Хорватияның Штригово ауылында кеңес жауынгерлеріне естелік Мемориал салынады

Хорватияның Штригово ауылында  кеңес жауынгерлеріне естелік Мемориал салынады

Ү.ж. 6 мамырда Қазақстан Елшісі Төлежан Барлыбаев әскери қабірлерді іздеумен және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің есімдерін анықтаумен айналысатын Хорватияның еске алу қауымдастығының жетекшісі Дамир Яшаревичпен кездесті.

Кездесу барысында сұхбаттасушылар Штригово ауылындағы Кеңес жауынгерлерінің бауырластар зираты тұрған жерде Мемориал мен Достық саябағын салу жобасының барысын талқылады. Мемориалдық кешеннің ресми ашылуы 2021 жылдың күзіне жоспарланған. Хорватия аумағында бауырластар зираттарында жерленген сарбаздар мен офицерлердің есімдерін анықтау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Елші Д.Яшаревичке фашизмге қарсы қаза тапқан жауынгерлерді мәңгі есте қалдыру жөніндегі қызметі үшін ризашылығын білдірді. Дипломат Қазақстанның Еуропаны фашизмнен азат ету жолындағы күресіне қосқан елеулі үлесін, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстың Югославия аумағындағы ең ірі шайқасы - Батин ұрысындағы қазақстандық сарбаздардың ерлік ісін атап өтті.

Ү.ж. 9 мамырда Батина ауылындағы Жеңіс монументіне Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан елшіліктерінің, Хорватияның ардагерлері мен антифашистік ұйымдарының, сондай-ақ жергілікті билік пен қоғам өкілдерінің қатысуымен гүл шоқтарын қою рәсімі жоспарланған.

Батина ауылындағы мемориалдық кешен 1947 жылы екі мыңнан астам кеңес сарбаздарының сүйектері жерленген бауырластар зиратының орнына салынған. Қаза тапқан батырлардың арасында Батинск шайқасы кезінде 315-атқыштар дивизиясының 22-атқыштар ротасын басқарған Қарағанды ​​облысының тумасы Хамит Садуов та бар. 1944 жылы 19 қарашада Х.Садуовтың ротасы қиян-кескі ұрыста фашистердің шабуылына қаһармандықпен тойтарыс беріп, жаудың 230 сарбаздары мен офицерін жойды. Батылдық пен ерлік үшін Хамит Садуовқа қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

ҚР Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі