Қазақстандық тамақ өнімдерін Сиань тұрғындары қызыға қарсы алды

Қазақстандық тамақ өнімдерін Сиань тұрғындары қызыға қарсы алды

Сиань, 2026 жылғы 23 қаңтар – «Айцзю» компаниясының базасында 3-ші мәрте «Жаңа жылдық тауарлар» фестивалі ұйымдастырылуда. Қытайдың жаңа жыл-Көктем мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысынан 40 футтік 10 контейнерлерге тиелген отандық тамақ өнімдері Сиань қаласына жеткізілді.   

Фестивальдің ашылу салтанатына Шэньси провинциясының және Сиань қаласының үкімет өкілдері, Кеден және эпидемиялогия, Сертификат және стандартизация, үлкен әмбебап ретейл компанияларының өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, Қазақстан және Орта Азия мемлекеттері студенттер бірлестіктері қатысып, жергілікті блогерлер мен ақпарат құралдары шақырылып, кеңінен ақпараттандырылды.

ҚР Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев іс-шараға  қатысушыларға Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік және инвестициялық ынтымақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ ҚР Үкіметі тарапынан шетелдік инвесторларды және отандық өнім өндірушілерге берілетін заңнамалық кепілдіктері туралы ақпаратпен бөлісті. ҚР Сыртқы істер министрлігі тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдаулары жайында кеңінен баяндады. Жыл сайын өткізілетін бұл фестиваль қос ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі нығайту үшін маңызды платформаға айналғанын ризашылықпен атап өтті. Әлемде таза экологиялық тағамға деген сұраныстың артуын негізге ала отырып, Шэньси провинциясының тамақ өндіру мен өңдеу, сатушы кәсіпорындарын Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін зерделеуге және серіктестікке шақырды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен Сиань қаласында жүзеге асқан Қазақстан-Қытай халықаралық логистика құрғақ портының мүмкіндігін пайдаланып отандық қазақстандық өнімдердің көтерме сауда орталығын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынылды. Логистикалық орталық барлық жағынан жабдықталған және отандық өнім шығарушыларға толық қызмет көрсетуге дайын.

Қытайлық инвестор «AiJu» компаниясының басшылығы өз тарапынан  қазақстандық тауарлар түрінің бұдан да кеңейетіндігін және өндірушілерге өзінің көмек қолын созуға дайын екендігін мәлімдеді.

Сонымен қатар, қазақстандық өндірушілер мен «AiJu» компаниясының арасында өзара серіктестік орнатуда, орта және жеке бизнес өнімдерінің экспорттық рұқсатнама құжаттарының ресмиленуіне Бас консулдық өз құзыреті шеңберінде мейлінше әкімшілік көмек көрсетіп отырғанын ризашылықпен атап өтті.

Сиань – ежелгі Жібек жолының бастауы және қазіргі заманғы Қытай-Еуропа теміржол қатынасының негізгі торабы. Қазақстанның азық-түлік өнімдері, Қытайға қажетті минералды ресурстары және басқа да жоғары сапалы тауарларының осы торап арқылы Қытай нарығына тереңірек енуіне жол ашады.

Форумның   қорытындысы   бойынша   Бас   консулдықтың ұсынысымен     «Айцзю»  компаниясы  Сиань    қаласының ірі   Сауда  орталықтарында   қазақстандық тауарлардың апталық көрмесін өткізуі туралы уағдаласты.