Қазақстан халықаралық аренада өз позициясын нығайтуда: ҚР-ның ДСҰ-дағы сауда саясатына алғашқы шолуының қорытындысы

Қазақстан халықаралық аренада өз позициясын нығайтуда:  ҚР-ның ДСҰ-дағы сауда саясатына алғашқы шолуының қорытындысы

Женева, 2024 жылғы 25-27 қыркүйек –Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кірген сәтінен бастап сауда саясатына алғашқы шолу өтті. Іс-шарада Қазақстан делегациясын Қазақстанның түрлі ведомстволары басшылығының қатысуымен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев басқарды.

Осы шолу шеңберінде Бразилия, Ұлыбритания, Еуропалық Одақ, Үндістан, Қытай, Корея Республикасы, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Жапония және басқа да жетекші экономикаларды қоса алғанда, ДСҰ-ның 30-дан астам мүшесінің елшілері сөз сөйледі. Аталған елдер Қазақстанның сауда саясатын қолдап, еліміздің көпжақты сауда жүйесін нығайтуға қосқан елеулі үлесін айта кетті. Өз сөздерінде олар Қазақстанның экономиканы әртараптандыру және сауда-экономикалық реформаларды жүргізу, оның ішінде сауда рәсімдерін оңайлату, ашықтықты арттыру, сондай-ақ жалпы алғанда әлемдік сауданың тұрақтылығы мен болжамдылығын қолдау жөніндегі күш-жігерін ерекше атап өтті.

Аталған елдердің тұрақты өкілдері сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Қазақстанның реформаларын жоғары бағалады, бұл жеткізу тізбегін қалпына келтіру және логистикалық байланыстардағы өзгерістер контекстінде шешуші рөл атқарады. ДСҰ мүшелерінің делегациялары Қазақстан ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімі бойынша өз міндеттемелерін 100% орындағанын айтты. Негізгі жетістіктердің ішінде БҰҰ-ның автоматтандырылған кедендік деректер жүйесі (ASYCUDA) базасында ЮНКТАД-пен серіктестікте әзірленген экспорттық-импорттық операциялар үшін «Бірыңғай терезе» жүйесін және «АСТАНА-1» платформасын енгізуді қоса алғанда, кедендік процестерді толық цифрландыру ерекше көзге түседі. Қазақстан сондай-ақ «КЕДЕН» жаңа ақпараттық платформасын әзірлей отырып, жаңғыртудың келесі кезеңіне өтуде.

Сонымен қатар, Женевадағы өкілдіктердің басшылары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға, әсіресе Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қолайлы инвестициялық ахуал жасауға бағытталған стратегиялық реформаларын атап өтті. Бұл шаралар Қазақстанның халықаралық сауда жүйесіне кіруіне және оның әлемдік нарықтардағы ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

ДСҰ-ның көптеген мүшелері екіжақты сауданы нығайтудың және экономиканың түрлі секторларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен одан әрі стратегиялық ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Бұл мәлімдемелер әлемдік аренада сенімді сауда серіктесі ретінде Қазақстанға деген сенімнің жоғары деңгейін айғақтайды.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның ДСҰ-дағы сауда саясатына алғашқы шолу елдің Ұйымға кіру кезінде қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын көрсететін маңызды оқиға болды. Бұл үдеріс Қазақстанның сауда және экономикалық саясатын, оның ашықтығы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалауға бағытталған ДСҰ-ның барлық мүшелері тарапынан ұжымдық мониторинг болып табылады. Шолу ағымдағы жетістіктер мен қиындықтарды бағалауға ғана емес, сонымен қатар, сауда процестерін одан әрі жақсарту үшін ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.