Қазақстан мен ДЗМҰ зияткерлік меншік, инновациялар және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен ДЗМҰ зияткерлік меншік, инновациялар және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Женева, 2026 жылғы 6 шілде – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-ші сериясы аясында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев және Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы және халықаралық экономикалық ұйымдардағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев бастаған қазақстандық делегацияның ДЗМҰ Бас директоры Дарен Тангпен кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі нәтижесі Қазақстанда ДЗМҰ Оқу орталығын құру жөніндегі ниет туралы хатқа қол қою болды. Бұл қадам ДЗМҰ Бас директоры Дарен Тангтың 2025 жылы Қазақстанға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың практикалық жалғасы болып табылады және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың адами капиталды дамыту, инновациялық экономиканы ілгерілету және ұлттық зияткерлік меншік жүйесін нығайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес іске асырылуда.

ДЗМҰ Оқу орталығын құру ұлттық зияткерлік меншік жүйесін нығайтуға және Қазақстанда зияткерлік меншік саласындағы құзыреттерді дамыту, тәжірибе алмасу және заманауи тәсілдерді ілгерілету үшін өңірлік алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін, оның ішінде инновациялық кәсіпкерлікті қолдау, креативті индустрияларды дамыту, құқық қолдану практикасын нығайту, кадрлар даярлау, сондай-ақ зияткерлік меншік саласында жасанды интеллектіні қолдану бағыттарын талқылады.

30 маусымда іске қосылған «Стартаптарды қолдауға арналған жасанды интеллект» жобасына ерекше назар аударылды. Қазақстан бұл жобаны технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға, стартаптардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және олардың жаһандық нарықтарға шығуына ықпал ететін практикалық құрал ретінде қарастырады.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен ДЗМҰ әріптестігінің практикалық нәтижелерін, оның ішінде зияткерлік меншік компоненті бар Ұлттық инновациялық стратегияны әзірлеу, білім беру бағдарламалары, мамандарды, судьяларды және құқық қорғау органдары өкілдерін даярлау жөніндегі бастамаларды атап өтті.

Сонымен қатар, Ассамблеялардың ағымдағы сериясы аяқталғаннан кейін Қазақстан Орталық Азия, Кавказ және Шығыс Еуропа елдері тобының үйлестірушісі функцияларын қабылдайтыны атап өтілді. Бұл рөлде Қазақстан өңір мемлекеттері арасындағы кәсіби диалогты дамытуға, бірлескен бастамаларды ілгерілетуге және практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесуге ниетті.

Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Қазақстанның ДЗМҰ Бас Ассамблеясына қатысуы елдің заманауи әрі бәсекеге қабілетті зияткерлік меншік жүйесін қалыптастыруға деген дәйекті ұстанымын көрсететінін атап өтеді.

Бүгінде зияткерлік меншік Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіден бастап стартаптарды, ғылымды, спортты, креативті индустрияларды және халықаралық ынтымақтастықты қолдауға дейінгі кең мемлекеттік күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналып отыр.