Женева, 2025 жылғы 16 мамыр – Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев пен ДМҰ Бас хатшысы Селеста Сауло ханымның кездесуі өтті. Тараптар гидрометеорология, табиғи апаттар туралы ерте ескерту жүйелері және су ресурстарын орнықты басқару салаларындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Қазақстан CARFFGS жобасына – Орталық Азиядағы жылдам дамитын сел тасқындарын болжау жөніндегі өңірлік жүйеге қатысуды жалғастыруға мүдделілік білдірді. Сыртқы қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты жоба тоқтап қалу қаупіне тап болды. Осыған орай, Қазақстан бұл жүйені 2016 жылдан бері Орталық Азия өңірлік орталығы ретінде қабылдап отырған Қазгидромет базасында жалғастыру тетіктерін қарастыруда ДМҰ-ның қолдауын сұрады.
Сонымен қатар, өңірде көпқатерлі ерте ескерту жүйелерін дамытуға қолдау білдірілді. Ерекше назар жүйелерді цифрландыруға, кадрлар даярлауға және ескерту тетіктерін өңірлік ерекшеліктерге бейімдеуге аударылды.
Кездесу барысында су ресурстары мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан трансшекаралық мәселелерді қоса алғанда, гидрологиялық мониторинг пен су ресурстарын орнықты басқару бағытындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендігін білдірді.
Кездесу соңында Қазақстан тарапы 2026 жылы Астанада өтетін Өңірлік климаттық саммитке ДМҰ-ны қатысуға шақырып, ұйымның саммит күн тәртібін және ұсыныстарын қалыптастыруда сараптамалық қолдау көрсетуіне үміт білдірді.
Өз кезегінде, ДМҰ Қазақстанның орнықты даму мәселелеріне бейілділігін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендігін растады.