Бүгін Нұр-Сұлтанда Қазақстанның төрағалығымен "Пандемиядан кейінгі әлемнің жаңа шындығындағы Азиядағы қауіпсіздік және орнықты даму" тақырыбында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуі өтті.

Бүгін Нұр-Сұлтанда Қазақстанның төрағалығымен "Пандемиядан кейінгі әлемнің жаңа шындығындағы Азиядағы қауіпсіздік және орнықты даму" тақырыбында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуі өтті.

Алғы сөз

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында алғаш рет айтылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы идеясы Азия өңірінде сенімді нығайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға негіз болды.

Форум жұмыс істеген жылдары 5 саммит және 5 министрлік кездесулері өткізіліп, онда АӨСШК қызметінің негізгі базалық қағидаттары мен оған негіз болатын жарғылық құжаттар қабылданды.

Форумның басты міндеті ретінде халықаралық құқық қағидаттары мен күш тұрғысынан саясаттың қолайсыздығы, экономикалық дамудағы, нәсілдік, этникалық және діни тиістілігінің айырмашылықтары негізінде ашық және сындарлы диалог арқылы Азия мемлекеттері арасындағы қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер мен проблемаларды талқылау үшін қолайлы жағдай жасау болды.

Өткен 28 жыл ішінде Форум халықаралық саясаттың проблемалық мәселелер бойынша ашық ой-пікірлер алмасатын диалог алаңына айналды, сондай-ақ олардың арасында өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етті.

Сегіз елмен және бақылаушы мәртебесіне ие бес ұйыммен қатар, АӨСШК мүшелерінің санын 27 мемлекетке дейін ұлғайту осы платформаның өзектілігін әрі оның қажеттілігінің дәлелі болып табылады. Сонымен бірге, бүгінгі шындық АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа басымдықтары мен неғұрлым пәрменді тетіктерін әзірлеуді талап етеді.

 

Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығының басымдықтары

Қазақстан, Форумда бұдан бұрын төрағалық еткен Түркия, Қытай және Тәжікстан сынды мемлекеттердің оң тәжірибелеріне сүйене отырып, АӨСШК үдерісін одан әрі ілгерілету жөніндегі жұмыстың қарқынын арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстандық төрағалық ашықтық пен бейтараптық қағидаттарына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Жаһандану жағдайында әлем өзара байланысты және өзара тәуелді бола түсуде. Нәтижесінде қазіргі заманғы сын-қатерлер әмбебап сипатқа ие болуда. Жаһандық басқару институттарының, ең алдымен БҰҰ тиімділігінің төмендеуі мен халықаралық құқықтың эрозиясы жалғасуда.

Жаппай қару шығарумен және жаңа жүйелер мен қару түрлерін әзірлеумен қосарлана жүретін, стратегиялық тұрақтылық пен ядролық қаруды бақылау жүйесінен алшақтау байқалуда.

Терроризм, экстремизм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты мәселелер заманауи технологиялар мен ықпал етудің жаңа салаларын игере отырып, едәуір трансұлттық сипатқа ие болуда.

Әлемдік экономикалық архитектурадағы өзгерістер алаңдаушылық тудыруда. Жаһандық алаңдар шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықтың орнына сауда, инвестициялық және технологиялық қолдампаздықпен алмастырылуда. Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) тиімділігі төмендеуде, өңірлік және екіжақты альянстардың тартымдылығы артуда.

Киберқылмыс және жеккөрушілікті қоздыру қоғамдық сананы басқаруға, тіршілікті қамтамасыз ету және ұлттық қауіпсіздік жүйелерінің бұзылуына бағытталған ақпараттық соғыстардың ажырамас бөлігі болды.

Covid-19 короновирустық індетінің таралуы мысалында бүкіл әлемде эпидемиялық аурулар мен пандемиялардың өршуі адамдардың өмір сүруіне ғана емес, сонымен бірге ұлттық, аймақтық және жаһандық экономика мен қауіпсіздікке де ерекше биологиялық қауіп төндіретіні белгілі болды.

