Қазақстанның ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Халықаралық сауда орталығының Атқарушы директорымен кездесті

Қазақстанның ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Халықаралық сауда орталығының Атқарушы директорымен кездесті

Женева, 2025 жылғы 14 мамыр – Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Халықаралық сауда орталығының (ХСО) Атқарушы директоры Памела Коук-Хамильтон ханыммен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Ready4Trade – Орталық Азия өңірлік жобасы аясындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен болашағын талқылады. Қ.Төребаев қол жеткізілген нәтижелер үшін алғысын білдіріп, сауданы, электрондық коммерцияны және шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту – Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты шеңберіндегі басымдық екенін атап өтті.

Жобаның бірінші кезеңі аясында 80-нен астам тауар тобы бойынша ақпаратты қамтитын және 20 000-нан астам пайдаланушыны тартқан Қазақстанның Сауда порталы (tradeinfo.kz) іске қосылды. Шекара маңы саудасын басқару бойынша онлайн курстар мен тренингтер әзірленіп, 3 500-ден астам кәсіпкер қатысты. Электрондық коммерцияны дамытуға ерекше көңіл бөлінді – қазақстандық ШОБ субъектілері 500 мың АҚШ долларынан астам онлайн-сатылымдар жасады, ал ұлттық сарапшылар e-commerce кеңесшісі ретінде даярлықтан өтті. Жобада әйелдердің саудаға қатысуын кеңейту де маңызды орын алды.

Жобаның екінші кезеңінің басталуымен Қазақстан мен ХСО болашақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады: Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Инвестицияларды жеңілдету жөніндегі ДСҰ келісімі шеңберіндегі ынтымақтастық және Еуроодақ енгізіп жатқан Көміртекті түзету механизміне бейімделу.

Қазіргі уақытта Қазақстанның мемлекеттік органдары осы бағыттар бойынша ұлттық үйлестірушілерді айқындау процесінде. Қазақстан жақын арада тиісті компоненттер бойынша жұмысты бастауға дайын екенін растады.

Өз кезегінде ХСО Атқарушы директоры Памела Коук-Хамильтон шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанды 2025 жылғы 22–24 шілде аралығында Оңтүстік Африкада, Йоханнесбург қаласында өтетін ШОБ мәселелері жөніндегі ғаламдық министрлік кездесуге қатысуға шақырды. Кездесу тақырыбы – «Жаңа бизнес көкжиектерін игеру», негізгі бағыттар: қаржыландыруға қолжетімділік, цифрлық трансформация және жасыл өткел – саудаға негізделген экономикалық жаңғыру драйверлері ретінде қарастырылады.

Елші Қайрат Төребаев Қазақстанның бұл іс-шараға қатысуға мүдделілігін растап, халықаралық саудадағы ШОБ рөлін нығайту елдің орнықты даму күн тәртібінің маңызды элементі екенін атап өтті.

Қазақстан тарапы ХСО-ның болашақ бастамаларына белсенді қатысуға мүдделілігін растап, сараптамалық әрі саяси деңгейдегі тұрақты диалог пен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында Қайрат Төребаев Қазақстанның Халықаралық сауда орталығымен нәтижелі ынтымақтастықты жалғастыруға және елдің жаһандық сауда жүйесіне табысты интеграциялануына бейілділігін растады.