Солтүстік-батыс политехникалық университетінің «10-шы Халықаралық мәдени фестиваліне» қатысу

Солтүстік-батыс политехникалық университетінің «10-шы Халықаралық мәдени фестиваліне» қатысу

Сиань, 2026 ж. 16 мамыр – Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (Northwestern Polytechnic University) алаңында ұйымдастырылған «10-шы халықаралық мәдени фестивальге» қатысты.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Индонезия, Вьетнам, Тайланд, Марокко, Алжир, Зимбабве, Гондурас және басқа да елдерден келген студенттер музыкалық және хореографиялық қойылымдарын ұсынды. Фестиваль қонақтары ұлттық ойындарға қатысып, дәстүрлі билердің элементтерін үйреніп, этникалық аспаптарда ойнап көрді, ұлттық киімдерді киіп, түрлі елдердің гастрономиялық мәдениетімен танысты.

Іс-шара барысында Бас консул университетте білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жеке кездесіп, Қытай Халық Республикасының заңдарын сақтау арқылы өз елін лайықты таныстырудың маңыздылығын атап өтіп, тиісті ақыл-кеңестерін берді (қазіргі уақытта Солтүстік-Батыс политехникалық университетінде Қазақстаннан келген шамамен 120 студент білім алуда).

Сонымен қатар, іс-шара аясында Бас консул мен Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің проректоры Кун Цзе арасында кездесу өтіп, білім беру саласындағы өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.