Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Министрлік туралы
Комитеттер
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Консулдық туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
31 августа 2023
Қазақстан мен Тәжікстан СІМ басшыларының телефон арқылы сөйлесуі туралы

Астана, 2023 жылғы 31 тамыз – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен телефон арқылы сөйлесті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен дамыту перспективаларын талқылады. Министрлер жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы сапарлар кестесін, атап айтқанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесу форматындағы Сыртқы істер министрлерінің Кеңесіне дайындық барысын талқылады.

Тараптар сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».

29 августа 2023
Астанада «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» тақырыбындағы өңірлік конференция өтті

Астана, 2023 жылғы 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығымен», Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен, «Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқаны» (ICAN) және Sokka Gakkai International үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» тақырыбында өңірлік конференция ұйымдастырды. Конференцияға Орталық Азия мемлекеттерінің дипломаттары мен үкіметтік сарапшылары қатысты.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров құттықтау сөз сөйлеп, ядролық сынақтарға жаһандық тыйым салуды сақтаудың маңыздылығын атап өтті және ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы ұжымдық күш-жігердің негізгі элементі ретінде осы саладағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан дипломаты Астанадағы іс-шара ядролық сынақтардан және ядролық қарудан азат әлемді құру бойынша бірқатар жаһандық іс-шаралар кешенінің бөлігі екенін жеткізді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде дәстүрлі отырысты өткізіп, бұл күнді атап өтеді. Сонымен қатар, бұл бағытта жұмысты жалғастыруға шақыратын Қазақстан мен Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының бірлескен мәлімдемесі жарияланды.

Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа арналған панельдік сессия аясында, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баяндамасында қатысушылардың назары Ядролық сынақтар мен қоршаған ортаны оңалту құрбандарына көмек көрсету жөніндегі Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) жұмыс тобы шеңберінде Қазақстанның қызметіне, сондай-ақ осы мәселе бойынша Халықаралық траст қорын құру жөніндегі ҚР бастамасына аударылды.

Конференцияға қатысушылар ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы негізгі халықаралық құқықтық құжаттардың, оның ішінде Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт және т.б. үйлесімділігі мен бірін-бірі толықтыруы туралы пікір алмасты.

Анықтама: 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың күні ретінде бекітілді.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (ЯҚТСШ) 2017 жылы шілдеде қабылданды және 2021 жылы 22 қаңтарда күшіне енді (50 ратификацияға жеткеннен кейін). Тарихта алғаш рет бұл Шарт құқықтық тұрғыдан тыйым салынбаған соңғы жаппай қырып-жою қарулардың түрі ядролық қаруды иеленуіне халықаралық құқықтық тыйым салды. ЯҚТСШ-тың 68 мүше мемлекеті, 91 қол қойған мемлекеті бар. Қазақстан ЯҚТСШ бойынша келіссөз үдерісіне белсенді қатысып, 2018 ж. 2 наурызда оған қол қойды және 2019 жылы 29 тамызда ратификациялау инструментін тапсырды.

 

29 августа 2023
СІМ-де «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

 Астана, 2023 жылғы 29 тамыз – «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» сегізінші жыл сайынғы халықаралық байқауының жеңімпаздары Сыртқы істер министрлігі Бас редакторлар клубымен, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Хатшылығымен бүгін бірлесіп ұйымдастырған салтанатты рәсімде марапатталды.

Әзербайжан, Вьетнам, Испания, Италия, Канада, Малайзия, Өзбекстан және Эфиопиядан келген басылымдар мен репортаждардың авторлары туризм және АӨСШК санаттарын қоса алғанда, әртүрлі номинациялар бойынша үздік деп танылды. Жарияланымдар ҚР-ның жаһандық ілгерілеуі мен инвестициялық әлеуетін, мәдениетін, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі АӨСШК рөлін қоса алғанда, әртүрлі тақырыптарды қамтыды.

