Қазақстан Елшісі «Бір белдеу – бір жол» бастамасына арналған халықаралық семинарда сөз сөйледі

Қазақстан Елшісі «Бір белдеу – бір жол» бастамасына арналған халықаралық семинарда сөз сөйледі

Корчула 2023 ж. 25 қазан – Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов «Бір белдеу – бір жол» бастамасының нәтижелері мен болашағын талқылауға арналған семинарға қатысты.

А.Камалдинов өз сөзінде Қазақстанның жаһандық «Бір белдеу – бір жол» жобасында ерекше орын алатынын атап өтті. Бастаманы бірлесіп жүзеге асырған 10 жыл ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай логистикалық базасы, Қорғас құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік магистраль, Қытайдан Иранға дейінгі теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Дипломат атап өткендей, Транскаспий халықаралық көлік бағыты «Белдеу және жол» аясында маңызды рөл атқарады, соның арқасында Еуропаға жүк тасымалдау уақыты екі есе қысқарады.

Қазақстан Елшісі еліміздің «Бір белдеу – бір жол» және «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясында халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтіп, ҚР Президентінің қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты жолдауының негізгі ережелеріне тоқталды. «Бір белдеу – бір жол» жобасы қатысушы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастарды нығайтуға көмектеседі», - деп түйіндеді А. Камалдинов.

Хорватиядағы Қытай елшілігі Марко Поло зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырған семинарға қатысушылар «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасының нәтижелерін жоғары бағалап, оны өңіраралық экономикалық интеграцияның теңгерімді және тиімді бағдарламасы деп атады.