Азық-түлік, энергетикалық, су және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары неғұрлым өзекті болып қалуда. Заңсыз және бақыланбайтын көші-қон ауқымы артуда.

Бұл жағдайда белсенді ұжымдық өзара іс-қимылы және өркениеттердің ашық диалогы ғана барлық мемлекеттердің тұрақтылығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін дұрыс шешімдерді айқындауға қабілетті.

Қазақстан төрағалығының тақырыбы ретінде: «Азиядағы қауіпсіздік пен даму жолындағы әріптестік» болады.

                                               

АӨСШК институционалдық дамуын дәйекті ілгерілету

Көрсетілген сын-қатерлер мен қауіптер мәнмәтінде ерекше талап етілетін АӨСШК базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын (АҚДҰ) құру жөніндегі бастама болып табылады. Бұл идеяны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 4-ші кеңесі (2012 ж. 12 қыркүйекте) барысында ұсынды және кейін АӨСШК-тің Шанхай саммитінде (2014 ж. 21 мамырда) жария етті.

Душанбе қ. өткен АӨСШК-нің 5-ші саммиті барысында, Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев «форумның тиімділігі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оны біртіндеп толыққанды өңірлік ұйымға айналдыру қажет» деп атап өтті.

АӨСШК-ні ұйымға айналдыру оның оған мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге, барлық азиялық кеңістікті терең өзара сенім мен өзара көмек жүйесімен қамтуға, сондай-ақ форумның халықаралық аренадағы мәртебесі мен ықпалын арттыруға мүмкіндік береді.

АӨСШК қорын құру, АӨСШК данышпандар кеңесін құру, Аналитикалық орталықтар форумын тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыру сияқты Душанбе саммитінің декларациясында көрініс тапқан жаңа шараларды жүзеге асыру Кеңес қызметінің тиімділігін және оның жаһандық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар, құрамында қазіргі, болашақ және алдыңғы Кеңес төрағаларының өкілдері енген АӨСШК-нің толыққанды «Үштік» институтын құру, сондай-ақ кейін оны Тұрақты өкілдер Кеңесі етіп қайта құру арқылы Нұр-Сұлтан қаласында АӨСШК-ге мүше мемлекеттер елшілерінің клубын құру мәселесін өзектендіру орынды.

Бұл шаралар Форумды одан әрі институцияландыруға ықпал етеді және АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

АӨСШК халықаралық мәнмәтінде

АӨСШК Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және оның заңды міндеттейтін құжаттарына адал болып қала береді. Азиядағы құбылмалы ахуал жағдайында АӨСШК жаһандық процестермен және БҰҰ күн тәртібімен қатар жүретін болады, олардың негізгілері Тұрақты дамудың 17 мақсатымен (ТДМ) 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібі және ТДМ іске асыру жөніндегі жеделдетілген іс-қимылдардың он жылдығы болып табылады.

АӨСШК, сондай-ақ БҰҰ-ның әйелдер мен жастардың, сондай-ақ жан-жақты дамуға және «ешкімді артта қалдырмау» қағидасына ұмтылу үшін басқа да осал топтардың теңдігі мен құқықтарын және мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарына қатысады.

АӨСШК климаттың өзгеру салдарын жеңілдетуге және Париж келісімін жүзеге асыруға жақтас болады. Осылайша, АӨСШК-ге мүше мемлекеттер қабылдайтын өңірлік шаралар осы бағыттағы халықаралық іс-қимылдарға ықпал ететін болады. Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу үшін Мінез-құлық кодексі алға тартқан БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын жүзеге асыру өте маңызды. БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриштің Бейбітшілік үшін жаңа күн тәртібі, Даму жүйесін реформалау, Қарусыздану саласындағы күн тәртібі мен Бітімгершілік реформасы да АӨСШК өңірі үшін едәуір маңызды болып қала бермек.

