Меню

Страницы

Статья

Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы арасындағы қатынастар

Жалпы ақпарат

1992 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасы мен Эстония арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

1995 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігі, Латвия Республикасында және Эстония Республикаларында (қоса қызмет атқару) ашылды.

2011 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасындағы Эстония Республикасының Елшілігі ашылды.

2012 жылдың шілдесінде Финляндия мен Эстония (қоса қызмет атқару) Республикаларында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.

2013 жылғы наурызда Таллинн қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығы ашылды.

2019 жылдың 18 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Таллинндегі консулдығы Қазақстанның Эстониядағы Елшілігі болып қайта құрылды.

2019 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Н.Сейтімов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылады.

2021 жылғы 1 тамыздан бастап Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Т.Тирс.

2020 жылдан бастап Эстонияда Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы (Палдиски қ.) жұмыс істейді.

Саяси қатынастар

Екі ел арасындағы саяси қатынастар өзара түсіністік жағдайында дамуда. Халықаралық мәселелердің негізгі аспектілері бойынша тараптардың ұстанымдары жақын.

2022 жылғы 27 мамырда Қазақстан мен Эстонияның Сыртқы істер министрліктері екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына байланысты Бірлескен коммюникені қабылдады.

Өте жоғары деңгейдегі байланыстар

1994 жылы маусымда Эстония Республикасының Президенті Л.Мери Қазақстанға ресми сапармен келді. Сапар барысында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

1994 жылы тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Эстонияға ресми сапармен келді, одан кейін екі ел арасындағы қатынастардың негізгі бағыттары бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

2011 жылғы 20-21 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Эстонияға мемлекеттік сапармен барды. Іс-шараның қорытындысы бойынша мемлекетаралық әріптестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

2015 жылғы 26-27 ақпанда Эстонияның экс-президенті А.Рюйтелдің басшылығымен өкілдік бизнес делегациясының Қазақстан Республикасына жұмыс сапары болды. Транзиттік және көлік саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ бірлескен өндірістер құру үшін алдыңғы қатарлы эстондық агроөнеркәсіптік технологияларды енгізу ұсынылды.

2015 жылғы 30 мамыр - 1 маусым аралығында Эстонияның экс-президенті А.Рюйтель Қарағанды ​​облысы, Спасский ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемориалының ашылу салтанатына қатысу үшін Қазақстан Республикасына келді.

Жоғары деңгейдегі байланыстар

2009 жылғы 7-9 қыркүйекте Эстония Премьер-министрі А.Ансиптің Астанаға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен, Премьер-министрі К.Мәсімовпен және Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Ж.Тоқаевпен келіссөздер өтті.

2012 жылғы 4-5 мамырда Эстония Сыртқы істер министрі У.Паэттің Астанаға ресми сапары барысында Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ресми ашылу рәсімі болды.

2012 жылғы 6 қыркүйекте Эстония Республикасының Премьер-министрі А.Ансиптің Астанаға жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен келіссөздер өтті. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Мәсімовтің қатысуымен қазақстан-эстон бизнес-форумы өтті.

2018 жылғы 28-29 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары А. Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация екіжақты келіссөздер жүргізу және ақпараттық технологиялар мен экономика салаларын цифрландыру саласындағы Эстония тәжірибесін зерделеу мақсатында ресми сапармен Эстонияға келді.

2018 жылғы 17-19 мамырда Эстонияның экс-президенті Тоомас Хенрик Ильвес Астана экономикалық форумына қатысты.

2018 жылғы 5-6 қарашада Эстония Премьер-министрі Ю.Ратас Астанаға ресми сапармен келді, оның барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен, Премьер-министр Б.Сағынтаевпен, Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевпен және Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулинмен келіссөздер өтті.

2022 жылғы 10 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді мен Эстония Республикасының Сыртқы істер министрі Э.-М.Лийметс телефон арқылы сөйлесті, оның барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық пен көпжақты платформалардағы өзара іс-қимылды талқылады.

2022 жылғы 2 желтоқсанда Лодзь қаласындағы (Польша) өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Эстония Республикасының Сыртқы істер министрі У.Рейнсалумен кездесу өткізді.

Парламентаралық ынтымақтастық

2014 жылғы 19-21 мамырда Эстония Республикасының Рийгикогу (Парламент) Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік тобының жетекшісі Д.Бородич Қазақстанға ресми сапармен келді. Келіссөздер барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

2014 жылғы 13-16 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Эстония Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың жетекшісі Б.Ертаев Таллиннге жұмыс сапарымен келді.

