Қазақстан Елшісінің Экономика және менеджмент жоғары мектебінің басшылығымен кездесуі туралы

Қазақстан Елшісінің  Экономика және менеджмент жоғары мектебінің басшылығымен кездесуі туралы

Загреб, 2024 жылғы 27 наурыз – Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Загреб Экономика және менеджмент жоғары мектебіне (ZŠEM) барып, білім беру ынтымақтастығын кеңейту үшін кездесулер өткізді.

ZŠEM басшылығымен кездесу барысында бакалаврлар мен магистранттарды даярлау, сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындарымен студенттік және оқытушылық алмасуларды кеңейту бойынша ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Мәдени-гуманитарлық салада, сондай-ақ ғылым мен білім беру саласында Қазақстан-Хорватия қатынастарын тереңдету жөнінде пікір алмасты.

А. Камалдинов Қазақстан жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыруға баса назар аударып отырғанын атап өтті. Осы тұрғыда ол әлемнің үздік университеттерінде оқуға стипендия бөлетін «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы жұмысының оң тәжірибесі туралы хабардар етті. Хорватия Республикасының қазақстандық студенттер үшін тартымдылығын атап өтіп, ZŠEM басшылығын Қазақстанда филиал ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Жоғары Экономика мектебінің ректоры Мато Нярво Қазақстанмен өзара іс-қимылдың өзекті жай-күйі туралы хабарлады. Атап айтқанда, ол КИМЭП Университетімен ынтымақтастық туралы келісім жасасқаны туралы атап өтіп, басқа да қазақстандық жоғары оқу орындарымен іскерлік байланыс орнатуға қызығушылық білдірді.

Тараптар 2024 жылы бірлескен іс-шаралар өткізу жоспарларын айқындады. Қазақстан Елшісінің ZŠEM профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен, сондай-ақ Хорватияның академиялық және сараптамалық қоғамдастығының өкілдерімен кездесуін ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Хорватия университеттері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірлескен жұмысты жандандыруға келісті.

Анықтама: Загреб экономика және менеджмент мектебі (Zagrebačka škola ekonomije i managementa) — Хорватияның 2002 жылы құрылған ең ірі жеке бизнес мектебі болып табылады. Экономика, Менеджмент, Қаржы, Маркетинг және бухгалтерлік есеп бойынша жоғары білім беру бағдарламаларын ұсынады. ZŠEM бірнеше рет Хорватия мен Батыс Балқан аймағындағы ең үздік бизнес мектептердің бірі ретінде танылды.