Жеңімпаздарды құттықтаған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко конкурсқа ұсынылған барлық жұмыстардың жоғары деңгейін және әртүрлі елдердің БАҚ өкілдер өтінімдерінің үнемі өсіп келе жатқанын атап өтті. Биыл қазылар алқасының қарауына әлемнің 40 елінен 70-тен астам материал келіп түсті.

Марапаттау рәсімі 2009 жылы ҚР бастамасымен БҰҰ жариялаған ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнімен тұспа-тұс келді. Өз сөзінде Р. Василенко Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы бастамаларының өзектілігін ерекше атап өтіп, іс-шара қонақтарына қазақстандық суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковты таныстырды. Осы іс-шара аясында Министрліктің фойесінде аталған суретші суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Еуропа мен Азия арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды нығайтудағы рөліне, елдің жаһандық ынтымақтастық пен экономикалық өзара іс-қимылды жолға қою жөніндегі күш-жігеріне егжей-тегжейлі тоқтады. Осы тұрғыда Қазақстан биылғы жылы «орта державалар» арасындағы диалогқа жәрдемдесетін, поляризация мен бұрын-соңды болмаған геосаяси сын-қатерлер дәуірінде «бейбітшілік, прогресс және ынтымақтастық үшін дауыстарды күшейтудің» жолсерігі бола отырып, Астана Халықаралық Форумын өткізуге бастамашы болғанын атап өтті.

Салтанатты шараға Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, АӨСШК әскери-саяси өлшем сарапшысы Елші Дулат Қуанышев, ҚР Мәдениет және спорт Вице-министрі Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов, сондай-ақ Әзербайжан, Вьетнам, Испания, Италия, Канада, Малайзия және Өзбекстан елшілері мен дипломаттары қатысты.

Байқаудың барлық қатысушыларына алғысын білдіре отырып, Б. Жексенбай шетелдік БАҚ-та жарияланған Қазақстан туралы материалдар мемлекеттің шетелдегі имиджін ілгерілетуге жемісті әсер ететінін атап өтті. Д. Қуанышев өз кезегінде АӨСШК номинациясы бойынша екі жеңімпаздың жұмысын ерекше атап өтті және осы форумдағы қазіргі қазақстандық төрағалықтың басымдықтары туралы хабардар етті.

Өзбекстанның ҚР-дағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаев қатысушыларды алдағы ҚР Конституциясы күнімен құттықтап, Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау ісіндегі ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Елші Орталық Азия елдеріндегі ауқымды реформаларды БАҚ-та объективті жариялаудың маңыздылығын атап өтіп, жаңа Қазақстанды құруда табыс тіледі.

Канадалық журналист Донован Маккензи Қазақстан мен Канада елдердегі этносаралық және дінаралық келісім, ірі державалармен көршілестік, белсенді және бастамашыл сыртқы саясат сияқты ортақ қасиеттерді біріктіретінін атап өтіп, елімізге белгіленген мақсаттарға қол жеткізуде табыс тіледі.

 «The Voice of Vietnam» Вьетнам ұлттық радиосының тілшісі Суан Нгуен барлық қатысушылардың атынан Қазақстанға келу мүмкіндігі үшін ризашылығын білдіріп, екі ел халықтары арасындағы достықты нығайтуға және Қазақстанға туристік ағымды ұлғайтуға үміт артты.

Естелік жүлделерден басқа, жүлдегерлер Астана, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында болу мүмкіндігіне ие болды. Тур барысында қонақтар мәдени және тарихи орындарға экскурсияларға қатысады, қызықты әңгімелесушілермен кездесулер өткізеді.

28 августа 2023
Қазақстанның Тұрақты өкілі ЕҚЫҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын тапсырды

Вена, 2023 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидке сенім грамоталарын табыстады. Бұл рәсім Аустрия астанасында ЕҚЫҰ Хатшылығының штаб-пәтерінде өтті.

ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің жаңа мүшесін қарсы алған Бас хатшы қазақстандық дипломатты жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан Ұйымның белсенді қатысушысы болып табылатынын және оның қызметіне елеулі үлес қосатынын атап өтті. Өз кезегінде, М. Тілеуберді Хатшылықтың ұйым жұмысын үйлестіру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық өлшем әлеуетін одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Сол күні М. Тілеуберді Қазақстанның Венадағы Елшісі ретінде Аустрия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Петер Лаунски-Тиффентальға сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.

Қазақстандық дипломат 2022 жылы Нью-Йорк қ. БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы аясында өткен Қазақстан мен Аустрия президенттерінің жемісті кездесуін назарға алды. Одан әрі «аса жоғары деңгейдегі» және «жоғары деңгейдегі» сапарлар кестесі, сондай-ақ саяси және экономикалық диалогты нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігерді үйлестіру мәселелері талқыланды.

Екіжақты қарым-қатынастарды тереңдету, өзара сауданы ұлғайту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне өзара қызығушылық білдірілді.

28 августа 2023
Чехия Елшісі Қазақстандағы өз миссиясын лайықты түрде аяқтауда

Астана, 2023 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Чехия Елшісі Рудолф Гиклді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.

Кездесу аясында Р. Василенко Елшіге екі ел арасындағы екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс хатты табыстады.

«Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі Чехиямен жан-жақты және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту болып табылады. Чехия Қазақстанның ЕО елдері арасындағы маңызды сауда серіктестерінің бірі», – деп атап өтті Р. Василенко.

Әңгіме барысында соңғы жылдары қол жеткізілген саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейіне жоғары баға берілді. 2023 жылғы 23-24 сәуірде Чехия Премьер-министрі Петр Фиаланың Қазақстанға ресми сапары бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қоюға мүмкіндік беріп, дәстүрлі достық Қазақстан-Чех қатынастарының барлық кешенін дамытуға қосымша серпін тигізгені атап өтілді.

Тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы саяси қатынастардың жоғары деңгейі сауда-экономикалық әлеуетті де іске асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырғанын атап өтті. 2023 жылдың күзінде Астана қаласында жоспарланған Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия екі елдің өзара іс-қимылын нығайту мен дамытудың пәрменді тетігі болып табылады.

Кездесу соңында Р. Василенко Чехия Елшісіне жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандырудағы белсенді қызметі үшін алғыс айтып, алдағы қызметіне табыс тіледі.

Р. Гиклдің Қазақстандағы Чехия Елшісі ретіндегі бес жылға жуық жұмыс кезеңі Қазақстан өңірлері бойынша көптеген сапарларға, сондай-ақ облыс басшыларымен, ресми тұлғалармен, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесулерге толы болды. Елші еліміздің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысты.

Р. Гикл Қазақстандағы миссиясы барысында тұрақты қолдау мен қонақжайлылық көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелердің барлық спектрі бойынша берік және үйлесімді екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға сенім білдірді.

Анықтама: Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара сауда көлемі 2022 жылы 67% - ға өсіп, 423 млн АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 123,7 млн АҚШ доллар (өсім 41,8%), импорт – 299,4 млн АҚШ доллар (өсім 80,9%).

2005 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанға Чехиядан 280 млн АҚШ доллар тікелей инвестиция салынды.

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда чех капиталының қатысуымен 158 жуық кәсіпорын қызмет етеді. Олардың арасында Fosfa, Puro Klima, Home Credit, Linet және Ravak сияқты танымал чех компаниялары бар.

28 августа 2023
Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 28 тамыз

Мазмұны:

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің отырысына қатысуының қорытындылары туралы;
  2. БҰҰ-ның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні туралы;
  3. «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ» атты өңірлік конференциясы туралы.

 

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің отырысына қатысуының қорытындылары туралы

2023 жылғы 24-25 тамызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің отырысына қатысу үшін Арменияның Цахкадзор қаласына сапармен барды.