 

АӨСШК Сенім шаралары каталогын практикалық тұрғыда жүзеге асыру

Қазақстандық төрағалық АӨСШК мақсаттары мен міндеттерін ілгерілетудің негізгі құралы болып табылатын Сенім шаралары каталогын жүзеге асыруға ерекше назар аударады.

Қажет болған жағдайда және оған мүше мемлекеттермен келісе отырып халықаралық күн тәртібіндегі өзгерістерге байланысты жаңа сенім шараларын енгізу мүмкін. Сондықтан, соңғы үрдістерді назарға ала отырып, эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулықты қорғау, фармацевтика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастыру, сондай-ақ АӨСШК форматында гуманитарлық және әлеуметтік өзара іс-қимылды кеңейту ұсынылады.

Бұл ретте сенім шараларын АӨСШК шеңберінде қолданыстағы экономикалық, әскери-саяси, адами, экологиялық, сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес сияқты өлшемдерге сәйкес жүзеге асыру керек.

Форум қызметін мазмұнды толтыруда Сенім шараларын үйлестірушілер мен үйлестірушілердің қызметін жандандыру маңызды болып табылады. Осы мақсатта БҰҰ-ның тиісті бөлімшелерімен, БҰҰ Хатшылығының агенттіктерімен және департаменттерімен тығыз ынтымақтаса отырып, әрбір сенім шарасы бойынша қолда бар тұжырымдамалар мен іс-қимыл жоспарларын жаңарту қажет. Бұл Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы АӨСШК беделі мен рөлін күшейте түседі.

Сонымен қатар, Іскерлік және Жастар кеңестері, АӨСШК үкіметтік емес және бизнес форумдары шеңберінде бизнес, үкіметтік емес, әйелдер және жастар ұйымдары өкілдерінің кездесулерін тұрақты өткізу тәжірибесін енгізу қажет. Бұл АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететін болады. Бұдан басқа, өткізілетін іс-шаралар Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы АӨСШК беделі мен рөлін арттыруға бағытталуы тиіс.

 

Сыртқы байланыстарды кеңейту

Қазақстан төраға ретінде 2007 ж. АӨСШК Сыртқы байланыстары туралы Ережесіне сәйкес халықаралық және өңірлік ұйымдармен және форумдармен диалогты нығайтуды жалғастыратын болады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында АӨСШК БҰҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін алды. Басқа ұйымдармен байланысты дамыту мақсатында АӨСШК Халықаралық көші-қон ұйымымен (ХКҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (БҰҰ ЕҚБ), Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен (ЭЫҰ) және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен (ШЫҰ) өзара түсіністік туралы меморандумдарына қол қойды.

Қазақстан 2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен ұсынылған «Үш Д» бастамасы шеңберінде үш деңгейлі және көп өлшемді диалогты дамытуға басым назар аударатын болады.

Алдағы екі жылдық кезеңде қазіргі геосаяси нақтылықта соншалықты қажет болатын әлемдік державалар, өңірлік субъектілер мен ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа жаһандық архитектурасының тұжырымдамасын дамыту жалғасатын болады. Бұл ретте АӨСШК пен ЕҚЫҰ өз мандаттары мен мақсаттарын келісу мақсатында тығыз ынтымақтаса алатын Еуразиялық субконтинентке назар аударылатын болады.

АӨСШК үшін БҰҰ-мен ынтымақтастықтан басқа, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ), Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ), Түркі кеңесі, Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалог (АЭД), Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы (АСЕАН), Оңтүстік Азиядағы өңірлік ынтымақтастық қауымдастығы (СААРК), Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК), Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ) және т. б. сияқты ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту маңызды.

