АСТАНА БЕЙБІТШІЛІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ 2025: ЖАҺАНДЫҚ РУХАНИ ДИПЛОМАТИЯНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

АСТАНА БЕЙБІТШІЛІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ 2025: ЖАҺАНДЫҚ РУХАНИ ДИПЛОМАТИЯНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Бейбітшілікті нығайтуға, орнықты даму мен мәдениетаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған маңызды құжат

2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындысы бойынша қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» бейбітшілікті нығайту, орнықты дамуды қамтамасыз ету және мәдениетаралық диалогты ілгерілету бағыттарындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағдарларын айқындайды.

Съезге шамамен 60 елден 100-ден астам делегация қатысты. Бұл Қазақстанның діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты дамытуға арналған жаһандық алаң ретіндегі рөлін тағы бір мәрте айқындады.

Съезді ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде геосаяси шиеленіс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, қақтығыстар өршіп, идеологиялық қайшылықтар тереңдеп келе жатқанын атап өтті. Гибридті соғыстар, текетірестің күшеюі және жаппай қырып-жою қаруынан төнетін қатер жағдайында рухани көшбасшылардың халықаралық қоғамдастық үшін адамгершілік бағдар ретіндегі рөлі арта түседі.

Президент Тоқаев Съездің ашық диалог арқылы ортақ мәмілеге келуге мүмкіндік беретін бірегей алаң екенін атап өтті. Оның қорытынды декларациялары Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ресми құжаттары ретінде таратылады. Бұл форум жұмысының халықаралық маңызын арттыра түседі.

Діни нысандар мен мәдени мұраны қорғауға айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы қасиетті орындарды сақтау адамзат өркениетінің түп негіздерін қорғаумен тең екенін атап өтті.

Президент Тоқаев сондай-ақ Съезд аясында бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс құруды, БҰҰ-мен және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуді қамтитын бірқатар стратегиялық бастама ұсынды.

Декларацияның негізгі басымдықтары

«Астана бейбітшілік декларациясы 2025» дінаралық диалогтың қақтығыстардың алдын алу мен өзара сенімді нығайтудағы стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Декларацияның негізгі басымдықтарына БҰҰ-мен ынтымақтастықты тереңдету, діни нысандар мен мәдени мұраны қорғау, радикалданудың алдын алуда білім беру мүмкіндігін кеңінен пайдалану, жастар мен әйелдерді мәдениетаралық диалогқа белсенді тарту, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен экстремизмді ақтау үшін дінді теріс пайдалануға жол бермеу жатады.

Декларацияда терроризмді қандай да бір дінмен, мәдениетпен немесе өркениетпен байланыстыруға болмайтыны нақты айтылған.

Жаңа жаһандық күн тәртібі

Цифрлық өзгерістерге ерекше мән берілді. Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде дін көшбасшылары оны қолданудың әмбебап этикалық қағидаттарын әзірлеу қажеттігін қолдады. Президент Тоқаевтың Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы ұсынысы технологиялық дамуды адам мүддесіне бағдарлаудағы маңызды қадам болды.

Экология мәселелері де күн тәртібінен маңызды орын алды. Қатысушылар рухани көшбасшылардың климаттың өзгеруімен күрестегі рөліне арналған халықаралық құжат әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау адамгершілік міндет деген ұстанымға негізделген.

Дінаралық дипломатия

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі рухани дипломатияның орныққан халықаралық алаңына айналды. «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» дінаралық бастамалардың өзара түсіністіктің нышаны ғана емес, халықаралық сенімді нығайтудың нақты тетігі де бола алатынын көрсетеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IX съезін 2028 жылы Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Жаһандық бейбітшілік мәдениетін қалыптастыру жолында

«Астана бейбітшілік декларациясы 2025» XXI ғасырда діннің алауыздық көзі емес, адамдар мен халықтарды ұйыстыратын күш бола алатынын көрсетеді. Рухани құндылықтарды, халықаралық дипломатияны және технологияға жауапкершілікпен қарауды ұштастыру өзара құрметке, сенімге және адамзат болашағы үшін ортақ жауапкершілікке негізделген жаһандық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастырады.

Қазақстан Съезд және оның аясындағы бастамалар арқылы бейбіт қатар өмір сүруді орнықтыруға, мәдениетаралық диалогты дамытуға, қауіпсіз әрі орнықты әлем құруға бағытталған халықаралық күш-жігерге үлес қосуды жалғастырып келеді.