
Женева, 2026 жылғы 8 шілде – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-сериялы отырыстары аясында Қазақстан Республикасының «Kazakhstan. Heritage of the Great Steppe» ұлттық көрмесі ашылды.
Көрмені Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен «Қазпатент» ұлттық зияткерлік меншік институты Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) жанындағы Тұрақты өкілдіктің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шара ДЗМҰ штаб-пәтерінде өтіп, «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасымен және ұлттық гастрономия элементтері ұсынылған қабылдаумен жалғасты.
Экспозиция Қазақстанды Ұлы дала елі – кең көкжиектер, ежелгі білім мен бай мәдени жады мекені ретінде таныстырды. Келушілер тарихи жәдігерлермен, дәстүрлі әшекейлермен, ұлттық киім элементтерімен, визуалды материалдармен және қазақ мәдениетінің әсемдігі мен символизмін ашатын заманауи мультимедиялық форматтармен танысуға мүмкіндік алды.
Қонақтардың ерекше назарын Living Canvases жобасы аударды. Бұл – қазақ кескіндеме туындыларын қозғалыс, дыбыс, анимация және цифрлық технологиялар арқылы жандандыратын иммерсивті мультимедиялық формат. Жоба Қазақстанның мәдени мұрасын дәстүр, шығармашылық және инновацияны ұштастыра отырып, заманауи тұрғыда ұсынуға болатынын көрсетті.
«Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – оның рухани болмысы» деген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздері көрменің мазмұндық негізіне айналды.
Салтанатты рәсімнің музыкалық жалғасы ретінде «Joshy Qazaq National Group» ансамблі дәстүрлі қазақ аспаптары мен этникалық музыканың заманауи үнін ұсынды.
Қазақстанның ДЗМҰ алаңындағы ұлттық көрмесі жарқын мәдени оқиғаға және қазіргі қоғамның дамуындағы шығармашылықтың, зияткерлік меншіктің және креативті индустриялардың рөлі туралы халықаралық диалогқа маңызды үлес болды. Көрменің өткізілуі Қазақстанның ұлттық мәдениетті жаһандық деңгейде ілгерілетуге ұмтылысын айқындап, тарихи мұраға құрмет инновациялық болашақтың берік негізі екенін көрсетті.