Меню

Страницы

Статья

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммиті барысында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан Президенттері қол қойды.

Бұл құжат Каспий теңізіне, оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстар мен әуе кеңістігін қоса алғанда, тараптардың құқықтары мен міндеттемелері айқындалатын және реттелетін негізін құрайтын халықаралық шарт болып табылады

Конвенция ұлттық аймақтарды шектеу; юрисдикциялар мен егемендік; жер қойнауын пайдалануға құқықтарды жүзеге асыру; транзит пен тасымалдау; су асты құбырлары мен кабельдерді төсеу; қоршаған ортаны және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қорғауға байланысты мәселелерді реттейді. Каспий маңы мемлекеттерінің әскери қызметі тұрғысынан алғанда қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударылған.

Конвенцияға сәйкес Каспий теңізінің теңіз акваториясы түрлі режимдермен аймақтарға бөлінеді. Тараптар ені 15 теңіз милінен аспайтын аумақтық суларды белгілейді, бұл ретте олардың сыртқы шекаралары мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық сулар әрбір мемлекеттің өзінің айрықша құқықтарына ие он мильдік балық аулау аймақтарымен жанасады.

Биологиялық ресурстардың бірегей популяциясын сақтау мақсатында барлық акватория бойынша балық аулау келісілген ұлттық квоталар негізінде жүзеге асырылады.

Балық аулау аймақтарынан тыс ортақ су кеңістігі сақталатын болады. Теңіз мемлекеттік шекараларынан тыс жағалау елдерінің тулары астындағы кемелер үшін теңізде жүзу еркіндігі қолданылады. Басқа теңіздерге және Әлемдік мұхитқа көліктің барлық түрлерінің транзит еркіндігі туралы уағдаластықтың маңызы өте зор. Жер қойнауын пайдалануға және басқа да заңды шаруашылық-экономикалық қызметіне олардың егемендік құқықтарын іске асыру мақсатында Каспий теңізінің түбі мен қойнауын секторларға бөлу халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын ескере отырып, шектес және қарсы жатқан мемлекеттердің уағдаластықтары бойынша жүзеге асырылады.

Сондай-ақ экологиялық талаптар сақталған жағдайда теңіз түбі арқылы магистралдық құбыр желілері мен кабельдерді төсеу мүмкіндігі көзделген. Каспийдің экологиялық жүйесі мен оның барлық компоненттері жан-жақты қорғалады және күзетіледі. Теңіздегі кез келген қызмет теңіздің қоршаған ортасы мен оның биологиялық әртүрлілігіне залал келтірмеуі тиіс.

Конвенцияны тиімді имплементациялау мақсатында сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары/жағалаудағы мемлекеттерінің уәкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бес жақты арнайы консультациялар тетігі – Каспий теңізі мәселелері бойынша Жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылуда.

Қазіргі уақытта тараптар Конвенция депозитарийінің (Қазақстан Республикасының) бесінші бекіту грамотасын алған күнінен бастап күшіне енетін Конвенцияны ратификациялаудың мемлекетішілік рәсімдерін жүргізуде. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау және халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген жағалаудағы мемлекеттер арасында тұрақты және достық қатынастар орнату тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі келіссөздер 1992 жылы бес Каспий маңы мемлекетінің теңізіндегі ынтымақтастық мәселелерін реттеу мақсатында басталды.

1992-1996 жылдар аралығында Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері орынбасарларының бес кездесуі, сарапшылардың үш кеңесі, сондай-ақ бірқатар екі және үш жақты кездесулер өткізілді, олардың барысында тараптар Каспий теңізімен байланысты жекелеген мәселелерді талқылады.

1996 жылғы қарашада Ашхабадта өткен жағалау маңындағы елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде әзірлеу жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды (АЖТ).

Осы институттың отырыстары әр Каспий маңы мемлекетінің аумағында кезекпен өткізілді. Арнайы жұмыс тобының 52 отырысы (соңғы отырысы 2018 жылғы 10 тамызда Ақтау қаласында) өткізілді.

Тараптар ұстанымдарын жақындастыру мақсатында тұрақты негізде Каспий маңы елдерінің әртүрлі форматтардағы консультациялары өткізілді.

