Женева, 2024 жылғы 26 қыркүйек - Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) 2024 жылғы Жаһандық инновациялық индекстің (ЖИИ) ресми тұсаукесерін өткізді. Іс-шара индекстің негізгі нәтижелерін және оның инновациялық дамуды ынталандыру үшін маңыздылығын талқылау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші сарапшыларды, зерттеушілерді және үкімет өкілдерін жинады.
Осы жылы Қазақстан әлемнің 133 елі арасында 78-ші орынға ие болып, өз рейтингін 3 позицияға көтерді. «Бизнесті дамыту деңгейі»
(+9 позиция), «Инвестициялар» (+5 позиция), «АКП пайдалану»
(+14 позиция) және «Креативті қызмет нәтижелері» (+7 позиция) сияқты көрсеткіштер бойынша ең үлкен прогреске қол жеткізілді.
Осының арқасында, бірқатар басқа көрсеткіштер бойынша ілгерілеумен қатар, Қазақстан табысы орташадан жоғары елдер арасында орта позицияға ие болды (34 ел арасында 22-орын).
Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Әсет Ерғалиев рейтинг қорытындыларына түсініктеме бере отырып, Қазақстанның ұстанымдарының жүйелі түрде жақсаруы демократиялық институттарды нығайтуға, құқық үстемдігіне кепілдік беруге және жеке сектордың серпінді дамуы мен инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың салдары болып табылатынын атап өтті.
Әсет Ерғалиев еліміздің тұрақты және инклюзивті дамуы үшін инновациялардың маңыздылығын атап өтіп, халықаралық қауымдастықты күнделікті тәжірибеге инновациялық шешімдерді біріктіру қажеттігіне баса назар аудара отырып, бірлесіп тәжірибе және біліммен бөлісуге ынтымақтастыққа шақырды.