму мәселелері бойынша өңірлік диалог пен ынтымақтастықты үйлестіру алаңы ретіндегі қажеттілігін растады.
2026 жылғы қаңтар–шілде айларында Ауғанстанмен тауар айналымы 581,1 млн АҚШ долларын құрап, 2,4 есе өсті. Өңірлік көлік дәліздерін дамытуға және қазақстандық бизнестің инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының диалог және сенімді нығайту жөніндегі арнайы өкілі Серж Руминмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Швейцарияның 2026 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басымдықтары, сондай-ақ ағымдағы жылдың желтоқсан айында Лугано қаласында (Швейцария) өтетін Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, Арнайы өкілдің қызметіне, соның ішінде диалог пен сенімді нығайту мәселелеріне, өзекті халықаралық күн тәртібіне, сондай-ақ дінаралық және конфессияаралық іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Министрдің орынбасары Қазақстанның дінаралық және конвессияаралық диалогты ілгерілетудегі озық тәжірибесін атап өтті. Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы ашық диалог, өзара түсіністік және сенімді нығайтудың бірегей халықаралық платформасы ретіндегі рөлі аталып өтті.
Сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азиядағы ынтымақтастықтағы белсенді рөліне ерекше назар аударылды.
Тараптар диалогқа жәрдемдесу, өзара сенімді нығайту және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге бірлескен тәсілдерді іздеу мақсатында байланыстарды одан әрі дамытуға және тәжірибе алмасуға мүдделілігін растады.