
Женева, 2026 жылғы 7 шілде – AI for Good Global Summit 2026 саммиті аясында Қазақстанның «Kazakhstan – AI and Digital Hub of Eurasia» атты ұлттық павильоны ашылды. Ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен өтті.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО), ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Astana Hub пен KT-TELECOM өкілдері қатысты.
Павильон елдің цифрлық экожүйесін таныстырады – 25 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан цифрлық трансформациясының нәтижесі. БҰҰ электрондық үкімет дамуы индексі бойынша Қазақстан әлемде 24-орынды иеленеді және онлайн-қызметтер индексі бойынша жетекші он елдің қатарына кіреді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің шамамен 93%-ы азаматтар мен кәсіпкерлерге бірыңғай мобильді суперқосымша арқылы тегін және ешқандай шектеусіз ұсынылады.
Павильон экспозициясы үш тақырыптық аймаққа бөлінген. Innovation Cluster аймағы Қазақстанның ең ірі инновациялық кластері ретіндегі Astana Hub мүмкіндіктерін таныстырады. Резиденттер нөлдік салық режимінен, цифрлық кочевник визасы мен тұрақты жерінен, жеңілдетілген виза және еңбек рәсімдерінен, сондай-ақ экожүйеге қатысушыларға арналған заманауи жұмыс және тұрғын кеңістіктерден пайдалана алады.
GovTech аймағын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ұлттық суперкомпьютерлік кластермен бірлесіп ұсынады. Аймақта деректерден жасанды интеллектке дейінгі (data-driven GovTech, AI empowered) қағидатына сүйенген мемлекеттік цифрлық қызметтер архитектурасы демонстрацияланады. Дүниежүзілік банктің GovTech жетілу индексінде Қазақстан А тобына енген, ал БҰҰ электрондық үкімет дамуы индексінде 24-орынды иеленеді. Smart Data Ulttyq жобасы үлкен деректер саласындағы үздік аналитикалық шешім ретінде танылған. Елде 1 300-ден астам онлайн-мемлекеттік қызмет, Жасанды интеллекттің ұлттық платформасында 450-ден астам ЖИ-агент жұмыс істейді және 120 мемлекеттік деректер базасы бір жүйеге біріктірілген.
Data Center Valley аймағы KT-TELECOM компаниясының жобасына арналған. Жоба Қазақстандағы гипермасштабты жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытудың платформасы ретінде елдің ірі энергетикалық торабының бірі жанында қуаттылығы 1 ГВт-қа дейін болатын деректерді өңдеу орталығын салуды көздейді.
AI for Good Global Summit 2026 қатысушыларының ресми каталогы бойынша Қазақстанның ұлттық павильоны «Kazakhstan Pavilion» атауымен Astana Hub (Autonomous Cluster Fund) және KT-TELECOM LLP қатысуымен тіркелген.