Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 қаңтарда орнатылды.
Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшілігі 1993 жылдан бері жұмыс істейді. 2007 жылғы 24 қазанда Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды. 2018 жылдың екінші жартысынан бастап Иранның Бандар-Аббас қаласында Консулдық жұмыс істей бастады.
Иранның Қазақстандағы Елшілігі 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Иранның Ақтаудағы Бас консулдығы 2009 жылдың қазан айында, ал Алматыда – 2012 жылғы тамызда ашылды.
2023 жылғы наурыз айынан бастап Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джокар.
Саяси ынтымақтастық
Жоғарғы деңгейдегі сапарлар / кездесулер
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі 1992 жылғы қараша айында бұрынғы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Иранға ресми сапары барысында қаланды. Осы кезеңде Сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияны құру туралы хаттамаға қол қойылды.
Достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға бұрынғы
ИИР Президенті А.Хашеми-Рафсанжанидің 1993 жылғы қазанда Алматыға сапары ықпал етті.
Сол кезден бастап жоғарғы деңгейде тығыз саяси диалогты жалғастыру мақсатында мемлекет басшыларының деңгейінде екіжақты және көпжақты іс-шараларға қатысу аясында ҚР тарапының Иранға 7, ал ИИР тарапының Қазақстанға 8 сапары ұйымдастырылды.
2019 жылы ҚР Президенті болып Қ.Тоқаевтың сайлануынан бері жоғарғы деңгейдегі ықпалдастық жаңа қарқын алып, белсенді түрде дамып келуде.
Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 қазанда Сочиде өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысыаясында бұрынғы
ИИР Президенті Х.Руханимен кездесті.
2020 жылғы 20 мамырда ҚР Президенті Қ.Тоқаев ИИР Президенті Х.Руханимен телефон арқылы сұхбат өткізді.
2021 жылғы 17 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ШЫҰ Саммиті аясында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңадан сайланған ИИР Президенті И.Раисимен алғашқы кездесу өткізді.
2022 жылғы 2 ақпанда ИИР Президенті И.Раиси Мемлекет басшысына телефон соғып, «Қасіретті қаңтар» оқиғаларына байланысты ресми Тегеранның қолдауын білдірді.
2022 жылғы 19 маусымда ҚР Президенті Қ.Тоқаев Иранға алғашқы ресми сапармен барды. Бұл сапар қазақстандық-ирандық қатынастарды жаңа дәуірге шығарып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына оң қарқын берді. Сапар шеңберінде Мемлекет басшысы ИИР Президенті И.Раисимен келіссөздер өткізіп, ИИР Рухани көсемі Ә.Хаменеимен кездесті.
Жоғарғы деңгейде орын алған келіссөздердің және іскер топтар арасында ұйымдастырылған іс-шаралардың қорытындысы бойынша жалпы 24 құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшылары ҚР мен ИИР арасындағы сауда айналымын 3 млрд долларға дейін көтеру мақсатын белгіледі және оған қол жеткізу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ИИР Индустрия, сауда және тау-кен министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қос елдің ынтымақтастығы үшін маңызы зор құжаттардың арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен ИИР Ұлттық мұнай компаниясы арасындағы және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен ИИР Темір жолдары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарды атап өтуге болады.
Мемлекет басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтардың бірі Бірлескен сауда палаталарын құру жөніндегі келісім болды.
Сапар шеңберінде Қазақстан-Иран бизнес-форумы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жалпы көлем 235 млн. долларға тең коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшыларының қатысуымен
«Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Түркия» бағытымен жүретін алғашқы контейнерлік пойыздың тұсаукесері өтті.
Анықтама: «KTZ Express» АҚ ұйымдастырған бұл пилоттық пойыз 20 футтық 48 контейнерден құрылып, 6 336 км тұратын маршрутты 12 күн жүрді.
2022 жылғы 16 қыркүйекте Самарқанд қаласында өткен
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті шеңберінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ИИР Президенті И.Раисимен кездесуі ұйымдастырылды.
2022 жылғы 12-13 қазанда өткен АӨСШК 6-шы саммитіне қатысу мақсатында ИИР Президенті И.Раиси Астанада сапармен болды.
