Загребте Қазақстан мен Хорватия Іскерлік кеңесінің инаугурациялық отырысы мен бизнес-форумы өтті

Загребте Қазақстан мен Хорватия Іскерлік кеңесінің инаугурациялық отырысы мен бизнес-форумы өтті

Загреб, 2024 жылғы 25 сәуір – Загребте Қазақстан мен Хорватия Іскерлік кеңесінің инаугурациялық отырысы және бірлескен бизнес-форум өтті. Осы бастаманың мақсаты ортақ мүдделер үшін бизнес-кооперацияны, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту болып табылады. Іс-шараға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Хорватияның Экономикалық палатасының, сондай-ақ екі ел Елшіліктерінің қолдауымен 50 қазақстандық және хорватиялық компаниялардың 100-ден астам өкілдері қатысты.

Бизнес-топтар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін талқылап, ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады. B2B келіссөздері шеңберінде энергетика, IT, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі, туризм және фармацевтика сияқты салалардағы кооперация жолдарын қарастырды. Іс-шараға қатысушыларға инвестициялық мүмкіндіктер, іскерлік ахуал, сондай-ақ екі елдің көліктік-логистикалық және туристік әлеуеттері ұсынылды. «Kazakh Invest» ҰК АҚ өкілі Ұлбосын Сарыбаева хорватиялық бизнесмендерді инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шараларымен, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерімен таныстырып, қазақстандық нарықтағы инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды.

KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Әлібек Қуантыров Іскерлік кеңестің құрылуы мен оның толымды құрамы компаниялардың интернационалдандыруға және жаңа нарықтарға шығуға деген жоғары қызығушылығын айғақтайтынын атап өтті. Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Ақылбек Камалдиновтың хабарлауынша, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізі дәл осы бизнес болып табылады, сондықтан мемлекеттік органдар оған халықаралық кооперацияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауы міндеті. Бұл ретте бизнестің мемлекет пен қоғамға өзара қолдау көрсетуге дайындығы ерекше атап өтілді, мұның жарқын дәлелі компаниялардың Қазақстандағы су тасқынымен күресуге және оның салдарын жоюға қосқан үлесі болып табылады.

Іс-шара барысында Қазақстанның Cыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Хорватия экономикалық палатасының президенті Лука Бурилович екі елдің қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға және Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, «Aspan Construction Company» ЖШС мен «VS Engineering» ЖШС арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Сол күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК», KAZENERGY қауымдастығының және Сыртқы сауда палатасының басшылығы Хорватия Премьер-Министрі Андрей Пленковичпен және оның үкіметінің экономикалық блогының негізгі министрліктерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Хорватия үкіметінің басшысы Іскерлік кеңестің құрылуын және бизнес-форумның өткізілуін құптап, 2024 жылғы қаңтарда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жедел және сапалы іске асырылуын қанағаттанушылықпен атап өтті. А. Пленкович Хорватияның екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жан-жақты кеңейтуге дайындығын растап, сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық тректегі бастамалары мен мүдделерін қолдайтындығына сендірді.

Анықтама: Хорватия Республикасы ЕО-ға мүше 27 елдің арасында Қазақстанмен өзара сауда көрсеткіштері бойынша 12-ші орында. 2023 жылы өзара сауда көлемі 19,5% - ға өсіп, 432 млн АҚШ долларын құрады (ҚР экспорты – 397,98 млн, ҚР импорты – 34,03 млн). Қазақстан нарығында құрылыс, ақпараттық технологиялар, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және сауда салаларында 20-ға жуық хорватиялық компания жұмыс істейді.

 

ҚР Хорватиядағы Елшілігі