
Түркістан, 2025 жылғы 26 қараша– 2025 жылғы 24-26 қарашда Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумына облыспен серіктестік орнатқан Шэньси, Сычуань және Хубэй провинцияларының үкімет басшылығы мен кәсіпкерлері шақырылған болатын. Түркістан облысы мен ҚР-дың Сиань қаласындағы Бас консулдығы арасында жүргізілген тығыз ұйымдастырушылық жұмыстардың негізінде, аталған өңірлердің 40-қа жуық әлеуетті компаниялары іріктеліп алынды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі тарапынан шетелдік инвесторларға қолдау көрсету жұмысы шеңберінде, Бас консулдық тарапынан Түркістан облысының экономикалық даму ерекшеліктері мен талабын ескере отырып, ауылшаруашылық өнімдерін шығару, өңделген тамақ өндірісі, мал-құс өсіру мен ет өңдеу саласы, алма-жүзім және көкөніс өңдеу, құрылыс заттарын шығару, туризм, логистика, жұмысшы маман дайындау бағыттарында бірнеше делегация топтастырылды. Жалпы форумға 300-ден аса отандық және шетелдік компаниялар қатысты. Қатысушыларға «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында облыстың жоғары әлеуеті таныстырылды.
Форумның спикерлер қатарында Қазақстан Республикасындағы ҚХР Төтенше және өкілетті Елшісі – Хань Чуньлинь, Шэньси провинциясының шетелдік мемлекеттермен достық қоғамының хатшылық басшысы – Бан Хуэй, Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Ж.Қыраубаев және бірқатар отандық және шетелдік ірі кәсіпкерлер қатысты.
Бас консул өз сөзінде, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында, Сиань қаласында еліміздің құрғақ логистикалық портының ірге тасы қаланғаны және қазіргі уақытта қазақстандық терминал заманауи жабдықталған логистикалық орталыққа айналғанын жеткізді. Құрғақ порттың отандық өнім шығарушыларға толық қызмет көрсетуге дайын және үлкен мүмкіндіктерге ие болғанына тоқталды. Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі мен шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері тарапынан отандық кәсіпкерлерге және шетелдік инвесторларға көрсетіп жатқан тиімді жұмыстармен таныстырды.
Осыған орай, өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетудің келесі қадамы ретінде Сиань және Чэнду қалаларында «Оңтүстік өңір Сауда үйі» нысанын ашуды ұсынды. Қытайдың ірі қалаларында отандық өнімдер сауда орталығын ашу арқылы Қазақстанның экспорттық нарықтарын кеңейтуге айқын мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде, шетелдік және отандық кәсіпкерлер Түркістан облысының барлық деңгейінде инвесторларға көрсетілген жылы шырай қатынасын, инвестициялық әлеуетін ынталы түсіндіре білгенін жоғары бағалады. Шетелдік салымшылар облыстың қолайлы инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылығын жасырмады.
Форум шеңберінде облыстың аудан әкімдерімен және жергілікті кәсіпкерлер арасында Шэньси, Сычуань және Хубэй провинциясы өкілдерінің нақты жобалары талқыланды. Өңіраралық кездесулерде Бас консул Ж.Қыраубаев өзі модератор міндетін атқарып, «дәл қазір және шапшаң» талқы моделін қолдануды ұсынды. Ұсыныс бір ауыздан қолдау тауып, тараптар өзара келіскен мезетте инвестроларды инвестициялық жоба полигонында нақты талқылау үшін бастап алып кетіп жатты. Нәтижесінде, бірқатар компаниялар Түркістан облысының еркін экономикалық аймағында өз өкілдіктерін ашуға бел буғандығын айтты. Кәсіпкерлер форум аясында ұйымдастырушылық жұмыстың тиімді деңгейде жолға қойылғандығына, тараптардың нақты жобаларды талқылауға мүмкіндік алып, серіктестер табу мүмкіндігіне ие болғаны үшін облыс әкімдігі мен Бас консулдық ұжымына шынайы алғысын білдірді.