
Лозанна, 2026 жылғы 6 шілде – Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада музейінде Қазақстан үшін айтулы оқиға өтті. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың формасы музей коллекциясына ресми түрде табысталды.
Бұл Халықаралық Олимпиада музейінде ұсынылатын Қазақстанның алғашқы әрі жалғыз формасы. Аталған музей – әлемдік олимпиадалық тарихтың басты орталықтарының бірі, онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрнекті спортшылардың ұлы жеңістері мен жетістіктерінің нышандары сақталады.
Салтанатты рәсім Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) «Көпірлер орнату: инновациялар мен шығармашылық – болашақ қоғамының қозғаушы күші» тақырыбындағы бейресми министрлік саяси диалогы аясында өтті. Талқылаудың өзегінде спорт, инновация, шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық елдерді біріктіруге, адам әлеуетін ашуға және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға қалай ықпал ететіні туралы мәселелер болды.
Іс-шарада Қазақстан атынан Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, сондай-ақ Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты.
Қазақстан үшін бұл күн шын мәнінде тарихи күн болды. Александр Винокуровтың олимпиадалық жеңіс тарихы енді әлемнің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған адамдар Олимпиада ойындарының мұрасымен танысатын жерде ұсынылады. Бұл – жеңіс, рух күші және өз еліне деген сенім туралы тарих. Ол музей келушілеріне Қазақстанды және спортшыларымыздың әлемдік аренадағы жетістіктерін еске салып тұрады.
Лозаннада сөйлеген сөзінде Александр Винокуров спорт адамның мүмкіндіктер шегін кеңейтуге үйрететінін, ал жеңіс ешқашан бір адамның ғана күш-жігерінің нәтижесі болмайтынын атап өтті. Әрбір жеңістің артында команда, білім, технология, еңбек және сенім тұрады. Ол бүгінде Қазақстан білімге, инновацияға және азаматтарының әлеуетін ашуға ерекше мән беріп отырғанын атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі алғаш рет қазақстандық олимпиадалық форма Халықаралық Олимпиада музейінде, әлемдік олимпиадалық қозғалыстың тарихын сақтайтын музейде өз орнын алғанын атап өтеді. Біздің еліміз үшін бұл – халықаралық мойындаудың маңызды нышаны әрі қазақстандық спорттың, қазақстандық чемпиондардың және Қазақстан туының әлемдік олимпиадалық тарихта лайықты орын алатынының дәлелі.