Чунцин қаласы Қазақстан өнірлерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі

Чунцин қаласы Қазақстан өнірлерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі

Чунцин, 2025 жылғы 18 желтоқсан – Чунцин қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев ҚХР Чунцин қаласы Халық үкіметінің Сыртқы істер басқармасының директоры Ван Вэнь ханыммен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара іс-қимылдың негізгі тетіктерін талқылады.

Талқы барысында, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту перспективаларына, инвестиция тартуға, транзиттік-көлік инфрақұрылымын дамытуға, тау-кен өндіру және энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ мәдениет, жоғары білім, кәсіби даярлау және өндірістік тәжірибе алмасу салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.

Бас консул Қазақстан өңірлері мен Чунцин қаласы арасындағы тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты 2026 жылы ілгерілетуге бағытталған кешенді іс-қимыл жоспарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ сапар аясында Чунцин ғылым және технология университетінің ректоры Чжао Минцземен кездесіп, «Орталық Азияның жаңа материалдар саласындағы басшылар мен мамандарға арналған біліктілікті арттыру бағдарламасының» аяқталу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысты. Аталған 30 күндік бағдарлама Чунцин ғылым және технология университеті тарапынан ұйымдастырылып, Чунцин қаласы Халық үкіметі басшысының (мэрі) «Жібек жолы» стипендиясы арқылы қаржыландырылды. Бағдарламаға Орталық Азия елдерінен 20 тыңдаушы қатысып, оның 12-сі Қазақстан Республикасының азаматтары болды.

Чжао Минцзе университеттің академиялық бағыттарымен, түрлі салалардағы жетістіктері мен әзірлемелерімен, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен студенттер алмасуын дамытудағы нәтижелерімен таныстырды. Ол университеттің Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтастыққа айрықша мән беретінін атап өтті. Тараптар арасында бірқатар өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылған және бұл болашақ серіктестіктің кепілі деп бағалады. Ректор аталған тәжірибе алмасу жоғары білім, ғылыми-техникалық инновациялар және гуманитарлық байланыстар салаларындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оқытушылар мен студенттердің өзара сапарларын, бірлескен ғылыми зерттеулер мен кадрлар даярлауды нығайтуға мүмкіндік береді деген үміт білдірді. Сонымен қатар мұнай, табиғи газ, жаңа материалдар, жасанды интеллект сияқты салаларда университеттер мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, трансшекаралық, пәнаралық және салааралық ынтымақтастықтың жаңа үлгілерін бірлесіп зерделеу ұсынылды.

Бас консул Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы мен заманауи кадрларға деген сұраныстың ерекше екенін айтып, Қазақстан Республикасының Бас консулдығы қытайлық университеттермен кадр даярлау, ғылыми зерттеулер және академиялық алмасулар саласындағы ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап өтті. Консулдық университет пен  қазақстандық жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасында көпір болуға дайын екенін, мұнай-газ, қалдықтарды энергияға айналдыру, жаңа материалдар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің халықаралық екіжақты алмасу сапасын арттыруға ықпал етуге әзір екенін білдірді.

Сонымен қатар Бас консул ұлттық стратегияларды, оның ішінде Батыс құрлықтық-теңіз жаңа дәлізін салу жобасын іске асыруға бағытталған «Чунцин тораптық порты» индустриялық паркіне барды. Аталған парк ішкі ашық кешенді тораптың пилоттық аймағы ретінде айқындалып, жалпы аумағы 17,4 шаршы шақырымды құрайды. Даму бағыттарына металлургиялық жабдықтар, әмбебап және ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, кеме жасау жабдықтары, фотоэлектрлік жабдықтар, мыс материалдарын шығару, сондай-ақ логистика мен заманауи жеткізу тізбегі қызметтерін қамтып, «5+1» өнеркәсіптік жүйесін қалыптастырады. Индустриялық парк Лохуан порты мен Сяонанья теміржол логистикалық орталығына сүйене отырып, «су – автомобиль – теміржол» мультимодальды тасымал жүйесін қалыптастырған, порттың жылдық өткізу қабілеті 20 млн тоннаға дейін жетеді.

Порт басшылығымен өткен кездесуде Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік торапты нығайту мәселелері, әсіресе мультимодальды логистикалық хабтар мен цифрлық дәліздерді кеңейту және дамыту бағыттары талқыланды. Сонымен қатар Қытайдың оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерімен, сондай-ақ Қытай аумағы арқылы АСЕАН елдерімен сауда көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыруда Чунцинде құрғақ портын  айқындау мәселелеріне бас көңіл аударылды. Порт басшылығы бұл пікірді оңтайы қабылдап, бұл бастаманы тараптар қолдаған жағдайда, жергілікті үкімет зор ықыласпен қабылдайтынын, оны бірлесіп зерделеп, болашақта іске асыруға дайын екені білдірілді.