Іс-шараға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің – Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей үкіметтерінің басшылары қатысты.

Өткен кездесудің басты тақырыбы осы интеграциялық экономикалық бірлестіктің одан әрі дамуын талқылау болды. Атап айтқанда, Үкімет басшылары 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық перспективалары туралы ЕАЭО декларациясының жобасы бойынша пікір алмасты, оны ағымдағы жылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетін ЕАЭО саммитінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері көшбасшыларының қарауына ұсыну жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов біздің басты басымдықтарымыз бен ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастықтың стратегиялық бағытын белгіледі.

Цахкадзордағы кездесуде қорытынды құжаттарға қол қою қарастырылмаған.

 

  1. БҰҰ-ның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні туралы

2009 жылғы 29 тамызда Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен Ұйымның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленді. 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылғаны мәлім. Бұл әлемдегі ең ірі полигонның жабылуы 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қабылдануына жол ашты. Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні бүкіл әлемде кеңінен аталып өтеді.

Осылайша, ү.ж. 29 тамызда Нью-Йоркте бұл мәселе бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы өтеді. БҰҰ-ның Вена алаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы басшысының бірлескен мәлімдемесі жарияланады, онда ядролық сынақтар мен ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің маңыздылығы аталып өтеді. БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімшесінде, Қазақстанның Берндегі Елшілігінде және әлемнің басқа да қалаларында ядролық сынақтар бойынша арнайы дөңгелек үстелдер мен сарапшылардың талқылауларын өткізу жоспарланған.

 

  1. «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ» атты өңірлік конференциясы туралы

2023 жылғы 29 тамызда Астана қаласында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні шеңберінде Орталық Азия мемлекеттерінің дипломаттары мен сарапшыларының қатысуымен ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» және «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқан» (ICAN) үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ» атты өңірлік конференция жоспарланып отыр.

Іс-шараның ашылуы барысында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың сөз сөйлеуі жоспарлануда.

 

25 августа 2023
ҚР СІМ-де USAID-пен ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Астана, 2023 жылғы 25 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко АҚШ-тың Азия бойынша Халықаралық даму агенттігі (USAID) әкімшісі көмекшісінің орынбасары Анджали Каурмен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен USAID арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын, өңірлік сауда, жаңартылатын энергия көздері мен климаттың өзгеруі мәселелерін, сондай-ақ KazAID және USAID арасындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Америкалық тарап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын қолдайтынын, сондай-ақ USAID денсаулық сақтау, заң үстемдігі, экономиканы әртараптандыру, энергетика, қоршаған орта және т.б. салалардағы бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды жалғастыруға бейілділігін растады.

Анықтама: 1992 жылдан бастап USAID Қазақстанда кең ауқымды бағыттарды, соның ішінде экономиканы әртараптандыру, энергетика, экология, денсаулық сақтау, заң үстемдігі және т.б. салаларды қамтитын көптеген жобаларды іске асырды.

25 августа 2023
Қазақстан мен Бразилия сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейтуде

Сан-Паулу, 2023 жылғы 24 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Бразилияға жұмыс сапары барысында іскер топтар мен экономикалық бірлестіктердің өкілдеріне арналған «Бразилия-Қазақстан: инвестициялық және сауда мүмкіндіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараға Бразилияның Сауда палатасы (CNC), Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы (CNI), Жеміс өндірушілер мен экспорттаушылар қауымдастығы (Abrafrutas), Ауыл шаруашылығы өндірушілері мен мал өсірушілер конфедерациясы (CNA) болды, Сиыр еті экспорттаушылар қауымдастығы (ABIEC), Embraer ұшақ өндірушісі, «Minerva foods» азық-түлік, «Vale» тау-кен компаниялардың өкілдері және т.б. қатысты.

