Қазақстан өңірлері мен Ганьсу өлкесі арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Қазақстан өңірлері мен Ганьсу өлкесі арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Сиань, 2025 жылғы 14 ақпан – Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Ганьсу өлкесінің Сыртқы істер басқармасы басшысының орынбасары Чжао Цзюньмен кездесті.

Тараптар өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, мәдениет, жоғары білім беру, ауыл шаруашылығы мен өндіріс кадрларын қысқа мерзімді оқыту мен тәжірибе алмасу салаларындағы өзара іс-қимыл жоспарына ерекше назар аударды.

Осыған орай қазақ-қытай жеке және орта бизнес өкілдерінің байланысын нығайту мүмкіндіктері талқыланды. Бас консул Ганьсу өлкесі мен Қазақстан өңірлері арасында тығыз және өзара тиімді байланыс орнату бойынша белсенді жұмысын ілгерілету бойынша жұмыс жоспарын қабылдау  қажеттілігіне тоқталды.

Кездесу барысында сауда-инвестициялық және мәдени-білім беру өзара іс-қимылын одан әрі нығайту, сондай-ақ 2025 жылы бірлескен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық іс-шараларды өткізу перспективаларын қозғап, ү.ж. маусымда Ганьсу провинциясының басшысы мен өңір бизнесі капитандарының сапарын Алматы және Қостанай облыстарына ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылды.

Өз кезегінде қытайлық тарап Қостанай облысы Рудный қ. мен Ганьсу өңірінің Цзяюйгуань қ. арасындағы бауырластық ынтымақтастық орнатуға және іскерлік топтарды байланыстыру бойынша жүргізілген ұйымдастыру жұмыстары үшін Бас консулдыққа ризашылығын білдірді. Қытай тарапы Дунхуан қаласында жыл сайын өтетін халықаралық сауда жәрмеңкесіне Қазақстан тарапын «бас қонақ» ретінде шақыруға ниет білдірді.

Ганьсу өкілдері Бас консулдық базасында пилотты түрде ашылған ҚР отандық өнімдер көрмесімен танысып, Ганьсу өлкесінің тұрғындары Қазақстанның өнімдерін сүйсіне тұтынатынын және сұраныстың баршылығын атай отырып, «Қазақстан өнімдері» сатылатын орындарды ашуға қызығушылықтарын танытты.  

Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты үдемелі дамыту мақсатында Бас консулдық пен Ганьсу өлкесінің Сыртқы істер басқармасы талқыланған бағыттар бойынша өзара ынталы жұмысын әрі қарай жалғастыруға келісті.