Загребте «Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының активіне Абай медалін тапсыру рәсімі өтті

Загребте «Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының активіне  Абай медалін тапсыру рәсімі өтті

Ү.ж. 12 сәуірде Загреб қаласында Хорватиядағы ҚР Елшілігінің ұйымдастыруымен Халықаралық Түрік Мәдениет Ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің «Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының және «Севдах» Босниялық мәдени қоғамының активімен кездесуі өтті. Іс-шараға Юнус Эмре институтының өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен дипломаттар қатысты.

Кездесу барысында ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев Қазақстан-Хорват Достық қоғамының Абайдың рухани және мәдени мұрасын ілгерілетуге қосқан қомақты үлесін атап өтті. Атап айтқанда, 2020 жылы қоғамның қолдауымен опера сахнасының солистері мен қазақ халық музыкасы шеберлерінің концерттері ұйымдастырылды, Абайдың хорват тіліндегі таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді, «Құнанбай» кинофильмінің премьерасы, фотокөрме және басқа да іс-шаралар өтті.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов мәдени байланыстарды дамытуға және Абай мұрасын танымал етуге қосқан жеке зор үлесі үшін ХР экс-президенті Степан Месичке, «Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының төрағасы Андрий Карафилиповичке және «Севдах» босниялық қоғамының басшысы Ферид Диздаревичке халықаралық құрметті награда – Абай медалін, сондай-ақ қазақтың ұлы ойшылы мен ақынының 175 жылдығына орай ТҮРКСОЙ шығарған көркем альбомдарын табыс етті.

Мәдени акция аясында қазақтың танымал виолончелисті Эльдар Сапараев Абай өлеңдері мен Иоганн Себастьян Бахтың классикалық сюиталарына бірқатар шығармалар орындады.

ҚР-дың Хорватиядағы Елшілігінің баспасөз қызметі