Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы қарым-қатынастар
Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 28 қаңтарда орнатылды.
1993 жылы Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ашылды.
1996 жылы Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшілігі ашылды.
Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев (2018 жылғы сәуірден бастап).
Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг Сок
(2020 жылғы мамырдан бастап).
Саяси ынтымақтастық
Қазақстан мен Корея Республикасы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке қол жеткізіп, оны белсенді дамыту үстінде.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Корея Республикасына бес мәрте сапар жасады.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев Корея Республикасында мемлекеттік сапармен 2021 жылғы 16-17 тамызда болды.
Корея Республикасының Президенттері Қазақстанға 6 мәрте сапарларымен келді.
2022 жыл қаңтарда екі елдің басшылары Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай құттықтау хаттармен алмасты.
Екі елдің парламенттері арасында екіжақты Достық және ынтымақтастық тобы құрылып, өз жұмысын жалғастыруда.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
2022 ж. қорытындысы бойынша екіжақты тауарайналым 6,1 млрд. долл. құрады (бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3,4 есе көп). Оның ішінде, Қазақстаннан Кореяға экспорт – 4,5 млрд. долл., Кореядан Қазақстанға импорт – 1,6 млрд. долл. құрады.
Қазақстаннан Кореяға экспортталатын негізгі тауарлар: мұнай, уран, титан, ферроқорытпалар, болат, алтын және мыс.
Кореядан Қазақстанға импортталатын негізгі тауарлар: сым мен кабельдер, электроника, әртүрлі машина жабдықтары, шанақтар (кабиналарды қоса алғанда) және көлік, автокөліктер және т.б.
Корея Республикасы Қазақстан экономикасындағы жетекші шетелдік инвесторлардың бірі. Мәселен, 2005 ж. бастап Кореяның ҚР-ға инвестицияларының мөлшері 8,1 млрд. АҚШ долл. асты. 2022 жылдың 9 айында Кореяның Қазақстанға жалпы тікелей инвестициялар көлемі 1,1 млрд. долл. құрады.
2023 ж. ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда Оңтүстік Кореяның қатысуымен 700-ден астам заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер жұмыс істейді.
Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды механизмі болып Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясы табылады. Осы уақытқа дейін комиссияның 9 отырысы өткізілді (соңғысы - 2020 ж. 17 қараша).
Комиссиянының Қазақстан тарапының тең төрағасы - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаев, Оңтүстік Корея тарапының тең төрағасы - Сауда, индустрия және энергетика министрі Ли Чаң Яң.
Сондай-ақ, Іскерлік кеңес жұмыс істейді және оған Қазақстан тарапынан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарушы директоры - активтерді басқару дирекциясының басшысы А.Сатқалиев, Оңтүстік Корея жағынан – «Kolon Investments Corporation» Президенті Шин Сан Хо (10 отырыс - Нұр-Сұлтан қ., 2017 жылғы шілде) тең төрағалық етеді.
Көпжақты ынтымақтастық
Қазақстан «Орталық Азия - Корея Республикасы» форумына қатысады. Форумның хатшылығы 2016 жылы құрылды. Форумның 15-ші отырысы
2022 ж. 25 қазанда Пусан қаласында сыртқы істер министрлері деңгейінде өтті.
Сонымен қатар, елдеріміз БҰҰ, ДСҰ, МАГАТЭ, АӨСШК және т.б. тәрізді халықаралық ұйымдар аясында белсенді ынтымақтастық жүргізуде.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
2006 ж. бастап Каннам университетінде (Йонъин қ.) Қазақстантану бөлімі жұмыс істейді.
2021 ж. 17 тамызда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Корея Республикасына сапары барысында Сеул қаласында салтанатты түрде А.Құнанбаевтың мүсіні ашылды.
2022 ж. екі ел арасындағы мәдени алмасу жылы болып жарияланды.
2022 ж. 23-26 маусымда Мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының Корея Республикасында гастрольдік сапары өтті.
2022 ж. 30 маусымда Сеулде Қазақстан кәрістерінің қоныс аудару тарихына арналған «Үміт елі» атты көрмесі ашылды.
2022 ж. 19 қазанда Тэгу қаласында қазақстандық скрипкашы Айман Мұсаходжаеваның жеке концерті өтті.