Осы халықаралық құрылымдармен ынтымақтастық Еуразиядағы қауіпсіздікті нығайту және тұрақты даму жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды одан әрі кеңейтуге ықпал ететін болады. Аталған ұйымдар мен форумдар жеке өңірлік және саяси күн тәртібін көздейтініне қарамастан, олар АӨСШК басшылыққа алатын БҰҰ қағидаттары шеңберінде әрекет етеді.

Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығы теңізге шыға алмайтын Дамушы елдер тобындағы төрағалықпен тұспа-тұс келуде, демек, АӨСШК құрамына кіретін аталған дамушы мемлекеттер мүшеліктен қосымша пайда алады.

 

АӨСШК Хатшылығының әлеуетін нығайту

АӨСШК Хатшылығының рөлін, бірінші кезекте, оның кадрлық әлеуеті мен қаржылық тұрақтылығын нығайту арқылы одан әрі күшейту маңызды болып табылады.

Хатшылық АӨСШК қызметін әкімшілік, ұйымдастырушылық және техникалық қолдауды қамтамасыз ету жөнінде тиімді жұмыс жүргізуі тиіс. Арнайы жұмыс тобының (АЖТ), Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің (ЖЛТК), Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК), Саммиттер отырыстары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі Хатшылықтың жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылатын болады.

Бұдан басқа, Қазақстан АӨСШК-ның Хатшылығы туралы ережесіне АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директорының мәртебесін АӨСШК-ның Бас хатшысына дейін арттыру мақсатында, «кәсіби құрамның мүшесі» лауазымын саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі «кеңесшілер» етіп өзгерту, сондай-ақ Хатшылықтың кәсіби және техникалық персоналының құрамындағы Азияның барлық субөңірлерінің өкілдігін қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

 

Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру

Қазақстан төрағалығының ерекше назары Азия континентінің жан-жақты, тең және бөлінбейтін қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында пәрменді институттар мен тетіктер құру мақсатында АӨСШК-ның нормативтік-құқықтық базасын одан әрі дамытуға аударылатын болады.

 

Қорытынды

АӨСШК-ні одан әрі институционалдық дамыту қазіргі жаһандық және өңірлік сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, барлық мүше мемлекеттермен оны мұқият пайымдауы мен талқылауын талап етеді.

Қазақстан АӨСШК-ның төрағасы ретінде Форумның қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша диалогқа, сондай-ақ АӨСШК-ні одан әрі дамыту жөніндегі мүше мемлекеттердің ұсыныстары мен идеяларын талқылауға ашық болады.

Қазақстан Азиядағы қауіпсіздіктің тиімді архитектурасын тек бірлескен іс-қимылдармен ғана құруға болатындығын негізге алады. Осыған байланысты біз барлық мүше мемлекеттердің АӨСШК үдерісін ілгерілетуге белсенді қатысуын қолдаймыз. Бұл шаралар АӨСШК мақсаттарына неғұрлым кең халықаралық қоғамдастық шеңберінде шынайы көпжақты құрылым ретінде қол жеткізуге ықпал етеді деп үміттенеміз.

Біздің берік батылдығымыз Азиядағы бейбітшілікті, даму мен өркендеуді қамтамасыз ету игілігі үшін ағымдағы дағдарыстар мен сын-қатерлерді бірлесіп тиімді еңсеруге бағытталуы тиіс.

 

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес

(Қысқаша анықтама)

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі халықаралық форум болып табылады.

АӨСШК шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария етті.

Мүше мемлекеттер арасында сенім мен ізгі ниет атмосферасын құру АӨСШК-тің негізгі мақсаты болып табылады. АӨСШК сенім шараларының каталогында Сенім шараларының тізбесі бар. АӨСШК сенім шаралары каталогында бес өлшем бойынша: экономикалық, экологиялық, адами, әскери-саяси және жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрес саласындағы сенім шаралары айқындалған.

АӨСШК хатшылығы – кеңестің әкімшілік органы, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтанда орналасқан. Хатшылықтың штатына мүше мемлекеттер жіберетін атқарушы директор, атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персонал кіреді.

АӨСШК мүше мемлекеттер: Әзірбайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Израиль, Үндістан, Иран, Ирак, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Катар, Корея Республикасы, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Шри-Ланка.

АӨСШК бақылаушы мемлекеттері: Беларусь, Индонезия, Лаос, Малайзия, Түркіменстан, Филиппин, Украина, АҚШ, Жапония.

АӨСШК бақылаушы ұйымдары: БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ, ТүркПА, хом.

Төрағалары: Қазақстан (2002-2010 жж.), Түркия (2010-2014 жж.), Қытай (2014-2018 жж.), Тәжікстан (2018-2020 жж.), Қазақстан (2020-2022).

Негізгі кездесулер: Бірінші министрлік кездесу (1999), Бірінші Саммит (2002), Екінші министрлік кездесу (2004), Екінші Саммит (2006), Үшінші министрлік кездесу (2008), Үшінші Саммит (2010), Төртінші министрлік кездесу (2012), Төртінші Саммит (2014), Бесінші министрлік кездесу (2016), Бесінші Саммит (2019).

Құрылтай құжаттары: АӨСШК-ке мүше мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін қағидаттар декларациясы (1999 жылы АӨСШК Сыртқы істер министрлері қол қойған) және Алматы актісі (2002 жылы АӨСШК мемлекет және үкімет басшылары қол қойған).

Негізгі құжаттар: Сенім шараларының каталогы, рәсім ережелері (2004 жылы қабылданған 2014 жылғы түзетулермен бірге), АӨСШК Хатшылығы туралы келісім және оның қосымшасы – Қаржылық ережелер (2006 ж.қол қойылды, ҚР 2007 ж. ақпанда ратификацияланды), АӨСШК рәмізі туралы ереже, сенім шараларын жүзеге асыруға кооперативтік көзқарас, АӨСШК сыртқы байланыстары туралы Ереже (2007 ж. қабылданды), Хатшылықтың ҚР аумағында болу шарттары туралы Келісім (2007 ж. қол қойылды, Қазақстан 2008 ж. наурызда ратификацияланды), АӨСШК Хатшылығы туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы Хаттама (2008 ж. қол қойылды), Хатшылықтың, оның персоналының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы АӨСШК мемлекеттерінің өкілдері (2010 жылы қол қойылған, Қазақстан 2011 жылғы 28 қарашада ратификациялаған).

Саяси декларациялар: Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы диалогқа жәрдемдесу туралы Декларация (2002 ж.), Сыртқы істер министрлерінің Екінші кездесуінің Декларациясы (2004 ж.), Мемлекет немесе Үкімет басшыларының Екінші Саммитінің Декларациясы (2006 ж.), Сыртқы істер министрлерінің Үшінші кездесуінің Декларациясы (2008 ж.), Мемлекет немесе Үкімет басшыларының Үшінші Саммитінің Декларациясы (2010 ж.), Сыртқы істер министрлерінің Төртінші кездесуінің Декларациясы (2012 ж.), «Жаңа Азия үшін диалогты, сенім мен үйлестіруді нығайту, бейбітшілік, тұрақтылық және ынтымақтастық» АӨСШК Төртінші Саммитінің Декларациясы (2014 ж.), Сыртқы істер министрлерінің «Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды диалог арқылы ілгерілету» Бесінші кездесуінің Декларациясы (2016 ж.), «АӨСШК қауіпсіз және одан да өркендеген өңірінің ортақ көрінісі» АӨСШК Бесінші Саммитінің Декларациясы (2019 ж.).

Ресми мерекесі: 5 қазан (АӨСШК күні).

Жұмыс тілдері: ағылшын және орыс. Қол қою немесе қабылдау үшін ресми құжаттардың тілі ағылшын тілі болып табылады.