Женева, 2025 жылғы 14 сәуір – Женевада Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангқа сыпайылық сапары өтті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады. Атап айтқанда, ДЗМҰ қолдауымен Қазақстанның Ұлттық инновациялық стратегиясының іске қосылуы, білім беру бастамаларын дамыту және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық жобаларға Қазақстанның қатысуы мәселелері қаралды.
Тұрақты өкіл Қазақстанның Жаһандық инновациялық индекстегі позициясын нығайтуға ұмтылысын атап өтіп, Орталық Азиядағы алғашқы ДЗМҰ кеңсесін Қазақстанда ашуға қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар, кездесу аясында Қазақстан Республикасының Марракеш шартына қосылуы туралы ратификациялық грамота ресми түрде берілді, бұл көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізу құқығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады.
Кездесу барысында ДЗМҰ Бас директорының алдағы Астана халықаралық форумына қатысуы да талқыланды. Форум аясында цифрлық технологиялар мен креативті индустриялар дәуіріндегі зияткерлік меншік мәселелеріне арналған арнайы панельдік сессия өткізу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен нығайтуға өзара мүдделілік бар екенін растады.