Келіссөздер процессі шеңберінде Каспий маңы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің жеті кеңесі (1996 жылы 11-12 қарашада Ашхабадта, 2004 жылы 6 сәуірде Бакуде, 2007 жылы 20 маусымда Тегеранда, 2014 жылы 22 сәуірде Мәскеуде, 2016 жылы 12-13 шілдеде Астанада, 2017 жылы 4-5 желтоқсанда Мәскеуде, 2018 жылы 11 тамызда Ақтауда) өтті.

Ақтауда өткен жоғарғы деңгейдегі кездесуге дейін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының төрт саммиті (2002 жылы 23-24 сәуірде Ашхабадта, 2007 жылы 16 қазанда Тегеранда, 2010 жылы 18 қарашада Бакуде және 2014 жылы 29 қыркүйекте Астраханда) өтті.

2002 жылғы Ашхабадта өткен бірінші Каспий саммиті жоғары деңгейдегі кездесулер өткізудің негізін қалады.

Екінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша саяси деңгейде Каспийдің құқықтық мәртебесі, теңіздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі мәселелері, сондай-ақ Каспий маңы мемлекеттерінің халықаралық қатынастарының жекелеген аспектілері бойынша ұстанымына байланысты мемлекеттердің қолдағы бар уағдаластықтарын бекітетін Әзірбайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түркіменстанның Декларациясына қол қойылды.

Үшінші Каспий саммиті шеңберінде Президенттердің Бірлескен мәлімдемесі мен Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Бірлескен мәлімдемеде «Каспий бестігінің» көшбасшылары Екінші саммит декларациясында көрсетілген ұстанымдарға бейілділігін растады және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенциямен жұмысты аяқтау қажеттігін атап өтті.

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негіздемелік құжат бола отырып, ынтымақтастықтың негізі салалары мен нысандарын бекітіп, жағалау мемлекеттерінің Каспийдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және заңға қайшы келетін қызметтермен күресте өзара іс-қимыл үшін құқықтық негіз жасап берді. Тараптардың ортақ түсінігі бойынша мұндай өзара іс-қимылдардың нақты тетіктері аталған Келісімге тиісті хаттамаларда бекітіледі.

Бұдан басқа, Әзірбайжан астанасында жағалау мемлекеттерінің басшылары жағалау маңындағы мемлекеттің егемендігіндегі су кеңістігін қамтитын ұлттық аймақтың еніне қатысты қағидаттық сипаттағы уағдаластыққа қол жеткізді.

Бакудегі кездесу шеңберінде Каспий теңізінде бекіре балық түрлерін аулауға мораторий енгізу тетігін әзірлеу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді (мемлекет басшылары деңгейінде тиісті Хаттамалық шешім қабылданды).

Төртінші Каспий саммиті барысында Президенттер теңіз жағалауындағы мемлекеттердің қызметі жүзеге асырылуы тиіс қағидаттардың кең тізбесін бекітетін бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл қағидаттар Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасының құрамына енгізілген.

Сондай-ақ, Төртінші Каспий саммиті аясында Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге, Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Жоғарыда аталған құжаттардан басқа, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Каспий теңізіне қатысты мынадай халықаралық шарттарға:

- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендiк құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңiзi солтүстiк бөлiгiнiң түбiн межелеу туралы 1998 жылғы 6 шiлдедегi келiсiмге және оған жасалған төрт хаттамаға;

- Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Каспий теңізінің түбін бөлу туралы 2001 жылғы 29 қарашадағы келісімге;

- 2003 жылғы 14 мамырдағы Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Каспий теңізі түбінің шетес учаскелерін межелеп бөлу сызықтарының түйісу нүктесі туралы келісімге;

- 2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау туралы негіздемелік конвенция және оған жасалған төрт хаттамаға;

- 2014 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізінің түбін Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында бөлу туралы келісімге;

- Ақтау саммиті барысында Каспий маңы елдерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, Каспий теңізіндегі оқиғалардың алдын алу туралы келісімдерге, сондай-ақ, терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Шекара ведомстволарының өзара іс-қимылдары туралы хаттамаларға қол қойылды.

Дата публикации
16 октября 2019
Дата обновления
16 октября 2019
Тип

Сейчас читают

Ақпарат
02 апреля 2025
Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім
Ақпарат
03 марта 2025
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім
Ақпарат
03 марта 2025
Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісім (Жай операциялар) (Фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 1-кіші бағдарлама).

Социальные медиа

Facebook
Telegram
Twitter
YouTube
Instagram

Меню подвал

Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы