Қазақстан-Америка қатынастары
Негізгі күндер
1991 ж. 25 желтоқсан – АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін мойындады.
1991 ж. 26 желтоқсан – дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
1992 ж. 15 қыркүйек – ҚР-дағы АҚШ Елшілігі ашылды.
1992 ж. 30 қазан – АҚШ-та ҚР Елшілігі ашылды.
2009 ж.14 желтоқсан – Алматыда АҚШ-тың Бас консулдығы ашылды.
2010 ж. 21 қаңтар – Нью-Йорк қаласында ҚР Бас консулдығы ашылды.
2019 ж. 3 қаңтар – Сан-Франциско қаласында ҚР Бас консулдығы ашылды.
2021 ж. 5 сәуірден бастап – Е.Ашықбаев ҚР-дың АҚШ-тағы Елшісі.
2022 ж. 6 тамыздан бастап – Д.Розенблюм АҚШ-тың ҚР-дағы Елшісі (2022 ж. 14 қарашада ҚР Президентіне сенім грамоталарын тапсырды).
Саяси диалог
Қазақстан мен АҚШ арасында екіжақты қарым-қатынастардың барлық спектрі бойынша көп қырлы өзара іс-қимылмен сипатталатын кеңейтілген стратегиялық серіктестік орнатылды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2019 ж. 21-23 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына қатысты, онда ол АҚШ Президенті Д.Трамппен және БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен кездесті. БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы жоғары деңгейдегі онлайн сессиясы аясында (2021 ж. 22 қыркүйек) Мемлекет басшысы Ақ үйдің бастамасымен өткен COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі Жаһандық саммитте сөз сөйледі.
2022 ж. 17-20 қыркүйекте ҚР Президенті Қ.Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясына қатысты, оның аясында Американың қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы және т.б. компанияларымен, сондай-ақ саяси және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерімен кездесу өткізді.
Жоғары деңгейдегі байланыстар
Соңғы уақытта болған маңызды оқиғалардың қатарында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Т.Сүлейменовтің (2022 ж. сәуір, қазан), ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Е.Қазыханның (2022 ж. қараша, 2023 ж. қаңтар), ҚР Президентінің көмекшісі М.Мырзағалиевтің (2022 ж. наурыз), ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің (2022 ж. мамыр), ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ.Омаровтың (2022 ж. желтоқсан), ҚР Энергетика бірінші вице-министрі М.Жүребековтің (2022 ж. наурыз), ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төраайымы Л.Рамазанованың және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Э.Азимованың (2022 ж. наурыз) және т.б. АҚШ-қа сапарлары аясындағы бірқатар екіжақты іс-шараларды атап өтуге болады.
Парламенттік дипломатия
Тұрақты негізде парламентаралық диалогты ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2022 ж. 29 мамыр – 3 маусым аралығында АҚШ Мемдепартаментінің Мәдени және білім беру бағдарламасы (MECEA) шеңберінде АҚШ Конгресі қызметкерлерінің делегациясы (STAFFDEL) Қазақстанға сапармен келіп кетті.
2022 ж. 22-27 маусымда ҚР Парламенті аппаратының қызметкерлері АҚШ-та іссапармен болды.
2022 ж. 26 шілде – 5 тамыз аралығында ҚР Парламентінің депутаттары «Open World» бағдарламасы аясында АҚШ-та болды.
2022 ж. 29 тамыз – 2 қыркүйек аралығында Мемдепартаментінің Мәдени және білім беру бағдарламасы (MECEA) аясында АҚШ Конгресінің мүшелері Дж.Панетта мен Т.Суоззи Астана, Алматы және Түркістан қалаларында болып қайтты. Мемлекет басшысымен, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағаларымен, Министр М.Тілеубердімен және Алматы қаласы мен Түркістан облысы әкімдіктерінің басшылығымен кездесулер өтті, тарихи-рухани мұра орындарын аралап, мәдени іс-шараларға қатысты.
2022 ж. 4-10 қарашада АҚШ-та ҚР Парламенті Сенатының депутаты А.Әлназарова ЕҚЫҰ ПА арқылы АҚШ Конгресінің аралық сайлауына бақылау жасады.
Екіжақты ынтымақтастық тетіктері
Қазақстан-Америка желісінде Адам құқықтары және демократиялық реформалар бойынша жоғары деңгейдегі диалог (ЖДД), Кеңейтілген стратегиялық серіктестік комиссиясы (КССК), Стратегиялық энергетикалық диалогы (СЭД), АҚШ Сауда палатасы жанындағы Іскерлік кеңес сияқты екіжақты механизмдер, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты серіктестікті нығайтуға көмектесетін бірқатар салалық жеке Жұмыс топтары Қазақстан-америкалық тректе тиімді жұмыс жасайды.
С5+1
2015 ж. қыркүйекте бастау алған С5+1 бастамасы одан әрі дамып келеді. Бүгінгі таңда С5+1 тетігі Орталық Азияның көпқырлы дамуын қамтамасыз етуде аймақтық ынтымақтастықтың тиімді дипломатиялық алаңы ретінде өзін танытты.
Сыртқы істер министрлері деңгейінде барлығы он бес отырыс өтті:
2015 ж. 1 қараша (Самарқанд), 2016 ж. 3 тамыз (Вашингтон), 2016 ж. 7 желтоқсан (Гамбург), 2017 ж. 22 қыркүйек және 2018 ж. 19 қаңтар (Нью-Йорк), 2019 ж. 21 тамыз (Астана), 2019 ж. 22 қыркүйек (Нью-Йорк), 2020 ж. 3 ақпан (Ташкент), 2020 ж.
30 маусым, 2021 ж. 23 сәуір (бейнеконференция режимінде), 2021 ж. 15 шілде (Ташкент) және 2021 ж. 22 қыркүйек (Нью-Йорк, гибридтік форматта), 2022 ж. 28 ақпан және 22 қыркүйек (бейнеконференция режимінде, Нью-Йорк), 2023 ж. 28 ақпан (Астана).
Қауіпсіздік және терроризммен күрес саласындағы ынтымақтастық
2019 және 2021 жж. аралығында америкалық серіктестермен бірлесіп Сириядан 607 қазақстандықты елге қайтару үшін «Жусан» көп сатылы гуманитарлық операциясы сәтті жүзеге асырылды.
Инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық
Сауда-экономикалық ынтымақтастық дәстүрлі түрде Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда 2022 ж. 3,05 млрд. долларды құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда (2,2 млрд. доллар) 37,2%-ға артық. Бұл ретте ҚР-дан АҚШ-қа экспорт 1,15 млрд. долларды, АҚШ-тан ҚР-ға импорт
1,89 млрд. долларды құрады. Тәуелсіздік жылдарында (1993 ж. бері) АҚШ-тан ҚР-ға тікелей инвестиция ағыны 62 млрд. долларынан асты. 2022 ж. алғашқы үш тоқсанында АҚШ-тан ҚР-ға тікелей инвестиция ағыны алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3,1 млрд. доллар) 58,8%-ға өсіп, 5 млрд. доллардан асты.
АҚШ Қазақстан экономикасының екінші ірі инвесторы болып қала береді. Инвестициялық ынтымақтастық үшін ең тартымды салалардың қатарында қаржы секторы, энергетика, бөлшек сауда, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, көлік, байланыс, фармацевтика және жылжымайтын мүлік бар.
ҚР-да америкалық капиталдың қатысуымен 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте АҚШ компаниялары Қазақстан нарығына қызығушылық танытуда.
ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына ірі америкалық компаниялардың (Шеврон, ЭксонМобил, Дженерал Электрик, Филипп Моррис, Джи Пи Морган Чейз, Ситибанк, Бейкер МакКензи және т.б.) белсенді қатысуы екіжақты экономикалық қарым-қатынастардың дамуына қосымша серпін береді.
Энергетикалық ынтымақтастық
Соңғы онжылдықтарда АҚШ Қазақстандағы энергетика саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты және осы саладағы басты инвестор болып қалуда. «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» үш ірі кен орындарына АҚШ-тың инвестициясы 176 млрд. астам долларды құрады.
Стратегиялық энергетикалық диалог (СЭД) энергетикалық ынтымақтастық саласындағы негізгі тетік болып табылады. Физикалық ядролық қауіпсіздік пен ядролық энергетика; көмірсутек ресурстары; жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі; электр энергетикасы сияқты бағыттарда жұмыстар жүргізілуде.
Көлік және логистика
ҚР мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын орнату пысықталып жатыр. 2019 ж. 30 желтоқсанда ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылып, ол 2022 ж. 15 наурызда өз күшіне енді.
Сонымен қатар, 2016 ж. бастап АҚШ-қа іскерлік, жеке және туристік мақсатта баратын қазақстандықтар 10 жылға жарамды америкалық визаларды алады.
Білім беру
ҚР мен АҚШ арасындағы ғылыми-техникалық және білім беру саласындағы ынтымақтастық оң бағытта дамып келеді. Білім беру бағдарламаларын кеңейту, білім беру жобаларына инвестиция тарту, сондай-ақ қазақстандық және жетекші америкалық университеттер арасында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілуде. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасында 5 мың маман даярлауды көздейтін 10 жылдық Келісімге қол қойылды (2022 ж. қыркүйек). АҚШ Қазақстанмен FLEX, Fulbright және SABIT бағдарламалары бойынша білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыруда.
«Болашақ» стипендиаттары АҚШ-та тұрақты негізде оқиды. Жалпы, «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында жалпы 12 018 адам әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Олардың 2885-і АҚШ-та оқуын аяқтады.
Әйелдер кәсіпкерлігі
USAID-пен бірлесіп 2022 ж. Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың 17 орталығы құрылды.
2021 ж. Қазақстандағы АҚШ Мемдепартаменті АХҚО-мен бірлесіп әйелдерге жаңа бизнес ашу және бар бизнесті кеңейту үшін қажетті біліммен, дағдылармен және іскерлік байланыстармен қамтамасыз ететін Кәсіпкер әйелдер академиясын (AWE бағдарламасы) құру туралы бастама көтерді. Бүгінгі таңда Қазақстанның 130 әйелі AWE бағдарламасының түлегі атанды.
Құқықтық база
30-жылдық дипломатиялық байланыс ішінде кең ауқымды қарым-қатынастардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететін берік шарттық-құқықтық база құрылды. Барлығы 100-ден астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерге қол қойылды.