Сараевода сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі аймақтық конференция өтті

Сараевода сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі аймақтық конференция өтті

Ү.ж. 16 сәуірде Босния мен Герцеговина астанасы Сараево қаласында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаментінің директоры Тимур Сұлтанғожин бастаған Қазақстан-Босния сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар өтті.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының делегациясын Босния мен Герцеговинаның Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Бисера Туркович қабылдады. Консультацияларда қабылдаушы тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Бакир Садович, екіжақты істер жөніндегі Министрінің көмекшісі Ахмет Халилович, Орталық және Шығыс Еуропа департаментінің басшысы Сабахка Раджо, сондай-ақ БмГ СІМ аумақтық бөлімшелерінің басшылары өкілдік етті.

Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық және халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Парламентаралық байланыстардың қарышты дамуы атап өтілді, бұған Парламенттік Ассамблея Халықтары палатасының төрағасы БмГ Бакир Изетбеговичт34 2017-2019 жылдардағы Қазақстанға сапарлары ықпал етті.

Тараптар ҚР Құрметті консулдығы мен «Berkut» іскерлік ынтымақтастық қауымдастығының белсенді қызметін құптады. 2019 жылдан бастап консулдықпен бірқатар маңызды іскерлік және мәдени акциялар ұйымдастырғаны атап өтілді.

Шарттық-құқықтық базаны кеңейту, денсаулық сақтау және өзара құқықтық көмек саласындағы келісімдерді пысықтау, сондай-ақ білім, мәдениет, спорт және жастар саясаты салаларындағы байланыстарды дамыту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Консультациялар қорытындысы бойынша тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде жемісті өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.

Сонымен қатар Сараеводағы ҚР Құрметті консулдығында БмГ, Хорватия және Черногория іскер топтарының қатысуымен «Қазақстанның инвестициялық әлеуеті» өңірлік конференциясы өтті. Еуропа департаментінің директоры Т.Сұлтанғожин Балқан кәсіпкерлеріне Қазақстандағы бизнесті жүргізу перспективаларын, жеңілдіктер мен преференцияларды, сондай-ақ инвесторларды заңнамалық қорғау жүйесімен таныстырды. Интерактивті онлайн-форматта конференцияға қатысушылардың сұрақтарына толық жауаптар берілді.

ҚР-дың Хорватия, БмГ және Черногориядағы Елшілігінің баспасөз қызметі