2022 жылғы 21 қарашада ИИР Президенті И.Раиси ҚР Президенті Қ.Тоқаевты телефон арқылы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
2023 жылғы 14 сәуірде ИИР Президенті И.Раиси ҚР Президенті Қ.Тоқаевты телефон арқылы Ораза айт мерекесімен құттықтады.
2023 жылғы 19 қыркүйекте ҚР Президенті Қ.Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында ИИР Президенті И.Раисимен кездесті.
Жоғары деңгейдегі кездесулер
Иранда Қазақстаннан төмендегі жоғары лауазымды тұлғалар сапармен болды: ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов (2009 жылғы наурыз), ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайылов (2023 жылғы сәуір),Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Ж.Кәрібжанов (2011 жылғы наурыз), Сыртқы істер министрлері М.Тажин (2007 жылғы маусым), Е.Қазыханов (2011 жылғы қазан және 2012 жылғы тамыз), Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов (2015 жылғы қараша), Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов (2017 жылғы тамыз), Бас прокурор А.Дауылбаев (2012 жылғы сәуір), Инвестиция және даму министрі Ә.Исекешев (2014 жылғы қыркүйек және 2016 жылғы ақпан), Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков (2016 жылғы наурыз), Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы (2017 жылғы тамыз), Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов (2017 жылғы қараша), ҚР ҰҚК Басшысы К.Мәсімов (2018 жылғы шілде), ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымын атқарған Б.Сұлтанов (2022 жылғы 19-22 ақпан және 21-23 мамыр),
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаев (2022 жылғы 9 қазан), ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі С.Жұманғарин (2022 жылғы 30 қазан – 2 қараша).
Қазақстанға Ираннан ИИР Парламентінің Төрағасы А.Лариджани
(2010 жылғы қазан), Бірінші Вице-президенттері Х.Хабиби (2000 және 2002 жылдар), Р.Ареф (2005 жылғы маусым) және П.Довуди (2008 жылғы қазан), Вице-президенттер Х.Багаи (2009 жылғы қазан) және М.Мохаммадизаде (2012 жылғы мамыр), Сауда министрі М.Газанфари (2009 жылғы желтоқсан), Сыртқы істер министрлері М.Моттаки (2008 жылғы қазан), А.Салехи (2011 жылғы маусым мен қыркүйек және 2013 жылғы сәуір), М.Зариф (2015 жылғы сәуір, 2017 жылғы маусым, 2019 жылғы қараша және 2021 жылғы 7 сәуір), Жоғары Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы С.Жалили (2013 жылғы ақпан және сәуір),
Байланыс және ақпараттық технология министрі Иса Зарепур (2022 жылғы 9 тамыз) сапарлармен келді.
Үкімет басшыларының арасында кездесулер өткізу тәжірибесі жалғасып, 2019 жылғы 12 тамызда Түрікменбашы қаласында өткен Бірінші Каспий экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі А.Мамин мен ИИР Бірінші вице-президенті Э.Джахангири кездесті.
2022 жылғы 6 қазанда Мәскеуде өткен ІІ Каспий экономикалық форумының аясында ұйымдастырылған ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың ИИР Бірінші вице-президенті М.Мохбермен кездесуі өтті.
Қос елдің СІМ басшылықтары арасында да байланыстар жалғасуда. 2021 жылғы 28 қарашада Ашғабад қаласында ұйымдастырылған ЭЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 25-ші отырысы шеңберінде
ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев ИИР Сыртқы істер министрі Х.ӘмірАбдоллахианмен кездесуі өткізді.
2022 жылғы 12 қаңтарда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді мен ИИР Сыртқы істер министрі Х.ӘмірАбдоллахианның арасында телефондық сұхбат өтті.
2022 жылғы 23-24 мамырда ҚР СІМ орынбасары Ә.Тұрсынов Тегеранға сапары барысында ИИР СІМ орынбасарлары Ә.Бағеримен, Р.Наджафимен, М.Сафаримен, Еуразия жөніндегі Бас директоры Ә.Хақиқианмен кездесті.
2023 жылғы 26 сәуірде ҚР ПМ Ә.Смайылов Иранға алғашқы ресми сапармен барды. Бұл сапар қазақстандық-ирандық қатынастарды жаңа кезеңге шығарып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қарқын берді. Сапар шеңберінде ҚР ПМ ИИР Бірінші вице-президенті М.Мұхбермен келіссөздер өткізіп, ИИР Президенті И.Раисимен кездесті.
Тараптар арасында аймақтық және халықаралық құрылымдар шеңберінде табысты ынтымақтастық жасауда: БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ЭЫҰ, Каспий теңізі бойынша арнайы тобы.
Иран 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсынылған Қазақстанның кандидатурасын қолдады, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрмесін өткізу бойынша Астанаға дауыс берді, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жарғысына қол қойды.
Алматыда «алты» халықаралық бітімгерлер мен Иран арасында ИИР ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раунды (2013 жылғы ақпан мен сәуір) өтті.
Иран Ресей және Түркия кепілгерліктерімен, БҰҰ және сириялық оппозицияның қатысуымен Астана алаңында өткізілудегі Сирия мәселесі бойынша келіссөздерге қатысады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚР мен ИИР арасындағы сауда айналымы 42,1 пайызға төмендеп, 302,1 млн долларды құрады. Экспорт 73 пайызға төмендеп 83,5 млн млн доллардың шамасында қалыптасты. Импорт 3,3 пайызға өсті, 218,6 млн долларды құрады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттықтың көлемі 528 млн долларға жетіп, 2021 жылға қарағанда 19,8 пайызға артты. Бұл ретте, қазақстандық экспорт 15,5 пайызға өсіп, 318 млн. долларды құрады. Сонымен қатар, импорттың көлемі 210 млн. доллардың шамасында қалыптасып, алдыңғы жылға қарағанда 26,8 пайызға ұлғайды.
Қазақстанның басты экспорт өнімдері – арпа, болат, бидай, ет, тыңайтқыштар болса, басты импорт өнімдері – цемент, бояулар, лактар, жеміс және кептірілген жемістер болып табылады.
ҚР Ұлттық банкінің ресми деректеріне сәйкес, 2022 жылы Ираннан Қазақстанға келген тікелей инвестициялар көлемі 32,4 млн. АҚШ долл. құрады. Бұл 2021 жылдың көрсеткішімен (26,2 млн. доллар) салыстырғанда 23,7 пайызға жоғары.
Қазақстанда ирандық капиталы бар 523 заңды тұлға мен компания филиалдары тіркелген.
Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-ирандық үкіметаралық комиссиясы тұрақты түрде жұмыс істеуде. ҮАК-тың 18-ші отырысы 2023 жылғы 25 қаңтарда Астанада өтті. ҮАК-тың 19-ші отырысы 2023 жылғы 3 желтоқсанда Тегеран қаласында өтті.
Анықтама: Иранға ресми сапардың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының берілген тапсырмаларын орындау аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары С.Жұмангарин 2023 жылғы 3 желтоқсанда Тегеран қаласында өткен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясының кезекті 19-ші отырысында жол картасына қол қойды.
2022 жылғы 19-22 ақпанда Тегеран қаласында ұйымдастырылған Үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысында ҚР Қаржы министрілігінің Мемлекеттік кіріс комитеті мен ИИР Кеден әкімшілігі арасындағы көліктер мен тауарлар жөніндегі алдын ала ақпаратпен алмасу туралы келісімге, екіжақты тауар айналымын 100 млн долларға дейін жеткізу жөніндегі «ҚазТрейд» АҚ мен Иранның Сауданы ілгерілету ұйымы және екі елдің Стандарттау мекемелері арасындағы меморандумдарға қол қойылды.
Аталған отырыс аясында 2022 жылғы 21 ақпанда өткен Қазақстанның Иранға екінші сауда миссиясы мен Қазақстан-Иран бизнес-форумы нәтижесінде көлемі 14 млн. долларды құраған коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
2022 жылғы 7 сәуірде ирандық «Iranian Babak Copper Company» компаниясының басшылығы Қазақстанда сапармен барып, оның барысында«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-мен ҚР-дағы мыс, аллюминий, алтын және басқа қазбалы қорларды өндіру жобаларына жалпы көлемі 200 млн. долларды құрайтын инвестиция салу туралы меморандумға қол қойды. Осы құжаттың негізінде 2022 жылғы қараша айында елімізде жаңа заң тұлғасы тіркелді.
2022 жылғы 23 мамырда «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ИИР Темір жолы арасында Иран аумағы арқылы қазақстандық көмірді тасымалдауда ИИР тарапының негізгі тарифтен 44 пайыздық көлемде жеңілдік берген және Иран аумағы арқылы жалпы көлемі 4 млн. тоннаға дейін қазақстандық жүктерді транзитпен өткізуге негіз жасаған хаттамаға қол қойылды.
2022 жылғы 9 қазанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаев Тегеранда өткен Орталық Азия елдері мен Иранның көлік саласына жауапты министрлерінің отырысына қатысты.
2022 жылғы 30 қазан – 2 қараша аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі С.Жұманғарин Иранға сапар жасады. Сапар барысында Бандар-Аббас қаласында орналасқан Иранның ең ірі контейнерлік порты болып есептелетін Шаһид-Раджаи портында қазақстандық терминал салу мақсатында Қазақстанға аумағы 12 гектарды құрайтын жер телімін беру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
2023 жылғы 21-23 қаңтарда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары С.Жұманғариннің 2022 жылдың соңында өткен сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жолдарын талқылау мақсатында Тегеранда және Бандар-Аббас қалаларында «ҚазТрейд» АҚ бас директорының орынбасары А.Сағынаев сапармен болды.
Өзен (Қазақстан) – Гызылгая-Берекет-Этрек (Түрікменстан) – Горган (Иран) теміржол желісін пайдалану екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда ықпал етеді деп күтілуде.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
2007 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Иранға сапары аясында ҚР Ұлттық кітапханасы мен ИИР Ұлттық кітапханасы және мұрағат ұйымы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа сәйкес, ортағасырлық Иран қолжазбаларын зерттеу мақсатында қазақстандық зерттеушілер мен шығыстанушылардың ғылыми экспедицияларды ұйымдастырылды.
2014 жылғы желтоқсанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы Тегеранда болып, Ш.Бехешти атындағы университетіпен меморандумға қол қойды. 2015 жылы ирандық университеттің делегациясы кері сапармен Алматыда болды. Қазіргі уақытта екі университет магистр дәрежесін алу үшін білім беру бойынша келіссөздер жүргізуде.
2020 жылғы 19 қазанда ҚР мен ИИР-дің бірлескен бастамасы ретінде ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150-жылдығына арналған «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» халықаралық онлайн-форумы өткізілді. Оған ИИР Ғылым, зерттеу және технология министрі М.Ғолами мен Иран Ғылым академиясының президенті – белгілі ирандық ғалым-фарабитанушы Р.Ардакани қатысты. Иран секциясының модераторы ЮНЕСКО жанындағы ИИР ұлттық комиссиясының бас директоры Х.Аюби болды.
2022 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысының Иранға ресми сапары аясында өткен ИИР Рухани көсемі Ә.Хаменеимен кездесуде
Әл-Фарабидің мұрасын зерттеу бойынша Бірлескен комитетқұру туралы келісілді.
Сапар барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен
ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына, «Хабар» Агенттігі» АҚ мен ИИР Телерадио хабарларын тарату компаниясы арасында ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен ИИР СІМ жанындағы Саяси және халықаралық зерттеулер институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Консулдық саладағы ынтымақтастық
2020 жылғы 14 қазанда бейне-байланыс арқылы ҚР мен ИИР арасындағы консулдық консультациялардың 9-шы отырысы өткізілді. Отырысқа екі ел СІМ Консулдық қызмет департаменттері директорлары төрағалық етіп, консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері, онын ішінде өзара консулдық-құқықтық және визалық қатынастар, екі ел аумақтарындағы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының ИИР-ге ресми сапарының қорытындысы бойынша 2022 жылғы 8 шілдеден бастап Иран азаматтары үшін Қазақстан Республикасына 14 күнге дейін визасыз кіруді мүмкін еткен режим, сондай-ақ 11 қарашадан бастап ҚР азаматтары үшін Иранға 14 күнге дейін визасыз кіруге мүмкіндік берген режим күштеріне енді.
2023 жылғы 14-15 ақпанда Тегеран қаласында ҚР мен ИИР арасында 10-шы консулдық консультациялары өткізілді. Қос елдің Консулдық департаменттері басшыларының тең төрағалықтарымен өткен консультациялардың барысында екіжақты консулдық және құқықтық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.