2018 жылғы 2-3 шілдеде Эстония Республикасы Рийгикогу  Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі тобының мүшесі М.Корб елордамыз Астананың 20 жылдығына және Жібек жолы елдерінің қалалары мэрлерінің форумына қатысты.

2018 жылғы 8-9 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты С.Плотников бастаған делегация заң шығару және құқықтық көмек көрсету, сот жүйесін цифрландыру және тіркеу ісін жүргізу саласындағы Эстония тәжірибесін зерделеу мақсатында іссапармен келді, сондай-ақ Эстония Парламенті мен Әділет министрлігінде жұмыс кездесулерін өткізді.

2018 және 2019 жылдары Эстония Республикасының Рийгикогу  депутаттары М.Корб және Р.Сиккут Астанада сапармен болып, қазақстандық әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.

2021 жылғы қаңтарда өткен Қазақстандағы кезекті парламенттік сайлауына мониторинг жасау үшін Эстония Парламентінің депутаттары, М.Корб пен И.Кравченко Қазақстанға тәуелсіз бақылаушылар ретінде келді.

2021 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Эстония Рийгикогу парламентаралық ынтымақтастық топтары мүшелерінің онлайн отырысы өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Эстониямен ынтымақтастық жөніндегі топтың жетекшісі - Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Б.Бекжанов. Эстондық Рийгикогудағы Қазақстанмен достық жөніндегі парламенттік топтың жетекшісі - Мәдениет және білім жөніндегі комиссияның төрағасы А.Муст (Центристік партия).

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстан мен Эстония арасындағы екіжақты тауар айналымы 2023 жылы 157,5 млн. АҚШ долларын (экспорт – 78,2 млн., импорт – 79,3 млн. АҚШ доллар) деңгейінде белгіленді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 121,8 млн. АҚШ долларын құрады.

Экономикалық, ғылыми және технологиялық ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Қазақстан-Эстония Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) жұмыс істейді. ҮАК-тің қазақстандық бөлігінің тең төрағасы - Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин және эстондық бөлігінің тең төрағасы - Эстония Республикасының Экономика және инфрақұрылым министрі Т.Аас.

ҮАК-тің алты отырысы өткізілді (2010 ж. наурыз - Таллинн, 2011 ж. ақпан – Астана, 2012 ж. 28 тамыз - Таллинн, 2013 ж. 5-6 қараша – Астана, 2016 ж. 24 қазан - Таллинн, 2019 ж. 6 маусым – Астана). ҮАК-тің келесі 7-отырысы 2022 жылы Таллиннде жоспарланған.

2018 жылғы 23-26 мамырда Эстония Қорғаныс министрлігі мен қорғаныс өнеркәсібі компанияларының өкілдері KADEX-2018 халықаралық әскери-технологиялық көрмесіне қатысып, әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келіссөздер өткізді.

2018 жылғы қыркүйекте Алматыдағы «TransKazakhstan» мамандандырылған халықаралық көрмесінде Эстонияның жетекші 11 көліктік-логистикалық кластерлік компаниялары ұлттық стенд ұсынды.

2019 жылдың 11-13 наурызда Таллинн техникалық университетінің ректоры Яак Авиксоо бастаған делегация Астанаға цифрлық технологияларды қолдануға арналған «Цифрландыру: Эстония тәжірибесі» халықаралық форумына қатысу үшін барды. Эстония делегациясы цифрлық шешімдерді өмірдің және экономиканың әртүрлі салаларында сәтті енгізу тәжірибесімен, сондай-ақ киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тәжірибесімен бөлісті. Форум қорытындысы бойынша Таллинн техникалық университеті Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркімен ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойды.

28-31 наурызда және 4-7 сәуірде Шымкент қаласының 25 адам делегациясы жұмыс сапарымен қала әкімшілігінің жұмысын цифрландыру, еңбекті ұйымдастырудың және жоғары білікті қызметкерлерді қамтамасыз етудің заманауи әдістерін, сондай-ақ құрылымдардың өзара іс-қимылына инновациялық тәсілдерді зерделеу бойынша жұмыс сапарымен болды.

2019 жылдың сәуір айының соңында ұлттық пошта операторы «Қазпошта» АҚ делегациясы логистикалық ағындарды ұлғайту, тарату орталықтарының жұмысында инновациялық шешімдерді енгізу және қолдану тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ, жұмысты оңтайландыру және өңірлік кеңселерді жаңғырту мақсатында Таллиннде болды.

2019 жылы Эстония өкілдері Қазақстанның екі маңызды шарасына: Астана экономикалық форумына (16-17 мамыр), оған Рийгикогу депутаты М.Корб, Таллинн (М.Кылварт), Маарду (В.Архипов), Кохтла-Ярве (Н.Янченко) қалаларының мэрлеры, сондай-ақ, Еуразиялық медиа форумына (22-24 мамыр) Эстонияның экс-президенті Тоомас Хенрик Ильвестің қатысты.

2020 жылдың 13-14 мамырда Қытай мен Швеция арасындағы Эстония арқылы өтетін контейнерлік пойыздарға қызмет көрсетуді дамытуға арналған «TRANSESTONIA 2020» логистика бойынша веб-конференция өтті. Конференцияға Қытай, Қазақстан, Ресей, Эстония және Швецияның логистика және мемлекеттік секторы өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б.С.Камалиев және ҚР ҚТЖ өкілдері қатысты. Конференцияның мақсаты ынтымақтастықты нығайту және «Солтүстік Жібек жолы» деп аталатын бағыттағы жүк тасымалы көлемін арттыру болды.

Конференция қорытындылары бойынша ұлттық дамудың бағдарламалары мен еуразиялық бағыттар бойынша халықаралық келісімдерді ескере отырып, жүк тасымалы көлемін ұлғайту және жаңа бизнес қызметтерін дамыту мақсатында тараптарға Солтүстік жібек жолы дәлізі елдерінің арасындағы ынтымақтастық пен байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін Таллинн декларациясының мәтіні бекітілді.

2020 жылдың қарашасында жасыл экономика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуникация салаларын ұсынатын эстон кәсіпкерлерінің делегациясы Астана қаласы мен Батыс Қазақстан облысында болды. Сапар барысында Қазақстан мен Эстония арасындағы жасыл технологиялар, балық өндіру, қоқыс өртеу зауытының құрылысы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

2021 жылғы 26 мамырда Эстониядағы Қазақстан Елшілігі, Эстонияның Қазақстандағы Елшілігі, Эстония Сауда-өнеркәсіп палатасы және «Kazakh Invest Ұлттық компаниясы» АҚ онлайн-форматта қазақстандық-эстондық бизнес форумын өткізді.

2021 жылғы 13-15 қазан аралығында Алматыда өткен «TransLogistica» мамандандырылған халықаралық көрмесінде көлік-логистикалық кластердегі 11 жетекші эстондық компаниялар жеке ұлттық стендпен таныстырылды.

2021 жылғы 20-22 қазанда Эстония ауыл шаруашылығы палатасы мен Эстония мал шаруашылығы қауымдастығының делегациялары «KazAgro/KazFarm-2021» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысу үшін Қазақстанға сапар жасады. Сапар аясында эстондық делегацияның «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-мен келіссөздері өтті.

2021 жылғы 29-30 қараша аралығында Эстонияға «ҚТЖ» АҚ (транзиттік жүктерді тасымалдау) мен қазақстандық фермерлердің (ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұйымдастырушы) жекелеген делегациялары келді.

2022 жылғы 25 сәуірде ҚР Елшілігі «Kazakh Invest» ҰК АҚ және Эстонияның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ауыл шаруашылығы, балық аулау, химия өнеркәсібі, консалтинг және қаржылық қызметтер секторларындағы эстондық кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен Қазақстан-Эстония инвестициялық вебинарын ұйымдастырды.

2022 жылғы мамыр айында Ида-Вирумаа аймағынан эстониялық кәсіпкерлер делегациясы Алматыға барды, ол Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасы және жергілікті бизнес қауымдастықтарымен байланыс орнатты.

2022 жылдың қыркүйегінде көлік-логистикалық кластердің 10 эстондық компаниясы Алматыда өткен «TransLogistica» халықаралық көрмесіне қатысты, оның ішінде Эстония Республикасының Силламяэ және Таллинндегі ірі теңіз порттары, сондай-ақ, «Эстония темір жолдары» бар. Эстониялық компаниялар жеке ұлттық стенд аясында ұсынылды.

