Женева, 2023 жылғы 12 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайту саласындағы Қазақстанның басым міндеттерін талқылады.
Кездесу барысында Қ.Омаров ДЗМҰ басшылығын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттарымен таныстырып, креативті экономиканы жан-жақты дамыту үшін жағдай жасау міндетінің маңызын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Қ.Омаров ДЗМҰ-ның БҰҰ Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша арнайы өкіл позициясын құру жөніндегі бастамасына оң баға беріп, Қазақстанның ОДМ-ын іске асыру бойынша ДЗМҰ-мен жұмысты күшейту ниеті туралы хабарлады. Сондай-ақ, Қазақстанның ағымдағы жылы ОДМ индексінде 12 позицияға көтерілгенін де атап өтті.
Қ.Омаров сұхбаттасушыға Алматы қаласында Орталық Азия елдерінің қатысушыларына арналған ДЗМҰ жазғы академиясын өткізгені үшін алғысын білдіріп, Қазақстанда зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында мамандар даярлау мақсатында ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу барысында Д.Танг дамушы елдердегі әйелдердің зияткерлік меншік жүйесін пайдалануын ынталандыру мақсатында «Әйелдердің инновациялық және кәсіпкерлік қызметте рөлін арттыру» жобасының іске асырыла басталуын атап өтті. Жоба өнертапқыш және жасампаз әйелдердің зияткерлік меншік жүйесін пайдалануға ықпал ете отырып, инновациялық қызметтің ұлттық жүйесіне қатысуын кеңейтуге бағытталған. Қ.Омаров осыған ұқсас жобаны Қазақстанда да іске асыру туралы өтініш білдірді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қ.Омаров 2024 жылғы 13-14 маусым аралығында бейбітшілік, ынтымақтастық және мультилатерализм қағидаттарын дамытуға бағытталған «Адамдарды шабыттандыра, халықтарды біріктіре отырып: жақсы әлемді бірге құрайық» тақырыбы бойынша Астана Халықаралық Форумы өткізілетінін атап өтті және ДЗМҰ Бас директоры Д.Тангты форум жұмысына қатысуға шақырды.
Кездесу соңында ДЗМҰ Бас директоры Д.Танг нәтижелі диалог үшін алғыс білдіріп, Қазақстанмен зияткерлік меншік саласындағы әріптестік қатынастарды одан әрі нығайту маңызын атап өтті. Тараптар ынтымақтастықтың келешегіне нық сенім білдіріп, әлемдік кеңістікте орнықты дамуға және ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ете отырып, инновациялық және жасампаз саланы дамыту мүддесінде өзара әрекеттесуді жалғастыруға ниет білдірді.