Іс-шараны Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі «InvestSP» Инвестицияларды ынталандыру агенттігімен және Сан-Паулу штатының әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Отырыс барысында Қазақстаннан Бразилияға тауар жеткізуді ұлғайту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстандық компаниялардың өкілдері баяндамалар жасап, бразилиялық компаниялармен алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілі Ғалымжан Матаевтың Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, көлік бағыттары мен жеткізу тізбегін әртараптандыру туралы баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Дөңгелек үстел соңында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және «BGI Brazil» Экономикалық заңгерлер қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, сапар барысында Қ. Омаров Ұлттық өнеркәсіптік конфедерацияның (CNI) Вице-президенті Гилберто Петримен кездесіп, ү.ж. 13 сәуірде Астанада өткен Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің екінші отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ бразилия тарапы қазақстандық компаниялар үшін қызығушылық тудыру мүмкін бірқатар жаңа жобаларды ұсынды.

Сапар соңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ. Омаров Сан-Паулудағы Қазақстанның бірінші Құрметті консулдығының ресми ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараға Бразилияның мемлекеттік органдарының, қоғамдық-саяси және іскер топтарының, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

 

25 августа 2023
АӨСШК Арнайы жұмыс тобы мен Аға лауазымды тұлғалар комитетінің кезекті отырыстары өтті

Астана, 2023 жылғы 21-22 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Талғат Қалиевтің төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК, Азия Кеңесі) Арнайы жұмыс тобы мен Аға лауазымды тұлғалар комитетінің (АЛТК) кезекті отырыстары өтті.

Іс-шаралар барысында Азия Кеңесі сенім шараларын іске асыру жөніндегі құжаттың жобасы, сондай-ақ, АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің Тұрақты даму үшін волонтерлік қызметті ілгерілету жөніндегі мәселелер талқыланды.

Мүше мемлекеттер іске асыру тетіктерін жетілдіру және АӨСШК сенім шараларын үйлестіру бойынша пікір алмасып, ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша тұжырымдаманы әзірлеудің ағымдағы барысы туралы ақпаратты тыңдады.

АЛТК отырысының қорытындысы бойынша Азия Кеңесін трансформациялау жөніндегі жол картасының және 2023 жылы 21 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында өтетін Бейресми министрлік кездесудің барысында бекітілетін АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің Тұрақты даму үшін волонтерлік қызметті ілгерілету жөніндегі мәлімдеменің жобалары бойынша шешім қабылданып, 2024-2025 жж. арналған «Қауіпсіздік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану (ИКТ)» басым бағыты бойынша Ресей және Қытайдың үйлестірушілік қызметі бекітілді.

24 августа 2023
Қазақстан Елшісі Хорватияның Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Загреб, 2023 жылғы 24 тамыз – Қазақстанның Хорватиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақылбек Камалдинов Хорватия Республикасының Президенті Зоран Милановичке Сенім грамоталарын тапсырды.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Хорватия мемлекетінің басшысын Қазақстандағы саяси және экономикалық трансформация аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ауқымды реформалардың іске асырылу барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Тараптар Қазақстан мен Хорватия арасындағы қарым-қатынастардың достық сипаты, екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға және екі елдің халықаралық және еуропалық тректердегі өзара іс-қимылын тереңдету бойынша дәйекті бағытты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сауда-экономикалық сала серіктестіктің басым бағыты ретінде белгіленді. Екі жақтың пікірінше, халықаралық жағдайдың құбылмалылығының артуына байланысты ынтымақтастықтың қолданыстағы тетіктерін, соның ішінде Үкіметаралық комиссия, саяси консультациялар және басқа да форматтарды тиімді пайдалану маңызды деп келісті. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де қозғалды.

Жылы атмосферада өткен кездесу соңында Зоран Миланович Қазақстан халқына және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі ниетін жолдай отырып, Елшіге дипломатиялық миссиясының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Социальные сети
Facebook
Telegram
Twitter
YouTube
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы