Хорват депутаттары қазақстандықтарды көктемгі Наурыз мерекесімен және ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады

Хорват депутаттары қазақстандықтарды көктемгі Наурыз мерекесімен және ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады

Ү.ж. 25 наурызда Загреб қаласында ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев хорват парламентіне барып, Сабор депутаттары - Парламентаралық ынтымақтастық комитеті мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік саясат комитетінің мүшелері Иван Кирин және Иван Челичпен, сондай-ақ Қазақстан Республикасымен парламентаралық ынтымақтастық тобының хатшысы Майя Ивановичпен кездесті.

Кездесу барысында топ басшысы, Сабордың депутаты И.Кирин ҚР парламентарийлеріне және барша қазақстандықтарға көктемгі Наурыз мерекесімен және ағымдағы жылы ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздігінің 30-жылдығымен шын жүректен құттықтауын білдірді. Ол Қазақстан әлемнің алғашқы мемлекеттерінің қатарында Хорватия Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін танығанын атап өтіп, екі ел басшылығының екі жақты қатынастардағы достықтың, сенім мен өзара түсіністіктің берік іргетасын қалағанын атап өтті. Депутаттар энергетика, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық танытты.

Т.Барлыбаев парламенттік сайлаудың қорытындылары мен Мемлекет басшысының ҚР Үкіметінің алдына қойған міндеттері туралы хабардар етті. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасындағы ауқымды өзгерістерді жария етуге ерекше назар аударылды.

Тараптар 2021 жылғы 16 сәуірде өткізуге жоспарланып отырған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Хорватия Үкіметаралық комиссиясының I-ші отырысына дайындық барысын қарады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі үш есеге өсіп, 330 млн АҚШ долларынан асқаны атап өтілді.

Дипломат хорват парламентшілерін ҚР Парламенті Мәжілісі мен ХР Сабордың парламентаралық ынтымақтастық топтарының өзара іс-қимылын жолға қою мақсатында Нұр-Сұлтанға келуге шақырды. Соңында Елші депутаттарға Нұрсұлтан Назарбаевтың хорват тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын сыйға тартты.

Хорватиядағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі