Қазақстанның Тұрақты өкілі ДСҰ-ны реформалау жөніндегі фасилитатор болып тағайындалды

Қазақстанның Тұрақты өкілі ДСҰ-ны реформалау жөніндегі фасилитатор болып тағайындалды

Женева, 2026 жылғы 26 маусым – Бүгін Женевада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ең маңызды процестерінің бірін – оның реформасын жетекшілікпен алып жүретін бес дипломат айқындалды.

ДСҰ Бас кеңесінің төрайымы Клэр Келли (Жаңа Зеландия) реформалау бойынша келіссөздердің мазмұнды кезеңіне өтуге жәрдемдесетін бес фасилитаторды таныстырды. Қазақстан Республикасының ДСҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Малайзия, Жапония, Ботсвана және Перу Тұрақты өкілдерімен бірге фасилитатор ретінде тағайындалды.

Тағайындау ДСҰ Бас кеңесі төрайымы мүшелерге кандидатуралар ұсыну туралы өтінішінен кейін жүргізілді. Консультациялар нәтижесінде мүше мемлекеттер жоғары беделге ие, айтарлықтай тәжірибесі бар және ұйым жұмысына белсенді қатысатын бес Тұрақты өкілдің тағайындауын бірауыздан қолдады. Барлық фасилитаторлар өз міндеттерін жеке тұлға ретінде және тең негіздерде атқарады.

ДСҰ-ны реформалау ұйым жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады және қазіргі жаһандық экономика жағдайында оның тиімділігін арттыруға бағытталган. Талқылаулардың орталығында шешім қабылдау тетіктерін жетілдіру, көпжақты келіссөздерді дамыту, барлық мүшелердің мүдделерін теңестіру, арнайы және дифференциалды режим мәселелері, тең бәсеке жағдайларын қамтамасыз ету және көпжақты сауда жүйесінің негізгі қағидаттарын нығайту мәселелері тұр.

Қайрат Төребаевтың тағайындалуы ДСҰ мүшелерінің жоғары сенімінің және оның ұйым қызметіне қосқан белсенді үлесінің мойындалуының айқын дәлелі болып табылады. 2025-2026 жылдары ол ДСҰ Сауда саясатын шолу жөніндегі органына төрағалық етіп, Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шыққаннан кейінгі алғашқы сауда саясатын шолуын қоса алғанда, бірқатар маңызды шолуды жетекшілікпен өткізді.

Қазақстан ашық, болжамды және ережелерге негізделген көпжақты сауда жүйесін нығайтуды жүйелі түрде қолдап келеді және Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалауда конструктивті диалогты ілгерілетуге белсенді үлес қосуды жалғастырады.