2022 жылдың 27 қыркүйек – 2 қазан аралығында «Шаңырақ» тұрғын үй саласындағы басқару және сервистік субъектілер қауымдастығы бастаған қазақстандық делегация тұрғын үйді басқаруға маманданған эстон ұйымдары қызметінің тетіктерін зерделеу мақсатында Таллинн қаласында болды. Сапар барысында Эстонияның жылжымайтын мүлікті басқарушыларды оқыту, біліктілігін арттыру және мүдделерін қолдау бойынша тәжірибесі зерттелді.

2022 жылдың қарашасы Ида-Вирумаа аймағының (11 компания) кәсіпкерлер делегациясы Астана және Алматы қалаларында болып, республиканың инвестициялық мүмкіндіктерімен танысып, қазақстандық кәсіпорындармен B2B форматында кездесулер өткізді.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

2004 жылдан бастап Таллиннде «Абай» қазақ қоғамы жұмыс істейді, ол тұрақты түрде Қазақстан мәдениеті мен тарихын насихаттауға арналған іс-шараларды ұйымдастырады. 2017 жылғы 22-25 маусымда Эстониядағы «Абай» қазақ қоғамының төрағасы А.Абдувахитова Астанадағы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысты.

2009, 2011 және 2014 жылдары Таллиннде қазақ киносының фестивальдері ұйымдастырылды.

2015 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша ұсынылған эстон университеттерінің тізіміне енген Тарту, Таллин гуманитарлық және Таллин техникалық университеттерімен тұрақты түрде студенттер мен магистранттар алмасуы жүргізіліп келеді.

2018 жылғы 9 мамырда Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Эстонияны азат ету кезінде 1944 жылы қаза болған Қызыл Армия жауынгері А.Нагайцевтің мәйітін қайта жерлену үшін Қазақстанға жіберу ұйымдастырылды.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қазақстандық өнерпаздар мен Санкт-Петербургтегі қазақ диаспорасының жастар командасы Таллиннде Эстонияның 100 жылдығына арналған мәдени шаралардағы концерттерде өнер көрсетті.

2019 жылдың 8-10 қарашасында ҚР Елшілігі Таллинн мэриясы және Эстон кинорежиссерлерімен бірлесіп, «Ине» табынушылық фильмінің шыққанына 30 жыл толуына орай қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановтың фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастырды.

2020 жылғы 21 және 23 ақпанда Тарту университеті Астана және Алматы қалаларында, бакалавриат, магистратура және докторантураға түсуге ниет білдірушілердің білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттық сессия өткізді. Университет Астана қаласында өткен Begin Edu Fair білім көрмесіне де қатысты.

2020 жылғы 24 ақпанда Таллиннде Эстония Республикасы тәуелсіздігінің 102 жылдығын мерекелеу шарасы өтті, оның барысында Эстониядағы «Атамекен» қазақ қоғамының төрайымы Айдынай Бұхарбаева Тәуелсіздік манифесін қазақ тілінде оқыды.

2020 жылғы 24 мамырда Эстониядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтің құрметіне Таллинн қаласындағы 300 жыл болған Кадриорг саябағында отырғызылған ағашқа ресми түрде ескерткіш белгі қойылды.

2020 жылғы 23 қарашада ҚР Елшілігі ҚР Мәдениет министрлігімен, Жазушылар одағымен және Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен «Абай Құнанбайұлы және әлем мәдениеті» бейнеконференция форматында, Эстония Жазушылар одағының төрағасы Т.Алексеевтің, әйгілі эстон жазушысы Р.Вейдеманнның, Эстония Республикасы Мәдениет министрлігінің және Таллиннің орталық кітапханасы өкілдерінің қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел өткізді.

2020 жылдың 27 қарашасында Таллиннің XXIV «Қараңғы түндер» кинофестивалінде қазақстандық режиссер А.Ержановтың «Ұлболсын» фильмі «Азияның үздік фильмі» деп танылды.

2021 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп, екі елдің сарапшыларының қатысуымен онлайн халықаралық дөңгелек үстел өткізді.

2021 жылғы 31 тамызда Эстония астанасының тарихи нысандарының бірі - «Кадриорг» көне саябағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әлемдік қоғамдастық мойындаған Қазақстан» атты фотокөрме ашылды.

2021 жылғы қараша айында режиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» көркем фильмі Таллиннде өткен 25-ші «Қара түндер» (PÖFF)  кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін алды. Сонымен қатар кинофестивальге қазақстандық «18 кГц» және «Ұжымдық иммунитет» фильмдері қатысты.

2021 жылғы 4 желтоқсанда Елшілік Эстониядағы қазақ қоғамдастығымен бірлесіп, Халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты. Жәрмеңкеге қазақтың ұлттық кәдесыйлары, қазақ әдебиетінің үлгілері мен ұлттық тағамдары қойылды.

2021 жылғы 16 желтоқсанда Елшіліктің бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таллинн қаласының орталығындағы Бостандық алаңы (Vabaduse väljak) Қазақстанның мемлекеттік туының түстеріне боялды.

2022 жылғы 24-28 қаңтар аралығында Astana IT University делегациясы Таллинн қаласына сапар жасады, оның барысында Таллинн Технологиялық (TalTech) және Таллинн университеттерінің басшылығымен, Эстонияның цифрлық саясатқа жауапты мемлекеттік органдарының және ЭР Электрондық үкімет академиясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті. Эстония тарапы делегацияны IT мамандарын даярлау және осы саладағы ғылыми қызметті жолға қою үдерістерімен таныстырды.

2022 жылдың наурыз айында PISA білім беру жобасы аясында Эстония Республикасының Білім және жастар департаментінің өкілдері Астанаға келіп, мектепті басқарудағы эстон тәжірибесімен бөлісті.

2022 жылдың маусым айында Таллинн қаласындағы «Artis» кинотеатрында «Ұлттық кино күндері» фестивалі өтті, онда қазақстандық режиссерлердің «От» (2021) және «Сары мысық» (2020) фильмдері көрсетілді.

2022 жылдың маусым айында Астаналық мектеп басшыларының делегациясы Эстонияның білім беру жүйесін зерттеу үшін Таллиннде болды. Сапар бағдарламасына білім беруді жоспарлау тәжірибесімен танысу және Таллиннің бірнеше гимназияларына бару арқылы оқу орындарының қызметін пәндік зерттеу кірді.

2022 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстанның Эстониядағы Елшілігінде белгілі қазақ ағартушысы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті, оған осы елде тұратын қазақстандық диаспораның өкілдері қатысты.

2022 жылғы қыркүйек айында Қазақстанның Эстониядағы Елшілігінің бастамасымен Таллинн орталық кітапханасының ғимаратында Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылуына 30 жыл толуына орай қазіргі заманғы Қазақстан туралы деректі сериясы бар фотокөрме ұйымдастырылды.

2022 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Елшілігі Эстония астанасында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының кезекті 31 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырды. Іс-шара, сондай-ақ, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналды.

2022 жылдың қараша айында Эстониядағы оқу орындарының қызметін зерделеу және білім беруді жоспарлау тәжірибесімен танысу мақсатында Алматы қаласының 53 орта мектебінің өкілдерінен құралған делегация Таллинн қаласында болды. Сапар барысында қазақстандық мұғалімдер педагогиканың заманауи әдістеріне қол жеткізіп, мектептегі білім беру саласына жаңа ғылыми әзірлемелерді енгізу тәжірибесімен бөлісті. Осы мақсатта қазақстандық делегация Эстония астанасындағы Ласнамяэ гимназиясында болып, мектеп қызметін ұйымдастыру бойынша практикалық білім алды.

2022 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстанның Елшілігі Эстониядағы қазақ қауымдастығымен бірлесіп Таллиннің Халықаралық әйелдер клубы ұйымдастырған 17-ші Халықаралық Рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты. Жәрмеңкеге келушілердің қызығушылығын ұлттық мәдениет элементтері: кәдесыйлар, салт-дәстүрлер мен күнделікті тұрмыс туралы танымдық кітаптар, аспаздық өнер үлгілері бейнеленген Қазақстан стенді қызықтырды. Шара жыл сайын Таллинн Балтық нарығында өтеді. Барлық түскен қаражат жергілікті балалар мен әйелдерге арналған қайырымдылық қорларына берілді.

 

 

Дата публикации
15 марта 2022
Дата обновления
12 марта 2024
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Пайдалы ақпарат
09 октября 2025
2025 жылғы 29 қыркүйектегі ҚК отырысының хаттамасы
Ақпарат
30 сентября 2025
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Гвинея-Бисау Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім
Ақпарат
30 сентября 2025
Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттама

Социальные медиа

Facebook
Telegram
Twitter
YouTube
Instagram

Меню подвал

Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты